Тәуелсіздік — 30

Нұртілек — «Батыл жүрек» иегері

Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясында Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті Байғанин ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Нұртілек Қарабалин «Батыл жүрек» номинациясына және Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатына ие болған еді. Кеше осы марапатты Нұртілек Шамғонұлына Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Марғұлан Аманбаев табыстады.

Нұртілек Қарабалин былтыр қыс мезгілінде 4 авариялық-құтқару, 1 іздестіру-құтқару жұмыстарына шығып, қар құрсауында қалған жалпы саны 35 автокөлікті қауіпсіз аймаққа көшіруде және жоғалған азаматты іздеп-табуға елеулі үлес қосты.

Сондай-ақ марапаттау рәсімінде полиция департаменті қызметкерлері Мұратбек Нұрмағанбетов пен Ерболат Жаңабаевқа Төтенше жағдайлар министрінің «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі де тапсырылды.

Биыл 13 ақпанда Ақтөбе қаласында Қарғалы тұрғын алабындағы «Октябрьдің 60 жылдығы» көшесіндегі №5 үйде өрт шықты. Ақтөбе қалалық полиция басқармасына 23 сағат 48 минутта осы үйдің тұрғындары өрт туралы хабарлады. Өрт орнына патрульдік қызмет жасағы, атап айтқанда, полиция капитаны Мұратбек Нұрмағанбетов пен аға лейтенант Ерболат Жаңабаев жіберілді. Оқиға орнына жеткен полицейлер жанып жатқан жертөлеге дымқыл шүберекпен тұмшаланып, кіріп, ол жердегі ес-түссіз жатқан ер адамды құтқаруға асықты. Зардап шегушіні қауіпсіз жерге эвакуациялап, олар дәрігерлер келгенге дейін қажетті медициналық көмек көрсетті. Сөйтіп, М.Нұрмағанбетов пен Е.Жаңабаевтың дер кезінде жасаған көмегінің арқасында адам өмірі құтқарылды.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button