Білім

Балдырған

Менің Қазақстаным

Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті жақында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары шәкірттерінің арасында тәуелсіз мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы туралы эссе жазудан сайыс өткізген болатын.

«Балдырған» бүгіннен бастап сол сайыста өз ой-пікірлерін тартымды жеткізе білген оқушылардың балаң туындыларын ұсынып отырмақшы.

Елімізге ризамыз

Мен қазір кең байтақ елім — Қазақстанда өмір сүріп жатқанымды мақтаныш етемін.

Өйткені тәуелсіз елімізде көп ұлтты адамдар тұрады және олар тату-тәтті өмір сүруде. Мектеп-интернатымыздағы оқушылар да бір-бірімен дос. Басқа ұлт өкілдері қазақша сөйлейді және қазақтың ұлттық билерін билейді.

Мен өз Отанымды сүйемін. Өйткені тәуелсіз елім Қазақстанда, елордамыз Астанада желтоқсан айында ЕҚЫҰ Саммиті өте жоғары дәрежеде өтті. Еліміздің халықаралық беделі мен мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы ерен еңбегін бүкіл халық мойындады. Бұл еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тәуелсіздікті нығайтуға қосқан мол үлес деп айта аламын.

Біз, яғни тәрбиеленушілер қазір тегін білім және өнегелі тәрбие алып жатырмыз. Біз Тәуелсіздік күнін жақсы оқумен, үлгілі тәртіппен қарсы алдық.

Тәуелсіз Қазақстан, біз саған ризамыз. Еліміз әлі де өсіп, көркейе берсін!

Ержан СҰЛТАНОВ,

Тамды көмекші мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Туған ел

Біздің қадамдарымыз

Еліміздің өз алдына енші алып, іргесін тіктегеніне 19 жыл толды. Өзінің мұнайымен, байлығымен, қонақжайлылығымен, қарқынды дамыған экономикасымен еліміз өзге елдерге үлгі болуда.

Соның айқын дәлелі — күні кеше ғана өткен Саммит. Төрткүл дүние көз тіге қараған Саммиттің жоғары деңгейде өткені телеарналардан көрсетіліп, БАҚ-та кең насихатталып жатты.

Болашаққа нық қадам басқан еліміз қысқы Азиада ойындарына дайындық үстінде. Спортшыларымыз еліміздің көк байрағын желбіретуге әзірленіп жатыр. Еліміздің әнұранын шырқатып, көк байрағын жоғары ұстауда спортшыларымыздың үлесі зор екенін бәріміз білеміз. Сондай сәттерде ел болып телеарналарға телміреді. Кеше ғана Қытайдан алтын медальмен оралған Ринат Сағындықов ағамыздың жеңісінің өзі неге тұрады?!

Еліміздің бұдан басқа да ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік. Мұның бәрі халқымыздың ауызбіршілігінің молдығы, Елбасымыздың темірқазықтай жол сілтеп отырған бағытының арқасы.

Менің туған жерім Ақтөбе қаласы да күннен-күнге көркеюде. Жаңа ғимараттар салынып, қаламыз абаттануда. Туған еліміздің көркеюіне кішкене болса да үлес қосу үшін мен де, құрбыларым да сабақты жақсы оқып, еліміздегі жастардың білімді, озық ойлы екенін дәлелдегіміз келеді.

Мен келешекте де халқымыздың тап қазіргідей тату-тәтті, шат-шадыман өмір сүргенін қалаймын. Ал жастарымыз «Тәуелсіздік» ұғымының қадір-қасиетіне бойлап, еліміз үшін тер төксін!

Алтынзер ЖҰМАМҰРАТҚЫЗЫ,

М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының 5-сынып оқушысы.

Тіл

Болашақтың бағасы

Адам баласы ес білгенінен бастап, айналасындағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, олардың мәнін түсіне бастайды.

Қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, рухани байлықтарды да туған тілінің күшімен игеріп, игілігіне жаратады. Тіл арқылы айналасындағылармен сөлесіп, ойын жеткізеді, пікір алысады.  Ал өзінің ана тілін қадірлемеген адам өзін дүниеге әкелген анасын да, ел-жұртын да, Отанын да сүйе алмайды.

Туған тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ  бағамдап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Тіл қылыштан да өткір», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Өнер алды — қызыл тіл» деп, оның қадір-қасиетін жоғары бағалауы да тегін емес.

Біздің мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі. Қазақ тілінің тағдыры үшін қаншама ұлы тұлғаларымыз, ақын-жазушыларымыз құрбан болды десеңізші?!  Тіл тағдырын тек ақша шешпейді. Оның тағдыры барлық қазақ ұлтының қолында. Ана тіліміздің биіктен көрінуі, алдымен өзіміздің қазақша ойлап, қазақ тілінде сөйлесуімізден басталады. Қазақ болып жаратылып, қазақ болып туылған екенбіз, ендеше, біздің бір ғана тіліміз бар. Ол — қазақ тілі. Мен елімізде ана тіліміздің дамуы мен оның болашағы үшін алаңдап жүрген Мұхтар Шаханов секілді ағаларымыздың ісін жоғары бағалаймын. Шіркін, бар қазақ ана тілі үшін солай күресе білсе ғой!..

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тілінді құрметте!» демекші, неше тіл білсек те, ана тілімізді қастерлеп, айбынын асқақтата білейік!

Жансая ТАЖМҰХАН,

Басқұдық орта мектебінің  оқушысы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Отан

Отан ыстық бәрінен,

Отанда өткен әр күнің

Ашылған бір гүлмен тең.

Отанда өткен әр күнің

Жарқыраған Күнмен тең.

Отан, Отан — жан мекен,

Отансыз адам бар ма екен?!

Жанбота ЖУКЕН,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Ұстаз

Білім берген баршаға,

Ұстазым менің, шаршама.

Өзің баптап көктедім,

Алғыстарым көп менің.

Орынай МЫРЗАЛИЕВА,

Черновод орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button