Экономика

Биыл кәсіпкерлік нысандарының саны 5,3 %-ға артқан

Кеше облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов «Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының іске асырылуы» тақырыбында тікелей эфир өткізді.

Оның айтуынша, өткен жылы облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында 2416 жоба жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 45%-ға артқан.

Жылдық жоспар 64%-ға асыра орындалып, 933 кәсіпкердің жобасы қолдауға ие болған.

— Былтыр облыста «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасын іске асыруға 4,8 миллиард теңге қарастырылып, 901 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Бағдарлама бойынша өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 20 миллион теңгеге дейінгі мөлшерде «кепілсіз» микроқаржыландыру қолға алынды. Кәсіпкерлерді қолдаудың бұл түрі өте ыңғайлы. Себебі субсидиялау туралы шешімді «Даму» қорының қатысуынсыз банктер дербес қабылдайды. Қазіргі кезде осы бағдарлама аясында 764 жобаға қолдау көрсетілді. Аталған жобалар бойынша облыста Мұғалжар, Шалқар және Алға аудандары көш бастап тұр, — деді ол.

Тікелей эфир барысында басқарма басшысы кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір құралы – гранттар ұсынуға ерекше тоқталып өтті.

Оның айтуынша, биылғы жылы грантқа өтінімдерді қабылдау тамыз айында «Қолдау.КЗ» платформасы арқылы іске асырылады. Сондай-ақ бұл мақсатқа 140 млн теңге бөлінген, бұл шамамен 30 жобаны қолдауға мүмкіндік береді.

— Сонымен қатар биыл мемлекеттік қаражат есебінен барлық (газ, су, кәріз, телефон, бу қазандықтары және басқа да түрлері)  инженерлік желілердің құрылысы мен қайта жаңартылуы жүзеге асырылмақ, қолдау шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіледі. Бағдарламаның негізгі шарттары мен талаптарына тоқталсақ, біріншіден, ауданда жетіспейтін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бизнестің барлық түріне шектеусіз көрсетіледі. Инженерлік желі құнының ең жоғары мөлшері — 1 миллиард теңге. Бағдарламаның бірден-бір талабы — салынған құрылыстың құны инвестиция мөлшерінің 50 пайызынан аспауы керек. Мысалы, инвестиция мөлшері 300 миллион теңге болса, инфрақұрылым құрылысының құны 150 миллион теңгеден аспауы тиіс.  

Жалпы өңірде алдағы уақытта құны 50 миллион теңгеге дейінгі жобалар облыстық бюджет аясында, ал құны одан жоғарылары республикалық бюджет есебінен салынады, — деді басқарма басшысы.

Өткен жылы облыста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыруға 59 млрд теңге несие мөлшеріне 219 жоба мақұлданған. Биылғы жылы  12,6 млрд теңгеге 14 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында 2,2 млрд теңге қарастырылып, 18 жоба жүзеге асырылған.

Тікелей эфир соңында басқарма басшысы биыл өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 5,3%-ға артып, жалпы саны 62,4 мыңға жеткенін, бұл көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы елімізде 3-орында тұрғанын айтты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button