Басты жаңалықтарСпорт

Көкпар тарту: намысшыл жас бар, қолдаушы билік болса…

Шалғайдағы Байғанин ауданында жас ұрпақты жауынгерлік және әскери машыққа баулитын ұлттық ойын — көкпар тарту кеңінен дамып жатыр. Бұдан 5 жыл бұрын ата-бабадан қалған асыл мұраны шағын ғана Қосарал мен Қаражар ауылдарындағы ұлтжанды, отансүйгіш азаматтар қолға алған-ды, ізгі бастама кейін Абай, Жарқамыс, Ебейті, Қопа, Оймауыт, Миялы, Қарауылкелді, Баршақұмда өрістеді. Қазір ноғайтылықтар да көкпар тартуды қолға алуды жоспарлап жатыр.

Аудан құрамасының көпшілігі — қосаралдықтар. Бүгінде Байғанин өңірінде 130-дан астам көкпаршы бар. Олардың бәрі де сайдың тасындай. Жауырыны қақпақтай, білекті де жүректі жігіттердің тұлпарлары да өздеріне нағыз сенімді серік. Көкжал, Намыскөк, Шалқасқа, Лазер секілді жүйріктер дүбірлі додаларда иелерін жерге қаратпапты. Облыстық, аймақтық, республикалық деңгейдегі жарыстарда Байғаниннің шабандоздары талайларды шаң қаптырып, жеңіс тұғырларына көтерілді. Олардың мықтылығына тәнті болған көршілес Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының ұлттық спорт түрлері федерацияларының басшылары біздің жігіттерді өздерінің командаларында ойнауға бірнеше рет шақырған. Бар жағдайды жасауға уәде етіп, командаларында тұрақты ойнауға да қолқа салыпты. Дегенмен ар-намысты биік қойған өршіл рухты азаматтар «Өзге жерде сұлтан болғанша, өз жеріңде ұлтан бол» нақылын берік ұстанып отыр.

2019 жылы құрылған «Байғанин аудандық ұлттық ат спорт түрлері бойынша федерациясы» қоғамдық бірлестігі аудан көкпаршыларының, палуандарының басын біріктіреді. Ауыл жастарының ат спортына деген қызығушылығын арттыра түсуді мақсат еткен федерация көкпар шабумен  бірге аударыспақ, бәйге, теңге ілу, асау үйрету, жамбы ату ойындарын ұйымдастырады. Биыл аудан көкпаршылары Қосарал ауылында облыстық чемпионат өткізуді жоспарлап отыр.

Ұлттық спортты дамытудағы негізгі күш, басым салмақ Медет Бақдәулет бастаған жігерін жаныған, намысты азаматтардың өздеріне түседі екен. Аудан, облыс намысы сынға түсетін дүбірлі додаларға көкпаршылар өздері ізденіп, ұлттық спортқа жанашырлардың қолдау-көмегіне сүйеніп барып жүр. Аудан құрамасындағы аттар да өздерінікі.  Жүйрікті өздері жаратып, өздері баптайды.

Ұлттық спортқа жанашыр ауыл азаматтары көкпар тарту үшін құрамаға асылтұқымды аттар алып  беріпті. Мысалы, ебейтілік Жасұлан Көшімов ауыл жастарынан команда жасақтап, өзінің ақшасына 2 асылтұқымды ат алып берген. Сондай-ақ жақында қарауылкелділік Ернар Қырдабаев Жамбыл облысынан асылтұқымды ат сатып алған. Биыл құрамадағы 5 шабандозшы да арнайы көкпар үшін аты әлемге мәлім арғымақтардың құлындарын алыпты.

Ата-баба мұрасын құрмет тұтқан өңірдің жас өрендері ат жалын тартып өсіп келеді. Қазақтың игі дәстүрі баланы ашамайға отырғызу да бұл өлкеде берік сақталған. Тайға мініп шапқылап жүрген баланы көкпар шабу кең таралған Қосарал мен Қаражардан жиі көресіз. Расында, жасы да, кәрісі де ұялы телефонға телмірген қоғамда балалардың тайға мініп топтасып, ат үстінде ойнауы қала түгілі, қазақтың көп ауылына үлгі болуына лайық. Медет Бақдәулет бастаған жастар облыс орталығына барып, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен   Қаражар, Қосарал ауылдарында ат спорты бойынша №10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бөлімшелерін ашуға мұрындық болған. Қазір аталған қос мектептің денешынықтыру пәні мұғалімдеріне арнайы сағат беріліп, олар балаларды ат спортына баулуда.

Біз нағыз отансүйгіш жас, шалғай өңірде ұлттық спортты дамытуға ұйтқы болып жүрген «Байғанин аудандық ұлттық ат спорт түрлері бойынша федерациясы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Медет Бақдәулетпен аудан құрамасының жағдайы туралы сөйлескен едік. 

Бастау

Еліміздің оңтүстік өңірінде ұйымдастырылатын тартысты ойынды теледидардан, интернеттен тамашалап, қызығып өстік. Содан көкпар тартуды өз ауылымызда дамыту туралы ой келді. Сөйтіп ауыл азаматтарының жұмылып, бірігуімен Қосарал  мен Қаражарда көкпар тарту бір кезде қатар қолға алынды. Бұл 2016 жыл болатын. Бастапқыда өз арамызда, яғни қосаралдықтар болып ойнап жүрдік, содан кейін қаражарлықтармен көкпар шабатын болдық. Сөйтіп Атырау облысының  көршілес Қызылқоға ауданының командасымен көкпар тарттық.

Айта кету керек, ауылдағы азаматтар Мейірбек Үркімбаев, Өтеген Кенжеғазы, Дәулет Мергенбаев, Мерей Бағирев көкпар тартуға ұйтқы болып, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Осы кісілердің ұлттық спортты дамытуға, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде үлестері зор. Ауылдың үлкен кісілеріне өтініш айтып, аты жоқ балаларға ат тауып беретін. Мерей Бағиревтің жеке «Газель» көлігі бар. Ол ауыларалық, аудандық жарыстарға көкпаршыларды көлігімен тегін апарып келетін. Өзі де көкпар тартады.

Өтеген Кенжеғазы — спортшы. Маман ретінде бізге кеңес айтып, бағыт-бағдар берді. Мейірбек Үркімбаев, Дәулет Мергенбаев секілді азаматтар демеушілерді тауып, үнемі қамқорлық көрсетеді, — дейді Медет Бақдәулет.

21 жасынан бастап көкпар тартқан ол атқа мінуді 5 жасында үйреніпті. Атқа мінуді  әкесі Ғайнолла үйретсе, ал ат спортына мектептегі ұстазы, Қосарал негізгі мектебінің қазіргі директоры Өтеген Кенжеғазы баулыған.

Бүгінде аудан көкпаршылары талай тартыста топ жарып жүр.

—  2019 жылы көкпар шабудан өткен ел чемпионатында 3-орын иелендім.  Біздің облыс бойынша «Әлім ата» командасы жасақталды. 12 адам өнер көрсеттік. Бұл сайыстың бізге  бергені, үйренгеніміз көп болды, — дейді көкпаршы. Кейіпкеріміз қазір «ҚР спорт шеберлігіне үміткер».

2017 жылы облыстық «Ақбидай» ауыл спорты ойындарында аударыспақтан қаражарлық палуандар Аманғос Жаңбыров пен Ертай Жембаев ІІ орын иеленген. «Дарабоз» халықаралық турнирінде Рамазан Қайрат көкпар тартудан 3-орын алды. Қаражарлық палуан Рамазан Ғалел — аударыспақтан облыс чемпионы. Ол былтыр 28 қазан – 4 қарашада Түркістан облысы Шымкент қаласында 1999-2002 жылы туған жастар арасында өткен ҚР чемпионатында аударыспақ ойынынан ІІІ орын иеленді. Рамазан Ғалел аударыспақтан спорт шеберлігіне үміткер. Аудандағы жас палуандардың бірі 17 жастағы Ерасыл Ғайноллаұлы аударыспақтан облыстық жасөспірімдер арасында өткен турнирде 2-орын алыпты.

Көкпаршыларға көрші облыстардан сұраныстар түсіп жатыр

Көкпар тарту, басқа да ат спортын меңгеруде біз өзіміз ізденіп шыңдалдық. Көрші ауылдарға көкпар тартуға жиі бардық. Облыстық жарыстардан, батыс аймақтық додаларда сынға түсуде де көп нәрсені үйрендік. Аймақтық сайыстарда көзге түскендіктен де болар, біздің көкпаршыларға, палуандарға көршілес облыстар тарапынан сұраныстар түсіп жатады. Рамазан Қайрат арасында Атырау облысы Қызылқоға ауданының командасында ойнап жүрді. Мен  2019 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданынан шақырту алып, сол ауданның командасында ойнап, облыстық чемпионатқа қатыстым. Қорытындысында 2-орын иелендік. Біз мұндай шақыртуларға, яғни чемпионаттарда, шақыртушы жақтың командасында өнер көрсетіп келуге мүмкіндігімізге қарай келісім береміз. Өйткені  бұл арқылы өзімізді дамытып, мол тәжірибе жинаймыз. 

Командаларында біржола қалу туралы өтініштер де болды. Дегенмен мұндай ұсыныстарды қабылдаған жоқпыз. Күні кеше ғана 17 жастағы жас көкпаршы Бекзат Алтынбайға Атыраудың «Жас нарын» құрама командасынан сұраныс түсті. Ол жақта біздің өңірге қарағанда көкпар ойыны жақсы дамыған. Ұлттық ат спортына жергілікті билік тарапынан да, демеушілер тарапынан да қолдау мықты. Атыраулықтар Бекзатқа жағдай жасауға уәде беріп отыр. Талапты жастың болашағы үшін Атырауға баруына кеңес беріп отырмыз, — дейді Медет Бақдәулет.

Қазақы жабы аттар шетелдің асылтұқымдыларын шаң қаптырды

Бұған дейін құрамада 12 ат болған-ды. Оның біреуі аяғынан жарақат алып, көкпарға тартылмайтын болды. Бәрі де жеке аттар.  Биыл тағы да көкпар үшін мықты аттар сатып алдық. Біздің үй (үш ағайындымыз, үшеуміз де көкпар тартамыз) 2 асылтұқымды ат алды. Әлемге белгілі ағылшынтұқымды «Мұғалжар» айғырының құлыны. Екіншісі, ағылшын-араб тұқымды «Радардың» құлыны. Азат Бекес «Вулканның» атын алды. Дәулет Мергенбаев пен Ертай Жембаев  та асылтұқымды  жылқы алды. Бәрі 4 жаста.

Облыстық, республикалық деңгейдегі дүбірлі додаларға барғанымызда кейбіреулер біздің атымыздың бойының аласалау екеніне қарап, менсінбей, мырсылдап, мысқылдайды. Өздерінше көкірек керіп: «Есекке мініп келгенсіңдер ме?» дегенді де естідік.  Дегенмен жарыс қорытындысында дене тұрқы есік пен төрдей аттардан біздің қазақы жабы аттарымыздың басым түскені мерейімізді үстем етті.

Былтыр Ақтөбеде көкпардан батыс аймақтық  турнир өтті. Сол сайысқа Атырау, Маңғыстау облыстарынан командалар келді. Аталған жарысқа Байғанин ауданынан 4 атпен келдік. Төртеуі де шағын, аласа бойлы аттар. Шалқасқаға Рамазан Қайрат, Намыскөкке Азат Бекес, Лазерге Мерей Бағиров, Көкжалға мен міндім. Жарыс барысында аттарға алмасып мінеміз. Сырттан келгендер бізді менсініңкіремеді. Олардың көзқарастарынан: «Аттарыңның сыйқы осы ма?» дегенді айтпай-ақ оқыдық. Олардың арғымақтары — құны 2-3 миллион теңге тұратын  асылтұқымды жүйріктер. Біздікі — қазақы жабы аттар. Көкпарда алғашқы салым мен соңғы салым — «өгіз өлді» — үлкен абырой әкелетін салымдар болып есептеледі. Бұл салымды салғандардың мәртебесі биік болады. Жыл бойы көкпаршылар мен жанкүйерлер оның атын жыр қып  айтып жүреді. Жарыс барысында ешбір салым салмай, тек қана «өгіз өлдіні» салсаң, жанкүйерлер де, көкпаршылар да сол «өгіз өлдіні» салған шабандоздың мықтылығын жырлайды ғой. Сол сайыста жаппай көкпар ұйымдастырылды. Ең бірінші салымды салуға біздің мүмкіндігіміз мол болған-ды. Аттарымыз сол мүмкіндікті жасап берді. Бірақ өзіміз тиімді пайдалана алмадық. Рамазан Қайрат Намыскөкпен серкені алды. Оны Көкжалмен мен жетектедім (Көкпарда серкені қарсыластан алған шабандозға өз жақтастары көмектеседі, оны «жетектеу» дейді). Аттарымыз түйсігімен қазандық жасырынған шеңбердің маңына  апаруын апарды. Дегенмен жаңылысып, атымызды басқа жаққа өзіміз бұра тартыппыз. Серке тақымда, қазандықты таппай біраз сенделдік. Жарыс басталар алдындағы жұрттың бізге мүсіркегендей қарағаны әбден жаншып тастағаны соншалық, өзімізге сенімнен айырылып қалғанбыз ғой. Сол жарыс барысында 2 салым салдым. Дегенмен олар ұпай әкелгенмен, сайыс ортасындағы салымдар болған соң тап бәлендей бағаланбайды.

Жарыс мәресіне жететін уақыт та жақындап, соңғы салым — «өгіз өлдінің» де кезегі жетті. Алаңда қызу тартыс болып жатыр. Серкені Шалқасқаны мінген Рамазан ептілікпен тақымға салып алды. Одан мен Көкжалмен жетектедім. Ақыры соңғы салымды салдық. Ол сайыста біздің жанкүйерлеріміз көп болмаған-ды. Жарысқа жиналған жұртшылықтың бәрі «Байғанин, Байғанин» деп қошеметтеп жатты. Аттарымыздың мықтылығының, төзімділігінің арқасында біздің абыройымыз асқақтады. Көкпардан өткен аталған батыс аймақтық жарыста жаппай көкпардан жақсы салым салдық, командалық жарыста 3-орынды иелендік, — дейді кейіпкеріміз.

Біздің дерек

***

Қазақстанда 1949 жылы Көкпар жарысының ережесі бекітілді. Осыған сәйкес Көкпар тартуды арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан бері Көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді.

***

2019 жылы көкпар жарысының халықаралық ережесі бекітілді. Ережеге сай ойын уақыты қысқартылып, серке орнына муляж, ал тайқазан орнына шеңбер қолданылатын болды. Жарыс ұзақтығы — 20 минуттан екі тайм, яғни 40 минут.
Сол жылы түркі тілдес халықтардың дәстүрлі ойындары қауымдастығының атауы Бүкіләлемдік көкпар қауымдастығы болып өзгерді.

Көкжалдың түйсігі

Құрамадағы мықты аттардың, ауданымыздағы жүйріктердің бірі — Көкжал. Өте төзімді, шыдамды, адал ат. Аттың да аты бар. Арамы да жетерлік. Құлағаныңды күтіп тұрып, теуіп кететін аттар да бар. Көкжал жарыс барысында бар жағдайыңды жасап, ыңғайға қарай әрекет етеді. Серкеге қол жеткізгенімді білсе, қазанның қайда жасырынғанын ішкі түйсігі арқылы сезіп, өзі бастап барады. Қазақта «Жаман атқа мың қамшы, жақсы атқа бір қамшы» деген нақыл бар. Көкжал қамшы салғызбайды. Көкжалдың үстіндегі көкпаршының міндеті — серкеден айырылып қалмау. Қазандықты өзі табады.

Көкжал — мінезді ат. Кейде қырсығып қалатыны бар. Мұндайда бағынбай кетеді. Дегенмен шешуші сәттерде, жалпы жарыс кезінде қырсықтығын көрсетіп, бізді жерге қаратқан жоқ.

Негізі ат үстінде адамның психологиясы өзгереді. Атқа міну адамға ерекше рух береді. Кеудені қуаныш кернейді. Кейде тіпті жерге түспейтіндей «аспансып» кететініміз бар. Жолдастарымның ортасында өзімше масаттанып қалған кездерімде атымның қыңырлығы ұстап қалады. Ол қырсықса, ат үстіндегі менің «кеуде кергенім» басылып қалады. Осылай тәубеге келтіретіні бар. 

Бірде Көкжалды бір кісі саудалап келді. Үлкен ағаш үйге айырбастауын өтінді. Әлгі кісі ағама ағаш үйдің тиімділігін айтып, той-садақада жалға беріп, әжептәуір табыс табуға болатынын айтып, ақшамен қызықтыру үшін барынша күш салды. Дегенмен ағам: «Текті жануарды қандай құнды болса да жансыз затқа алмастыра алмаймын» деді. Ағамның атқа деген құрметіне риза болып қалдым.  

Көкжалдың қазіргі иесі — Айболат Қонысбаев. Өзімнің досым әрі көршім. Абырой бәрімізге ортақ. Сол себепті менің ауламда тұрды не, оның ауласында тұрды не, айырма жоқ. Кешегі боран күндердің бірінде Көкжал досымның үйінің ауласынан шығып кетіп, үйге келіп тұр. Оны көріп жүрегіміз ауырды. Құшақтап, сүйіп, еркелетіп, басынан, жалынан сипап, жемін беріп досыма апарып бердім. Қазір Көкжал Айболатқа үйренісіп қалды, — дейді көкпаршы.

Достық сыналар сәт

Ұлттық ат спорты ойындарының қай-қайсысының да үлкен мәні бар. Әсіресе, көкпардың жөні бөлек.  Көкпарды әскери-жауынгерлік өнер деуге болады. Ертеректе көкпар тарту әскери машықтың қажеттілігінен туған деген дерек бар. Көкпарға серкенің таңдап алынуы да бекер емес.  Семіз серкенің терісі мықты, жыртылмайды. Басқа малдың терісі жыртылғыш. Сол себепті олармен көкпар шаппайды.

Көкпар тартудың адам тануға, дос пен қасты айыруға да септігі мол. Серкені қазандыққа салсаң — абырой, дүбірлі жарыс  болған соң сыйақысы тағы бар. Нағыз досты танитын шешуші сәт — осы кез, серкені қазандыққа салу сәті. Көкпарда серкені қарсыластан алған шабандозға өз жақтастары көмектеседі, оны «жетектеу» деп атайды. Бірлесіп әкеле жатқан серкені кейбір жетектеуші жеме-жемге келгенде, қазандыққа жақындай бергенде қолыңнан жұлып алып, қазандыққа салып жіберіп, өзінің кім екенін көрсетеді. Тартыс барысында серкені алған шабандоздың еңбегі бағаланады. Мұнда жетектеушіге ұпай есептелмейді. Абырой да, ұпай да серкені салған көкпаршыда болатындықтан, кейбір жетектеушілер қазандыққа таяу келген тұста досының аяғынан шалып, оның тақымындағы серкені тартып алады. Міне, осылайша дос, жолдас, сыйлас жанның нағыз бет-бейнесі көрінеді. 

Біздің ауданның балалары, жастары атқа үйір. Асау үйретуге әуес. Ауыл көшелерінде топтасып, тайға мініп, серуендеген балаларды көріп, көзің қуанады.  Ауылымның балаларының ұялы телефонға телміріп, бос уақыттарында  доп қуалаулары сирек. Қолдары қалт етсе, атқа мінуге, ат үстінде ойнауға құмар. Атқа міну ер баланың нағыз ер мінезді, ер тұлғалы болып қалыптасуына көмектеседі. Жалпы қазір дене бітімі жігітке ұқсайтын ер балалар азайып бара жатыр. Шаштарын өсірген, әлжуаз, дүбәра жастардың көбейіп кеткені өкінішті, — дейді Медет Бақдәулет.

 P.S.

Бойында ұлттық намысы бар, қажыр-қайраты мол ауыл азаматтарының ұлттық спортты дамыту үшін білек сыбанып, жұмылып жасап жатқан өнегелі, ізгі ісіне сүйсінесің. «Ұлттық спортты қолдауда жергілікті билік не тындырып жатыр?» деген сауалды біз Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровқа қойған едік.

Былтыр көкпар ойынын дамыту мақсатында аудандық денешынықтыру және спорт бөліміне 3 миллион 421 теңге бөлінді. Сондай-ақ  2020 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 1,2 млн теңгеге іс-шаралар өткізу жоспарланды. Дегенмен індетке байланысты шектеу шаралары күшейтілгендіктен, 3 миллион 421 теңге кері қайтарылды.

Биыл көкпар үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 1,2 миллион теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталына лот ойнатылды. Жеңімпаз үкіметтік емес ұйым анықталғаннан кейін іс-шаралар жүзеге асырылатын болады, — деді аудан әкімі. 

Байғанин аудандық әкімдігінің ұлттық ат спорт түрлеріне деген бар ықыласы — осы.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button