Жастар

Шетелде оқығандар шет қалмайды

Сұхбат

Қазіргі уақытта өркениет кеңістігі кеңейген сайын білім саласында да кезек күттірмейтін күрделі өзгерістер болып жатыр. Бұл, әрине, жаңа үрдістен қалмауды талап ететін заман ағымы. Әсіресе, шет елдерде білім алуға талпынған жастарымыздың саны да күн санап артып келеді. Осы орайда біз Малайзиядағы Лимкоквинг университеті магистратурасының түлегі, жуырда ғана шаңырақ көтерген «КМВ Group» ЖШС директоры, Малайзия жоғарғы оқу орындарының уәкілі Меруерт Бекенқызы Нұрахметпен аталмыш елдегі білім беру саласының өзіндік еркешеліктері және аталмыш компанияның құрылу мақсаты жөнінде сұхбаттасқан едік.

— Әңгімеміздің басын сіздердің компания тарапынан Малайзия еліне жастарды білім алуға жібергенде нақтылы қандай көмектер көрсетілетіндігінен бастасақ.

— Егерде Малайзияға оқуға (тіл үйрену, бакалавр, магистратура, докторантура) баратын талапкерлер біздің компания арқылы құжаттарын дайындайтын болса, онда біздің тарапымыздан жан-жақты көмек көрсетіледі. Атап айтсам, жан-жақты ақпараттық кеңес,  оқуға барғанда сол елдің әуежайынан қарсы алу, жатақханаға немесе қалауы бойынша пәтерге орналастыру, виза ашуға көмектесу сияқты қызметтің бәрі жасалады. Яғни студент үшін шетелдегі жаңа ортаға  тез бейімделуге жақсы мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біздің компаниямызда аталмыш қызметтер үшін алынатын ақы өзге компаниялармен салыстырғанда төрт-бес есе арзан. Мысалы, Малайзияға оқуға барудың тәртібін білмейтін кейбір азаматтар делдалдық қызмет атқаратын туристік фирмалардың немесе агенттіктердің қызметіне жүгініп, қыруар ақша төлеп, орынсыз шығынға бататын фактілер аз кездеспейді. Ал біздің компанияда қызмет көрсету ақысы төмен болу себебі, біз арада ешбір делдалсыз Малайзияның жоғары оқу орындарымен тікелей байланыста жұмыс істейміз. Біздің қолымызда аталмыш мемлекеттің бірнеше жоғары оқу орындарымен жасалған келісім-шарт және олардың  арнайы уәкілі болып табылатынымызды дәлелдейтін сертификаттарымыз бар. Малайзиядағы оқу мәселесі қызықтыратын адамдар болса төмендегі мекен-жайға хабарласуларына болады: www.kazmy.org, 8 7015156264,  8727 292 86 63.

Ал енді, Малайзия елінің мемлекет ретіндегі және ондағы оқудың ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз.

— Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ақпараттық технологиясы дамыған, электрондық үкімет бағдарламасы іске қосылған, инновациялық технологияларды  жетік меңгерген және экономикалық потенциалы қарышты дамып келе жатқан мемлекет болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі дағдарыс жағдайында сыртқы қарызы жоқ бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ экономикалық даму үлгісі біздің елімізге ұқсас. Олай дейтінім, біздің еліміздің 2030 жылға арналған стратегиялық даму бағдарламасында Сингапур мен Малайзияның экономикалық даму тәжірибесіне сүйенген тұстар бар. Бұған қоса, діни ұстанымы мен менталитеті біздің қазақ халқына жақын ислам мемлекеті. Халқының ерекшелігі – заңды қатты сыйлайды, тәртіпке үйренген ел. Ал есірткі дегенің, ол елдің қас жауы. Есірткі  сатумен және таратумен айналысқан адам өлім жазасына кесіледі. Сонымен қатар көшеде мас болып жүрген, темекі тартып келе жатқан адамдарды кездестірмейсің десе де болады. Тағы да бір айта кететін ерекшелігі – басқа мемлекеттермен салыстырғанда оқу ақысы да, тұрмыс-тіршілік деңгейі де әлдеқайда арзан. Бұған қоса, Малайзияның кейбір жоғарғы оқу орындарында тиімді қаражатпен оқу арқылы әлемге танылған Англия, Америка және Австралия мемлекеттерінің дипломын алуға болады. Нақтылап айтсақ, Малайзиядағы Лондонның халықаралық бағдарламалары университеті, Шығыс Лондон университетінде  оқу ақысы Қазақстанның кейбір оқу орындарынан арзан. Сонымен қатар климаты жыл он екі ай жаз, денсаулыққа да өте пайдалы. Біздің кеңсемізде Малайзияны толық таныстыратын қызықты кітаптар мен бірнеше материалдар, журналдар және альбомдар бар. Келген адамға есік ашық.

Сіздің ойыңызша, шетелде оқыған студент пен отандық білім ордасында дәріс алған студенттің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?

— Қазіргі уақытта біздің елімізде де халықаралық стандарттарға сай білім беретін жоғарғы оқу орындары ашылып жатыр. Олардың қатарына Астанадағы еліміздің алғашқы Президенті атындағы университетті, Қазақ-Британ университетін, сондай-ақ ҚМЭБИ-ді (КИМЭП) жатқызуға болады. Біздің еліміз үшін бұл оқу орындары әлі аздық етеді. Мен өзім КМЭБИ-дің түлегімін. Магистратураны ғана Малайзияда бітірдім. Малайзияда оқыған бір жылдан аса уақыттың ішінде ғана көп нәрсеге көзім ашылды. Атап айтсам, біріншіден, Малайзияның жоғарғы оқу орындарын бітіргендігі жайлы диплом әлемнің көптеген мемлекеттерінде мойындалады және халықаралық кадастрға енгізілген. Екіншіден, шетелде оқыған студент көргені көп, өз бетінше өмір сүруге бейім болады. Себебі, оқыған кезде өз біліміне ғана сенеді. Өйткені Малайзияда емтихан кезінде тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Үшіншіден, талай елдің студенттерімен бірге оқи жүріп, әлемнің түпкір-түпкірінен қаншама дос табасың, сол арқылы төрткүл дүниенің озық жетістіктерінен, мәдениетінен және экономикасынан мол хабардар боласың. Тағы бір айта кететін басты ерекшелік — шетелдік білімі бар азаматтардың бірлескен немесе шетелдік компанияларда  жоғары еңбекақымен жұмысқа орналасуға мүмкіндігі мол.  Мысалы, Жапония мен Қытай елінің қарыштап даму тарихына көз жүгіртсек, ол елдің басшылары кезінде талантты студенттерді дамыған шетелдерге оқуға жіберіп, алған білімін өз  елінің экономикасын өркендетуге пайдаланған. Қытайдың ұлы реформаторы Ден Сяопиннің өзі шетелде оқып келген. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Малайзияда оқып жатқан қазақ студенттерінің өзіндік ортасы қалай қалыптасқан?

— Үстіміздегі жылдың тамыз айында Малайзиядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің көмегімен Малайзиядағы Қазақстан студенттерінің қауымдастығы құрылды. Бұл қауымдастықтың құрылуындағы негізгі мақсат – елімізден барған студенттерге қамқоршы болу және егеменді еліміздің жетістіктерін Малайзиядағы түрлі дипломатиялық, сондай-ақ қоғамдық шараларға белсене қатысу арқылы өз бірлігімізді таныту. Мысалы, қауымдастық құрылған үш айдың ішінде көптеген қоғамдық шаралар өткізілді. Атап айтсам, Рамазан айында Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдағы салтанатты түрде аталып өтілді және 400-ге жуық студент қатысқан ауызашар дастарқаны жайылды. Бұған қоса 9 қазанда Малайзияның әртүрлі он жоғарғы оқу орындарында оқитын қазақ студенттері он футбол командасын құрып, өзара жарыс өткізді. Сонымен қатар, қазан айында қауымдастықтың қазақ және ағылшын тілінде мың данамен түрлі-түсті бояумен студенттерге арналған «MyKaz» газеті жарық көрді. Аталмыш газеттің аты «Менің Қазақстаным»  және «Малайзия – Қазақстан» деген екі түрлі мағынаны білдіреді. Бұл газет еліміздің Малайзиядағы елшілігі сол елдегі бірнеше университет басшылары тарапынан жоғары баға алды. Яғни Малайзияда оқитын стденттер бір үйдің баласындай, ауызбіршілік таныту арқылы тату-тәтті тіршілік кешіп, сапалы білім алуда. Сонымен қатар біздің  компанияның жұмысының негізгі бір бөлігі осы қауымдастықпен байланысты.

Малайзиядағы оқу мәселесі ағылшын тілін жетік білуге келіп тірелетіні белгілі. Сондықтан да Малайзияда оқуға ниет білдіргендер көбіне тіл мәселесінен қорқады. Осы орайда ағылшын тілін білмейтін немесе жетік меңгермеген азаматтар үшін оқудың қандай тиімді жолдары қарастырылған?

— Малайзияда ағылшын тілін үйрету бағдарламасының әдістемесі өте жоғары деңгейге көтерілген және салыстырмалы түрде алғанда тіл үйретуге төлейтін қаражат та арзан. Мысалы, біздің Алматының өзіндегі кейбір шетелдік мұғалімдер дәріс беретін тіл оқыту орталықтарында топпен оқытса, бір сағаттық қана дәріс орта есеппен 20 АҚШ долларын, ал жеке оқытса 30-40 АҚШ долларын құрайды. Бұл ақшаны бір айға шағатын болсақ, 1000 АҚШ долларынан асып кетеді. Ал Малайзияда болса, тіл үйрету бағдарламасы күніне 5-6 сағатты құрайды. Яғни күніне 5 сағаттан оқығанның өзінде айына төлейтін төлемақы орта есеппен ең арзаны 200, ал қымбаты 500-600 доллардан аспайды. Бұл дегеніңіз қаражат жағынан да, тілді меңгеруге кететін уақыт жағынан да өте тиімді. Тіл үйренуге деген қабілеті жоғары азаматтар бұл бағдарламаны жарты-ақ жылда меңгеріп алады. Сонымен қатар, тілдік орта бар жерде, кез келген тілді үйрену қиын емес.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Салеметсызбе! Малайзияда жазгы 3 ай демалыста барып агылшын курсына катысуга болама. Болса уш аилык оку жатын орны, тамак, жол шыгындарын, баскада барлык шыгындарды косып есептегенде канша каражат кетеды накты аитып жыбересыздерме. Алдын ала рахмет!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button