Білім

Ғасырлық мектептің жаңғыру жолы

Шәкірт ойы

Мектеп — бізүшін алтын ұя, балалық арманымызды ұштап, көкжиегімізді кеңейтетін қасиетті мекен. Саналы да салиқалыұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен ұлағатты ұстаздар шоғырланған білім ордасы әркімнің жүрегіне жақын.

Мен білім алатын мектеп Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында орналасқан. Бұл — туған топырағымыздан түлеп ұшқан, «Маржан жырды ңмәртебелі дегдары» атанған ақын Қуандық Шаңғытбаевтың есімі берілген киелі қарашаңырақ. Ғасырға жуық тарихы бар бұл мектеп — ұрпаққа тәлім беріп, талай дарынды түлеткен ордалы оқу орны.

Мектеп тарихы 1928 жылдан бастау алады. Сол жылы шағын бастауыш білім ошағы ретінде құрылып, үш жылдық бір сатылы мектеп ретінде жұмысын бастаған. 1933-1934 оқу жылында мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Исаевтың есімі беріліп, Қарабұтақ орталау мектебі мәртебесін иеленді. Ал 1938 жылдан бастап Қарабұтақ орта мектебі атанды. Уақыт өте келе мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, 1965 жылы білім ордасы екі қабатты типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Ал 1966-1967 оқу жылынан бастап Қарабұтақ қазақ орта мектебі болып аталған. 2019 жылы алтын ұямыздың 90 жылдық мерейтойы тойланып,  мектебіміздің түлегі, ақын Қуандық Шаңғытбаевтың есімі берілді.

Биыл Қуандық, ақынның 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілгені көпке мәлім. Тасын түртсең тарихынан сыр шертетін киелі мекеніміз — Қарабұтақ ауылында, ақынның білім алып, атағы берілген алтын ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «1000 мектеп» реновация жобасы арқылы жаңартылған заманауи қондырғылар әкелінді.

Қазіргі таңда мектебімізде дарынды оқушылар саны көп. Аудан бойынша үздік мектептер қатарында көш бастап тұр. Өнегелі ұстаздардан тәлім алған өнерлі шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, биік белестерді бағындырып жүр. Мектебімізде оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу үшін түрлі клубтар құрылды. «Дарабоз» дебат клубы, «Қаламгер» оқушы-ақындар клубы, «Инабат» қыздар клубы, «Мұрагер» ер балалар клубы, «Шабыт» театры сынды ұйымдар білім алушыларымыздың қабілет-қарымын дамыту жолында үздіксіз жұмыс жасап келеді.Мектебімізде шахмат үйірмесі тұрақты түрде жүргізіледі. Жетекшісі — жас маман, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Бекнұр Байғабылов. Үйірме қатысушылары ақыл мен ойдың тартысында қанжығаларын майлап, мектебіиізді көпке танылып жүргенін зор мақтанышпен айта аламыз.

«Шаңғытбаев жаңалықтары» — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Саймов Саламат Мақсотұлының бастамасымен 2019 жылы іске қосылған тың жоба. Мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, жас тілшілерді тәрбиелеу. Жоба аясында оқушылар подкаст, блог, репортаж сияқты заманауи медианың түрлі бағытында жұмыс жүргізіп, өз ойын ашық жеткізуге, сауатты жазуға және көпшілік алдына еркін шығуға машықтанады.

Ғасырлық тарихқа жүк болар бұл қара шаңырақ әлі де талай арманды жетелейтін, талай талапты тұлға қалыптастыратын рухани орта бола бермек.

Жаннұр МҰХАНБЕТСАПА,

Қ.Шаңғытбаев атындағы мектептің 9-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button