Мәртөктегі мерейтой күндері
Баспасөз — 2025
«Ақтөбе» газетінің жүз жылдығы Мәртөк ауданында жалғасты. Алғашқы мәдени шара Байғанин ауданында өткен болатын. Елімізде болған су тасқынына байланысты мерейтойлық іс-шаралар кейінге шегерілген еді.
Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосатын «Ақтөбе Медиа» ЖШС өкілдері жергілікті оқырманмен кездесулер өткізді.
Ең алдымен «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р.Отыншин бастаған делегация Мәртөк ауданының Бұлақты, Қаратоғай ауылдарына барып, «Родники Агро» ЖШС мал шаруашылығы кешенінің және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жұмысымен танысты.
Жүз жылдық аясындағы мерейтойлық кездесу Мәртөк аулындағы Қамбар Медетов атындағы балалар өнер мектебінде өтті. Басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, «Тілеу батыр» қоғамдық қорының төрағасы Қанатбай Елеусізұлы, «Үш таған» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ертай Ашықбаев, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен
Гүлсім Назарбаева сөз сөйлеп, ақпараттар ағынынан рухани азық болатын, ізгілік нұрын себетін дүниелер іздейтін оқырманға ризашылықтарын жеткізді.
— Қазір жаһандану заманында ақпараттар ағыны көп. Біздің басылымдар үйлеріңізге өңірдегі жаңалықтарды жеткізіп, сіздер үшін қызмет етіп жатыр. «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері — уақыттың талай сынынан халықпен бірге өтіп келе жатқан басылымдар. Бүгінгі буын журналистерінің де басты мақсаты — ғасырлық тарихы бар газет шежіресін одан әрі қалың оқырманға жеткізу. Қазір газеттің 15 мыңға жуық оқырманы бар. Бұл — республика бойынша жақсы көрсеткіштердің бірі. Оқырманмен арадағы байланысты нығайта түсу үшін аудандарда газет күндерін өткізіп, түрлі мәдени іс-шаралар, кездесулерді үзбей ұйымдастырып жүрміз, — деді Р.Отыншин.
Іс-шара соңында баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытқан Әсет Нығметов, Ақмарал Мұқанова, Айдай Досқалиева секілді газет оқырмандары «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Р.Отыншиннің Алғыс хатымен марапатталды.
Құрамында 32 елді мекені бар Мәртөк ауданының бірнеше ауылында жүзеге асырылып жатқан игілікті істер мен аймақтың тыныс-тіршілігі туралы жазылған материалдың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ақмарал МҰҚАШЕВА,
Мәртөк ауданы.