Мереке

Біз өмірге Тәуелсіздікпен бірге келдік…

Әлемдік саяси картада дербес мемлекетіміздің пайда болған күні жас мемлекетте дүние есігін ашқан сәбилер бүгін елімізбен бірге ержетуде. Қазақстан өзге жұртқа «Тәуелсіз елміз» деп жариялаған тұста, 1991 жылы дүниеге келгендер биыл — 19 жаста.

Тәуелсіз Қазақстанмен түйдей құрдас ұландар осы уақытқа дейін не істеді, не тындырып жүр? Өзіндік «Мені» қалыптасқан, арманға бай, әрі оны жүзеге асыруға ерік-жігері жетер жастарға сөз кезегін берейік. Әлқисса…

Саммитте қызмет еттім

Олжас Дияров,

Астанадағы С. Сейфуллин атындағы аграрлық-техникалық университетінің ІІ курс студенті:

—1991 жылы 22 сәуірде дүниеге келдім. Бұл күні бұрын пролетариаттардың күн көсемі болған Лениннің дүниеге келгенін тарихтан білемін. Тәуелсіздікпен бірге өмірге келіп, сонымен бірге осындай бейбіт шақта өсіп келе жатқанымыз — біз үшін үлкен қуаныш.

Отанымның дамуына кішкентай тұрғыны ретінде үлесімді өз әлімше қосып келемін. Мектепте жақсы оқыдым, ағылшын тілін меңгеруге тырыстым. Спорттың таэквондо түрінен қарымымды сынап көрдім. Түрлі жарыстарда жүлделерге ие болдым. Оның ішінде, өзім қатысқан халықаралық жарыстардың бірі — Қырғыз Республикасында таэквондодан (ATF) өткен ашық чемпионатта 65 кг салмақта жүлдегер атандым.

Қазір елордамыз Астанада оқып жүрмін. Университетте үздіктердің бірімін. Айтпақшы, мен кешегі өткен Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының Астана саммитінде шетелден келген басшыларға қызмет көрсеттім. Қазан айында Астанадағы оқу орындарынан іріктеп алынған үш жүз студентті Үкімет қаржы бөліп, арнайы курста оқытты. Курста біз даяшылық қызмет көрсетуді үйрендік,  бір сөзбен айтқанда, қызмет көрсету мәдениетін меңгердік. Ағылшын тілін қай деңгейде білетініміз де пысықталды. Біздерге арнайы 90 мың теңгеге тігілген костюмдер берді, аяғымызға 20 мың теңгенің туфлиін кидік.

56 елдің басшылары қатысқан саммит аясында өткен шаралар Астанадағы Тәуелсіздік сарайында, «Қазақстан» концерт залында, Салтанат сарайында өтті. Тәуелсіздік сарайында қызмет көрсетіп жүргенімде Грекия елінің Президенті менен қазы-қарта мен бауырсақтың қалай жасалатынын сұрады. Мен оған ағылшын тілінде жауап бердім. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға сок құйып бердім. Сондай-ақ Молдованың Премьер-Министріне де сұрағанын алып беріп, қызмет көрсеттім. Мұнда мен шетелден келген қонақтардың біздің Елбасыны қатты сыйлайтынын байқадым.

Саммит аяқталған күні Тәуелсіздік сарайының үлкен залында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Премьер-Министр Кәрім Мәсімов және билік басында жүрген басқа да ел ағалары жиналып, Қазақстанның әлем тарихына жазылатын үлкен істі абыройлы атқарғандарына қуанып, өзара қауқылдасты. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев серіктестеріне ризашылығын білдіріп, «Жеңіс құтты болсын!» деді. Сол жерде қызмет көрсетіп жүрген біздер оларға шампан шарабын алып бердік.

Кейін қызмет көрсеткен мен секілді 300 студент марапатталды. Мен де Президентіміздің қолы қойылған Алғыс хатқа ие болдым. Сондай-ақ, әрқайсымызға $100 АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді.

Қазақстанның Тәуелсіз ел болған 19 жыл ішіндегі ең ірі оқиғасы — ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, саммит өткізуі. Мен сол оқиғаның куәсі болғаныма мақтанам әрі қуанам. Мақсатым —  оқуымды жақсы аяқтап, еліміздің кетігіне кірпіш боп қалану.

Жүрегіміз «елім» деп соғады

Әлия Серғазиева, Қобда ауылының тұрғыны:

— Мен 1991 жылы 25 шілдеде туғанмын. Сол жылы еліміздің тәуелсіздік алғаны туралы, тәуелсіздіктің қазақтың уысына қандай қиындықпен жеткенін мектеп табалдырығын аттағаннан бастап құлағымызға құйып өскен ұрпақпыз. Өз басым ел тәуелсіздігінің құрдасы екенімді мақтан тұтамын, маған батыр қыздың атын берген. Оны затына сай алып жүру үлкен міндет деп білемін.

19 жылдың ішінде еліміз әлемге атын мәшһүр еткен нық қадамдарға барды. Осы жылы дүниежүзіндегі ең беделді ұйымды — Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымын басқарғаны қазақтың мәртебесін биіктете түсті. Бұл күніміз тәуелсіздіктің арқасында жеткен бақытымыз деп ойлаймын.

Мен биыл Ш. Берсиев атындағы Ақтөбе ауылшаруашылық колледжін экономика және бухгалтерлік есеп мамандығы бойынша тәмамдадым. Бірден Алматы экономика және статистика академиясына сырттай оқуға түстім. Құрдастарымның көбісі «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша ауыл-аймаққа жұмысқа орналасуда. Олардың арасында медицина, білім салалары бойынша келгендері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан материалдық қолдауларға ие болды. Ал мен өз мамандығым бойынша жұмыс тапқанымша уақытша Қобдада жастар практикасы бойынша жұмыс істеп жатырмын. Жастар практикасы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша Елбасымыздың әлемдік дағдарыстан елді алып шығудың амалы ретінде енгізген өміршең жоба болып отыр. Осы жобаның арқасында көптеген жастар оқу бітіріп келіп, еңбек тәжірибесін алды. Біздің аудан бойынша қырықтан астам жас маман әр салада өндірістік тәжірибеден өтті.

Жалпы, біздің жастар ауданда өтіп жатқан барлық мәдени-спорттық шараларға қатысып, қазаны қайнаған қоғамның тыныс-тіршілігінен қалыс қалып  жатқан жоқ. Ауылдағы тірліктің тұтқасы болып отырған жастарымыз елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтарды жұртқа жеткізу мақсатында тұрғындарды әртүрлі шараларға тартады, өздері ұйымдастырады.

Жүрегі елім деп соққан тәуелсіздік құрдастары өсіп келеді. Біздің болашағымыз сенімді қолда!

Ел келешегі — біздер

Фариза Төлебаева,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты физика-математика және жаратылыстану факультетінің ІІ курс студенті:

— Тәуелсіз еліміздің құрдасымын. Олай дейтінім, мен 1991 жылы 16 шілдеде дүниеге келдім. Тәуелсіз мемлекетте өмір сүру — біздің басымызға берілген бақыт шығар. Өйткені тәуелсіз елде ғана жастар өсіп-өне алады. Оларға барлық жағдай жасалып, өз талабын ары қарай ұштай түсуге мүмкіндік беріледі. Қалаған мамандығын алып, еркін еңбек етуге құқы болады.

Қазір мен де егемен әрі бейбіт еліміздің студентімін. Оқу үлгерімім жақсы. Мейлінше қоғамдық шараларға қатысамын. Былтыр институтымызда өткен Мұқағали Мақатаев оқуларынан Алғыс хат, мемлекеттік тілге арналған байқауда І орын алдым. Оқуға түскеннен бастап «Еркетай» көңілді тапқырлар командасының мүшесімін. «Еркетай» — Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында оқитын сегіз қыздан құралған команда. Сол сегіз қыздың бірімін. Жақында Астанада Қазақстан КТК Одағының ұйымдастыруымен өткен жоғары лигада қызық әрі көңілді ойын ұсынып, тапқырлық танытып бас жүлдені алып оралдық.

Қазір еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Кейбір елдердегідей түн ұйқымыз бұзылмай, тыныштығымыз да сақталған, еркін күле аламыз. Соған қуанамыз. Елбасымыз, әсіресе, жастар саясатына ерекше көңіл бөледі. Біздерге жағдай жасалған, мүмкіндік бар. Алдағы уақытта да еліміздің кеңге қанат жайып, гүлденуіне біз, жастар, атсалысамыз. Өзімнің тәуелсіз Қазақстанның құрдасы екенімді және осы елдің азаматшасы болғанымды мақтан тұтамын.

Мен де Нұрсұлтанмын

Нұрсұлтан Тәжібаев,

Ақтөбе техникалық колледжінің ІІ курс студенті:

— Мен де тәуелсіз елім — Қазақстанның құрдасымын. 1991 жылы 27 қарашада дүниеге келдім. Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Назарбаев басымдықпен жеңіске жеткеннен соң, әкем ел ағасы болсын деп, есімімді «Нұрсұлтан» қойыпты.

Осы жылдан бастап көпшілік балаларына Нұрсұлтан деп ат қойды. Мәселен, оқушы кезімде біздің класта тағы бір Нұрсұлтан болды.

Шығармашылық жұмыстарға жаным жақын. Кішкентайымнан сурет салуды ұнататын мен Шалқардағы көркемсурет лицейінде бес жыл оқыдым. Сонда біз қолөнерден өткен облыстық байқауда І орын алдық. Біз түбі ағаштан, өзі қуаттандырғышпен жанатын (батарейка) шам жасадық. Бір қарағанда ішінде от жанып жатқан пешке де ұқсайтын. Негізі мен, пейзаж салғанды ұнатамын. Мектепте жүргенімде аудандық бейнелеу өнері көрмелеріне қатыстым.

Сондай-ақ домбыра мен гитара аспаптарында ойнай аламын. Қажет болса, эстрадамен ән де саламын. Өзімнің әр нәрседен хабарымның бары қазір студент кезімде еркін жүруіме де көмектеседі. Оқуым да жақсы. Мамандығым — жол қозғалысын ұйымдастырушы.

Біздің елде білім, өнер қуған жастарға ешқандай шектеу жоқ. Керісінше, демеу беріп, болашақта білікті маман болуына көмектеседі. Осының барлығы Қазақстанның тәуелсіз ел болуымен тығыз байланысты десем, артық айтқандық емес. Басқа мемлекеттердегі құрбыларымыз біздің, Қазақстанның жастарына және қазіргі бейбіт те, еркін өмірімізге қызыға қарайды деп ойлаймын.

P.S. Тәуелсіздікпен бірге өмірге келдік деген Олжас, Фариза, Әлия, Нұрсұлтан секілді өрімдей жастар мықты адамдардың есімін арқалап жүр.  Біз алдағы уақытта олардың жаңа Қазақстанның Олжасы мен Фаризасы, Әлиясы мен Нұрсұлтаны болатынына сенімдіміз. Себебі, қазіргі жас тек бір ғана оқумен шектелмейді, көкіректері ояу, бәрінен  хабардар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button