Атқарылған жұмыстар, алдағы жоспарлар
Өткен тоғыз айда Хромтау ауданына 162 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл — облысқа тартылған жалпы инвестицияның 28,2 пайызы.
Осы аптада өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов өңірде биыл тоғыз айда атқарылған жұмыстарға есеп беріп, келер жылдың жоспарларымен бөлісті.
Өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы бағытындағы аудан халқының 99,7 пайызы газбен қамтылған. Аудан әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін Хромтау қаласындағы Заготзерно көшесі бойында газ құбыры желілерін салу жұмыстары аяқталады.
— Аудандағы 28 елді мекеннің 24-іне газ тартылды. Кіші Тассай, Көктерек, Ойсылқара, Жайлаусай, Көптоғай сияқты тұрғындары аз ауылдарға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу тиімсіз, — деді ол.
Брифингте ауданда әр салаға қатысты атқарылған жұмыстар жан-жақты баяндалды. Спикер журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.