Қамқорлық жалғаса береді
Әлеуметтік қолдау
Облыста тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, облыста мүгедектігі бар 30241 адам тұрады, оның 5 305-і — балалар. Жыл басынан бері портал қызметтерін ерекше қажеттіліктері бар 20 166 адам пайдаланған. Биыл әлеуметтік қызметтің 55 түрі техникалық оңалту құралдары және санаторлы-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді.Сонымен қатар әлеуметтік қызметкердің үйдегікөмегі 388 ерекше балаға және 1655 жалғызбасты қарт адамдар және мүгедектерге көрсетіледі.
— Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 8 қоғамдық ұйым ерекше білім беру қажеттілігі бар 378 балаға оңалту көмегін көрсетеді. Сондай-ақ мүгедектігі бар 743 ақтөбелік әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында стационарлық жағдайда арнайы әлеуметтік қызмет алады. «Инватакси»қызметі үзіліссіз жұмыс істейді. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі 1 849 адам инватакси қызметін пайдаланады. Арнайы көтергішпен жабдықталған 9 автокөлік қызмет көрсетеді,— деді Ләззат Оразбаева.
Басқарма басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне де тоқталды. Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен мүгедектігі бар 1 449 адам қамтылды. Оның 450-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, 410 адам субсидияланған жұмыс орындарына жіберілді. Тағы 473 азамат «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті, 92 адам өз бизнесін ашуға грант алды.
— 2024 жылы жұмыс берушілердің мүгедектігі бар жандар үшін жұмыс орындарын құру жөніндегі шығыстарын субсидиялауға 14,1 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Есепті кезеңде 6,8 миллион теңгеге 8 арнайы жұмыс орны құрылды. 70 кәсіпорында мүгедектігі бар 147 адамға квота белгіленді. Квотамен бүгінде 64 адам жұмысқа орналастырылды,— деп атап өтті басқарма басшысы.
Сонымен қатар Есет батыр шағын ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жалғасуда. Нысанды 2025 жылы тапсыру жоспарланып отыр.
Баяндамашы сөзін тыңдай келе, облыс әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарға объектілергекедергісіз кіру, бейімдеу бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды. Бүгінгі таңда облыста жоспарланған 1292 нысанның 874-і бейімделген. Сондай-ақ оларға қоғамда инклюзивті орта құру жөніндегі жұмысты күшейту және денсаулық сақтау, білім беру мекемелерімен неғұрлым тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ету тапсырылды.
А.ІЛИЯСҚЫЗЫ.