Білім

ҰБТ: жаңа формат. жаңа мүмкіндік

Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлерге екі рет мүмкіндік беріледі. ҰБТ енді электронды форматта ұйымдастырылатын болады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан ұлттық бірыңғай тестілеудің ерекшеліктері туралы айтты.

Ұлттық бірыңғай тестілеу — үміткерлердің жоғары оқу орнына түсуі үшін  мемлекеттік грантты жеңіп алу конкурсына қатысу тетігі.

Тестілеу жылына 4 рет өткізіледі. Жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға қабылдану үшін қаңтар, наурыз, тамыз айларында ұйымдастырылады. Сондай-ақ республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілетін білім гранты үшін де өткізіледі (сәуір мен 30 маусым).

ҰБТ тапсыру үшін облыс бойынша 3 тестілеу орталығы жұмыс жасайтын болады. Олар Ақтөбе қаласында және  Байғанин мен Шалқар аудандарының орталықтарында орналасқан.

Ұлттық бірыңғай тестілеу алғаш рет электрондық форматта «бір тестіленуші — бір компьютер — бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Биылғы тестілеудің басты ерекшелігі, үміткерлер ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады, яғни мемлекеттік білім грантын ұтып алуға мүмкіндігі көп. Екі тестілеудің қорытындысының қайсысында үміткер жоғары балл жинаса, конкурсқа сол бойынша қатыса алады, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қатысушылар тапсырмаларды орындауды кез келген пәннен бастай алады. Жауап берілген сұрақтарды қайта қарап, жауаптарды түзетуіне мүмкіндік беріледі. Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында олар компьютер арқылы калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелерін пайдалануларына болады.

Тестілеу тапсыруға берілетін уақыт — 240 минут (4 сағат). Көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін 2 рет үзіліс беріледі. Оның біріншісі —  2 минут, екіншісі — 15 минут.

Тағы бір артықшылығы, тест қорытындысын жұмыс күнінің соңында емес, тестілеу нақты аяқталғаннан кейін-ақ біле алады. ҰБТ қорытындысымен келіспеген жағдайда талапкер апелляцияға өтінішті де бірден бере алады.

Ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Тыйым салынған заттарды қолдану деректері автоматты түрде анықталады. Егер сынақ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және тағы басқа тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады. Сондай-ақ тестіленушінің жауаптары жойылады. Тестілеу процесін арнайы топ та бақылайды, — деді Жолдас Батырхан.

Айта кету керек, қаңтарда ұйымдастырылған ҰБТ-ға 5812 түлек (77,7 пайыз), 10 наурыз — 8 сәуір аралығында өткен тестілеуге 4605 (61,5 пайыз) түлек қатысқан.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button