Әдебиет

«Ақбұлақ» атын танытқан…

Не тындырдым халқымның мен алдында —

Әнімді айтар, жырымды айтар,

Жоқпын ба, мен бармын ба?

Бұл — қазақтың көрнекті сазгер ақыны Бәкір Тәжібаевтың Алматының қыр беткейі — Кеңсайдағы құлпытасындағы жазу.

Мұнда ақынның өткен өміріне деген өкініші бар. Неге?

Әдетте халқы үшін бойына біткен талантымен тебірене жұмыс жасағанымен, сол еңбегі тірісінде жете бағаланбай өтетін тұлғалар болады. Солардың бірі — сегіз қырлы, бір сырлы Бәкір Тәжібаев. Өз шығармашылығымен ел жүрегінде сақталып қалған ақын, сазгер, драматург, актер Бәкір Тәжібаев ән әлемінде 130-дан астам шығарма жазған. Ол сөзін жазған «Іңкәрім-ай», «Әлия», «Бозторғай», «Елігім-еркем», т.б. әндері талай әншінің бағын ашты.

Роза Бағланова, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева есімдері Бәкір әндерімен жаңа қырларынан жарқырай түскен сәттер болды.

Ал Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде ол оқырман қауымға «Қара торғай», «Біздің Роза», «Сахна жұлдыздары», «Балбұлақ», «Ән-дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушысы», т.б. жинақтарын ұсынды. Жаңа қырынан көрінді…

Бәкір әлемі

Бәкір шын мәнінде сырлы әуенді сазгер. Ән табиғатын терең түсінетін, әуенге сөз жазатын нағыз шебердің бірі. Оның әнге жазған 130-дан астам өлеңі бар. Зерттеуші Орал Байсеңгір ақынның отбасындағы шығармашылық құжаттармен танысқанда орындаушысы жоқ болғандықтан, көптеген әндерінің қағаз жүзінде қалғандығын дәлелдейді.

Қазақтың белгілі композиторлары Сыдық Мұхамеджанов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Теміржан Базарбаев, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Төлеген Мұхамеджанов, Досым Сүлеев Бәкірдің өлеңдеріне қалың қазақтың құлақ құрышын қандыратын әндер жазды. Сол әндер қаншама жылдар өтсе де, радио, көгілдір экран және жер-жердегі ауыл сахналарында әлі күнге орындалып келеді. Олар жұртшылық тамсана тебірене тыңдайтын дүниеге айналды. Бірақ Бәкір көзі тірісінде көзайым болар қуанышқа бөлене алмады. Бұл — таланттың тағдыры. Өкінішті жайт. Тіпті оның елу, алпыс жылдық мерейтойлары да аталып өтілмеді.

Өмірде өте қарапайым талант иесі ешкімге қолқа салмаған. Атақ-марапатты да алған жоқ. Тек сахна төрінен шырқалған әндері қалың жұртшылыққа ерекше көңіл күй сыйлады. Туған жеріне келіп, құрметке бөленбеді. Бұл — Бәкір жанын шын түсінгендер сыры әрі ақиқат.

Өмір дерек

Биыл ақын сазгер Бәкір Тәжібаевтың туғанына 95 жыл. Бір сәт шегініс жасап, оның әлеміне үңілелік. Елге белгілі Жарқамыс деген жерден алты шақырымда Ақбұлақ деген мекен бар. Қасында баһадүр Бөкенбай батыр жерлеген қорым қыр басында. Төменде әлемге танылған мөлдір сулы Ақбұлақ жарқырап жатыр. Бүгінде ол туған жерде Бәкірдің бала күнінде сырласы болған жалғыз ағаш пен шилер және төмпешікке айналған үйлер орны ғана үнсіз ойлы қалыпта, бірақ тіл қатпайды. Ақынның көзі тірі қарындасы Қибаттың айтуынша, бала Бәкір Ақбұлақта 10 жасқа дейін тұрған. Сол жердегі Құр Бөкенбай атындағы бастауыш мектепте оқыған. Қатар құрбылары асық ойнап, асыр салып жүрсе, өз ойына берілген Бәкір қамыстан сыбызғы жасап алып, ән әуеніне келтірсе, енді бірде шиден домбыраның  сұлбасын жасап, өзі білетін әндерге әуестік танытады екен.

Әкесі Төлеу тамақ ішуге шақырғанда үйге келе жатып та өнерін көрсететін-ді дейді. Әулеттегі арғы атасы Тәжібай қолынан қоңыр домбырасын тастамаған жан болған. Сол қасиет Бәкір мен оның інісі Мырзағалидың бойына сіңген.

Алғашқы ұстазы Боранбай Білиев деген мұғалім екен (Ол әйгілі академик, ғылым докторы Назарбай Білиевтың туысқаны). Назарбай ағаның айтуында, ол кісі екі жылдық педагогикалық курсты бітірген. Ырғызда, Қызылбұлақ жерінде мұғалімдік қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Бәкір бастауыш мектептен соң Ақтөбедегі ағасы Селбайдың қолына барып, қаладағы №6 мектепте оқып, бітіріп шығады. 1950 жылдары Алматы көркемсурет училищесі жанындағы кино актерлық бөлімінде оқиды. Содан соң Жамбыл, Шымкентте актер, Абай атындағы қазақ опера-балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық шығармашылық үйінде, республика театр қоғамында жұмыс жасап жүріп, ән әлеміне кең құлаш сермейді. Бәкірді танитындар оның турашылдығын, қарапайым мінезі мен көпшілікпен сырласа білетіндігін ерекше ілтипатпен тілге тиек етеді. Ақынға туысқан болып келетін Ақтөбе қаласының тұрғыны Баян Селбайқызы «Бәкір де, Мырзағали да жасынан турашыл еді» деп еске алады. Оның анасынан естігені, Бәкір қалада оқығанда кейде ыдыс-аяқ қақпағын тарсылдатып әуенге салады екен. Алматыға отбасымен барғанда міндетті түрде театрға апарып, көрген спектакльге жұрт риза болып жатса, ол кей жерін сынайтын еді дейді.

Сырлы әуендер еске түскенде

Қазақтың Шәмшісінің әндері секілді Бәкірдің ән фестивалі неге өткізілмейді деген ойға қаламыз. Осыдан біршама жылдар бұрын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нәзира Табылдинованың ұйымдастыруымен Байғанин аудандық Мәдениет үйінде облыстың 6 ауданы көркемөнерпаздары мен көршілес Атыраудың Миялы өңірінің әншілері бас қосып, Бәкір әндерінің фестивалі өткізілді. Ол көпшілікті риза етті. Бірақ ол бастама кейін жалғасын таппады.

Биыл сазгердің туғанына 95 жыл. Оны неге қолға алмасқа деген ой мазалай берген соң облыстағы мәдениет саласының басшысы Алтынай Юнисованың алдына мәселе етіп қойдық. Кең көлемді жоспар жасалынды. Осы ретте ақынның туысқандары Амантұрлы Бақтығалиев, келіні Жанна Әмірқызы 95 жылдыққа орай Бәкірге арналған шаралар бір Байғанин ауданында ғана емес, қалған өңірлерде де өтсе деген ойын білдірді.

Әлемге әйгілі әнге айналған Ақбұлақ маңайын көркейту осыдан сегіз жыл бұрын қолға алынды. Табиғаты керемет өлкенің басында Бәкір әуендері шырқалар күн қашан болады деп ойға шомамыз. Жыл санап бір іс қосымша атқарылады. 2019 жылы жақсы істің басы-қасында жүретін ел азаматтары Ізімғали Көбенов, Серік Әбілжанов Ақбұлақ басына жас шыбықтар екті. Алайда су дәл іргесінде болғанымен, жергілікті әкімшілік назарынан тыс қалып, талдар бой көтермеді. Өткен жылы Жарқамыс ауылдық окуругының әкімі Асылхан Жұбаналин Ақбұлақ басына ауыл малы көп келіп, бұлақ көзін таптап тастайтын болғандықтан қоршау жұмыстарын жүргізді.

Әдебиет пен өнер — тәрбие бесігі. Осыны үнемі назарда ұстасақ.

Зерттеу аз ба, әлде…

Тұлғаны таныта білу үшін зерттеу де, зерделеу де қажет. Бұл ретте айтарымыз Бәкір Тәжібаевтың 80 жылдығына орай жерлес әнші, өнер зерттеушісі Орал Байсеңгір Бәкірдің отбасында болып, көп нәрсенің бетін ашып, ол пайдаланған дүниелерді облыстық мұражайға табыстады.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова осыдан бірер күн бұрын Бәкір Тәжібаевтың 95 жылдығын атап өтуге орай келелі кеңес құрды. Онда ақынның көзін көрген шығармашылық иелерімен және туысқандарымен онлайн байланысы бойынша жүздесулер өткізуді жоспарға енгізді. Ақбұлақ басын абаттандыруға байланысты ой бөлісті. Ақынның драмалық шығармаларын баспадан шығару жайын қозғады. Онда сазгерді жете танитындардың естеліктері жарияланса деген ұсыныс қолдау тапты. Сонымен қатар ақынның  бүкіл өмірі өткен Алматы қаласына шығармашылық топты зерттеуге іссапарға жіберуге орай пікірін білдірді. Облыстағы кітапханалар мен мәдениет орындарында кең көлемде шаралар өткізуге орай жоспар белгіленді. Бұл биылғы жылдың сәуір-қыркүйек айлары арасында өтпек.

…Өткен жылдың күзінде «Ақтөбе» газетінің Байғанин ауданындағы күндерінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС Бәкір Тәжібаев атындағы сыйлық белгілеп, оны бәкіртанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгірге ұсынды.

Жарқамыс жерінде:

Буырқандың, ағыс болып атылдың,

Жүрегіне жылу жайып жақынның.

Күллі қазақ өзеніне айналды —

Бұл күндері «Ақбұлағы» Бәкірдің, —

деген жыр шумақтары оқылды.

«Ақбұлақ» атын алыстарға танытқан арқалы ақын есімі жарқырай түсетініне сенгіміз келеді.

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button