Пікір

Науқастардың жағдайын көріп қайттық

Бақыт ЖАНШАЕВА,

облыстық мәслихат депутаты.

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Берік Көздіғарин екеуміз қала сыртындағы наркодиспансерде COVID-пен ауырып қалған науқастардың жағдайын көріп қайттық.

Дәрігерлерге рақмет, науқастарды күні-түні қарап, емдеп жатыр. Бірақ ауруханаға түсіп жатқандар саны көбейіп барады. Кеше түнде ауруханаға 33 науқас бірден жеткізілген. Жағдайлары ауыр. Дене қызуы түспей, сатурациясы қатты төмендеп кеткендер. (Сатурация — қан құрамындағы оттегі көлемі). Иіс, дәм сезгенімен, дем ала алмай өкпелерінің 60-70 пайызы қабынып түсетіндері көп.

«Жағдай былтырғыдан да ауыр, науқастарды бірден аппаратқа қосып, емдеп жатырмыз», — дейді дәрігерлер.

Отбасымен жатқандары бар. Беттері бері қарап, реанимациядан шыққандары: «Басымызға түскесін, сендік. Қатерін сезіндік, тума-туыс, таныстардың бәріне «сақтаныңдар!» деп айтып жатырмыз», — дейді.

Наркодиспансердің қасындағы еңбекпен емдеу мекемесін де сақадай сай ғып қойыпты. Бұл жерден басқа, ковид науқастарды қабылдап жатқан қаладағы халық Мочаловский деп атайтын емхана, балалар ауруханасы, инфекциялық ауруханадан басқа «Шағала» шипажайы да резервте дайын тұр. Құдай бетін әрмен қылсын! Мына бір ауыр кезеңнен өтіп кеткенше сақ болыңыздар!

Халқымыз аман болсыншы!

Басқа жаңалықтар

Back to top button