Әйтеке би ауданының күндері өтті
«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясындағы Ақтөбедегі Әйтеке би ауданының күндері өткен сенбі күні жалғасты. Ертеңгілік «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, «Үміт» сәбилер үйінде қайырымдылық акциясы, сондай-ақ осы өңірден шыққан өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, көпшіліктің көңілінен шықты.
«ТАБЫСТАҒЫ» ЖӘРМЕҢКЕ
Бұл күні Әйтеке би ауданының 15 ауылдық округінен келген шаруа қожалықтары ақтөбелік тұрғындарға өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкені облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин аралап, сатылымға қойылған өнімдердің сапасы мен бағаның тұтынушыларға қолжетімділігін тексеріп шықты.
Әйтеке биден келген өнімдердің арасында, әсіресе, ет, жаңа технологиямен жасалынған қымыз бен тамшылатып суару әдісі арқылы өсірілген қарбыздарға сұраныс жоғары болды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімовтің айтуынша, бұл жәрмеңкеге 3 тонна сиыр, 1,2 тонна қой, 0,9 тонна жылқы және 100 килограмм құс еттері әкелінген. Сондай-ақ сүт өнімдерінен 400 литр қымыз, 800 килограмм май-қаймақ, 750 килограмм құрт-ірімшік пен 750 килограмм тары-жарма сатылды.
— Жәрмеңкеде жылқы етінің бір килограмы — 1500 теңге, сиыр еті — 1250 теңге, ал қой еті —1000 теңге бағамен сатылды. Ертеңгілік базарға жиналған тұрғындардың қарасы көп, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімов.
Қарабұтақ ауылынан келген «Саламат» шаруа қожалығының басшысы Иман Байдрахманов:
— Бүгінгі жәрмеңкеге жылқы және қой етін әкелдім. Өнімдеріміз жақсы өтіп жатыр. Мұндай жәрмеңкелерді қала тұрғындары асыға күтеді, — дейді.
Жәрмеңкеде тұрғындар қарбыз және қымыз сатып алуға ұзынсонар кезекке тұрды.
Жаңа технологиялық жабдықтармен өндірілген дәмді қымыз Ақтасты ауылынан әкелінген. Ал қарбыздың бір келісі 65 теңгеден, барлығы 4,5 тонна қарбыздың голландиялық түрі сатылымға шықты.
БАЛАЛАР ҚУАНЫШҚА БӨЛЕНДІ, ПАЛУАНДАР БЕЛДЕСТІ
Бұл күні түске дейін «Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбе қаласындағы «Үміт» балалар үйінде «Шын жүректен» атты қайырымдылық акциясы өтті.
Шараға Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов қатысып, балалар үйіне қаржылай көмек көрсетті. Балаларға ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен көңілді концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сондай-ақ кешқұрым Тұңғыш Президент атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында балаларға қызықты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шара барысында спорттық ойындар, асфальтқа сурет салу байқауы өтті. Мерекелік шарада балаларға тегін балмұздақ таратылып, байқау жеңімпаздары Алғыс хаттармен қоса бағалы сыйлықтарға ие болды.
Орталық саябаққа жиналғандарды ерекше қызықтырғаны — қазақша күрес пен қой көтеру жарыстары.
70 келіге дейінгі палуандар арасында қазақша күрестен жарыс өтіп, 17 палуан боз кілемде бақ сынады. Жарыс нәтижесінде, Әйтеке би ауданының спортшылары Әлфараби Бимағанбет жеңімпаз атанса, Айбек Жолдыбай екінші орынды еншіледі. Ал Темір ауданының палуаны Нұрлан Шортанбаев үшінші орынға қол жеткізді.
Қой көтеру жарысына 9 палуан қатысты. Олардың ішінен Сағит Есмаханов 64 рет көтерді. Қатысушылардың арасында үздік танылған ол бір қойды қанжығасына байлады.
«АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІКТІҢ МЕКЕНІ»
Ақтөбедегі Әйтеке би ауданы күндері «Астана қаласының 20 жылдығына 20 тарту» тақырыбындағы көрмемен жалғасты. Шараны облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев және Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов тамашалады. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Самал Бекенбаеваның айтуынша, аталған көрме Елордамыздың 20 жылдығы, «Рухани жаңғыру», «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым» бағдарламалары аясында ұйымдастырылған.
Көрмеде ұлттық тағамдар мен ұлттық нақыштағы киімдер, кітап көрмелері ұсынылды. Әбілқайыр ханның — 325, Т.Жүргеновтің — 120 және Т.Ахтановтың 95 жылдықтарына орай ауданда атқарылып жатырған игі істер қамтылған 20 баннер қойылды. Сондай-ақ дарынды, шебер балалардың қолөнер бұйымдары жасақталып, орнатылды.
Северный орта мектебінің оқушылары еңбек пәнінен Самат Назаровтың жетекшілігімен дайындаған музыкалық аспаптар мен қазақтың ұлттық бұйымдарын көрмеге ұсынды.
Әйтеке би ауданы күндері «Адалдық пен әділдіктің мекені» атты көркем өнерпаздардың гала-концертімен аяқталды. Кеш шымылдығын халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Дәулетбек Қартпайдың орындауындағы «Әйтеке би вальсімен» ашылды.
Сондай-ақ кеш барысында «Дала сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің және «Наз-Ерке» халықтық би ансамблінің өнеріне, Шолпан Берсүгірова, Гүлайым Пірмағанбетова, Рауан Әбдішайым, Самат Ысқақ сынды т.б. әншілердің әуезді әндеріне жұртшылық ерекше қошемет көрсетті.
Шара барысында үлкен экраннан Әйтеке би ауданы туралы бейнебаяндар көрсетіліп, түрлі театрландырылған көріністер ұсынылды.
Әсем ән мен күйге бөленген мерекелік шарадан жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.