Білім

Арнаулы кабинет ашылды

Шұбарқұдық кентіндегі орта мектепте алғаш рет инклюзивті білім беруді қолдау ресурстық кабинеті қолданысқа берілді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы қорының «Қамқорлық» жобасының «Дамуы бұзылған және тәуекел тобындағы балаларға кешенді көмек көрсетуді ұйымдастыру» мәселелері бойынша «Қамқорлық» жол картасының 6-тармағына сәйкес №3 Шұбарқұдық жалпы білім беретін мектебінің жанынан ресурстық кабинет өз жұмысын бастады. Бұл — ерекше білім беруге қажеттіліктері бар оқушылардың инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында қолға алынған бастама. Ресурстық кабинетте оқушылардың психикалық даму бұзылыстарын түзету сабақтарын дефектолог, психолог мамандар жүзеге асыратын болады.
— Ресурстық кабинет қызметінің басты мақсаты — орта мектептерде инклюзивтік (интеграциялық) білім беру жағдайында арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасауда тәрбиелік және түзету процестерін ұйымдастыру, оларды әдістеме жағынан, сондай-ақ ақпараттық қолдау. Кабинетте ерекше балалармен жұмыс жасау үшін «САТР» баспасының әдістемелік құралдары, қолайлы орта қалыптастыру мақсатында пуфик-трансформерлер, татами-даянг, көрнекі құралдар, компьютерлік-техникалық құралдар бар. Ресурстық кабинетті жабдықтауға 1 миллион 800 мың теңге қаражат бөлінді, — дейді Темір аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Нұртазина.
Бұл кабинетке әзірге 8 оқушы келіп жүр.

А.Тасқалиев

Басқа жаңалықтар

Back to top button