Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбеліктер көрісу күнін атап өтті

Жексенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде Наурыз мерекесінің бастауы – Көрісу күніне арналған «Жыл келді шуағына нұрландырып» атты мерекелік шара өтті. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Шарада қала әкімі жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен, сондай-ақ Көрісу күнімен құттықтады.

Тарихи деректерге сүйенсек, бүгін — ежелгі қазақ даласында Наурыздың басталған күні. Бұл күн қазақ халқында ізеттілік пен мейірімділікті, ауызбіршілік пен татулықты дәріптейді. Жақсылықтың нышаны болған бұл мейрам — халқымыздың рухани әлемінің бір көрінісі. Бұл күні адамдар арадағы өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне береке-бірлік тілейді. Әсіресе, аға буын өкілдері мейрамның тәрбиелік мәніне ерекше назар аударған. Біздің көпұлтты еліміз үшін достықты, ынтымақты үлгі ететін осындай жарқын мерекенің маңызы зор. 500 мыңнан астам халқы бар қаламызда қазір 90-нан астам ұлттың өкілі тұрады. Олар тәуелсіздік алған жылдардан бері қазақ халқының әдет-ғұрпымен біте қайнасып, Наурызды бірге мерекелеп келеді. Сондықтан бүгінгі шарада барша ақтөбеліктерді Наурыз мерекесімен, Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын! Рухымыз биік, іргеміз берік, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! — деді А.Шахаров.

Бұдан кейін қаламыздағы өнер ұжымдарының қатысуымен Көрісу күнінің мән-мағынасын түсіндіретін қойылым көрсетіліп, Наурызға арналған әндер шырқалып, күйлер орындалды. Сондай-ақ спорттық ойындар ойнатылды.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button