«Өз тіліңді құрметте»
Байқау
Шығармашылық академиясында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамындағыхалықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымы және облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Халық қазынасы» атты байқау өтті.
Іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарыныңстуденттері қатысты.
Аталған байқаудың мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту. Байқаудың ашылуында сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева:
— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жобаларға қаржы бөлініп, тек мекеме ішінде ғана емес, облыстық деңгейде жобалар ұйымдастыруға қолдау білдіруі құптарлық іс деп есептеймін және алғысымды білдіремін.
Бүгінгі таңда тұрғындар арасындағы рухани бірлікті нығайту, бәсекеге қабілетті тұлғаларды тәрбиелеу, жастарды көп тілді меңгеруге ынталандыру — біздің басты мақсатымыз. Ана тіліміздің мәртебесін арттыру жолында аянбай еңбек етіп, еліміздің мақтанышы болуларыңызға тілектеспін!,—деп қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан соң Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның Қауіпсіздікті үйлестіру жөніндегі бас инспекторы Абай Сақтағанов «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Ли Шуфэнніңеліміздің мемлекеттік саясатын жүргізуге әрқашан қолдау білдіретінін, қазақ тілінің мәртебесін көтеру бағытындағы жобаларға қаржы бөлетінін айтты.
Байқауға Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарының жастары қатысты.
Олар ережеге сәйкес үш тапсырма орындады. Әуелі белгілі қаламгерлердің шығармаларынан көрініс қойды. Сосын үйге берілген тақырыптарға сәйкес әзірлеген бейнероликтерін көрсетті. Үшінші кезеңде «тарих», «әдебиет», «музыка», «география», «салт-дәстүр, әдет-ғұрып» тақырыптарының бірін таңдап, сұрақтарға жауап берді.
Марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қазақ тілі халқымыздың рухани байлығы, баға жетпес асыл мұрасы екенін, әр азамат өзінің ана тілін көзінің қарашығындай сақтауға және қадірлеуге тиіс екенін айтып, барлық кезеңде үздік көрінген «Жұбановшылар» командасынаІ орынның жүлдесін тапсырды. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің студенттерінен құралған «Шипагер» командасы мен «СНПС жалындары» командасына ІІ орынның жүлдесін облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева мен қалалық мәслихаттың төрағасы Анар Даржанова табыстады. ІІІ орынды иеленген «Қырандар» мен «Бірлік»командаларына жүлделерін қалалық мәслихаттың депутаты Абай Сақтағанов пенхалықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасыРоман Рахиев табыс етті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.