Тәуелсіздікпен түлеген прокуратура
Қазақстан Республикасы өмірінің барлық саласы еліміздің тәуелсіздік алуының нәтижесінде халық мүддесін қолдайтын мүлдем басқаша күйге енді деп айта аламыз. Конституцияның 83-бабымен және «Қазақстан Республикасындағы Прокуратура туралы» Заңмен реттелген тәуелсіз еліміздің прокуратурасы кеңестік дәуірдегі репрессиялық, жазалаушы органнан ең жоғары құндылық — адам, адам өмірі, құқықтары мен бостандығын, мемлекет пен заңды тұлғалардың заңмен көзделген мүддесін қорғайтын бірден-бір ең жоғарғы қадағалаушы органга айналды.
Қазақстан прокуратурасы ғасырға жуық уақыт қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. Қоғамдағы маңызы зор бұл органның тарихындағы үш маңызды кезеңді атап өтуге болады.
Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің ІІІ сессииясының 2- шақырылымының шешімінен бастау алды. Шешім негізінде Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Соған сәйкес, Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітілді.
Прокуратураның дамуының екінші кезеңінде, яғни 1933 жылы оның өкілеттігі кеңейе түсті. Әділет халық комиссариаты жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізілді. Тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссариатынан бөлінді.
1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конституциясын қабылдады. Бұл оқиғаның республика үшін тарихи маңызы зор болды. Өйткені Қазақстан автономиядан одақтық республикаға айналып, КСРО құрамындағы тең құқықты мемлекет атанды. Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады.
Осы сәттен бастап прокуратураның дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталды. Әділет халық комиссариатынан прокуратура толық бөлінді. Республика құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс жасай бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры С. Есқараев болды. Сол жылы 11 қарашада Әділет халық комиисариатынан прокуратураны бөлу туралы бұйрық шығып, республика прокуратурасы тікелей КСРО-ның прокурорына қарады.
Сол кезеңде прокуратураға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жеке меншік ұйымдары іс-әрекетінің заңдылығын, сонымен қатар жеке адамдардың, тергеу органдарының, анықтау және т.б. органдардың қызметін қадағалау жүктелді.
Алайда прокуратура өзінің тарихында қалыптасқан күрделі жағдайларға байланысты құқық қорғау міндеттерін толық көлемде жүзеге асыра алмаған кезеңді де бастан өткерді.
Кеңес үкіметіне қарсы және ұлтшылдық деген айып тағылып, 8 прокурор саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Олар — Нығмет Нұрмақов, Нұртаза Ералин, Сәдуақас Мәмбеев, Жанайдар Сәдуақасов, Боран Айтмағамбетов, Қанай Боранбаев, Мырзағұл Атаниязов және Сүлеймен Есқараев. Тек 1937 жылдың өзінде ғана прокуратура органдарынан 40-тан астам қызметкер негізсіз жұмыстан шығарылды. Олардың бірқатары революцияға қарсы және ұлтшыл топтарға қол ұшын берді деген желеумен қамауға алынды. Бұл жаппай саяси қуғын-сүргін кезеңі еді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында прокурорлық-тергеу кадрлары Отан қорғау ісінде өшпес ерліктің өнегесін көрсетті. 1942 жылдың тамыз айында 885 прокуратура қызметкерінің 411-і Қарулы Күштер қатарына шақырылып, соғысқа кетті. Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы Мақат аудандық прокуратурасының халық тергеушісі Мұса Баймұқановқа майдандағы ерлігі үшін 1945 жылы 10 сәуірде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Өкінішке орай, ол оны алып үлгере алмады, сол жылы 18 наурызда майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровты кім білмейді? Қарағанды облыстық прокуратурасында тергеуші болған Нұркен жау эшолонының күлін көкке ұшырып, ерлікпен қаза тапты.
Соғыс аяқталған соң прокуратураның қызметкерлері ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін белсенді жұмыс жасады. Мемлекеттік және қоғамдық меншікті мүлтіксіз қорғады, қоғамдық, мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзған адамдармен аянбай күресті.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін прокуратура органдары қызметінің жаңа дәуірі басталды. Прокурорлық қадағалау одан әрі дамыды және прокуратура органдары жүйесі реформаланды. 1991 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақстанның Бас прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды.
Елбасыға ғана есеп беретін және республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-кұқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, Конституцияның, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуын жүзеге асырудың құқықтық тетігі болып табылады.
Гүлжайна ЕРҒАРИНА,
ҚР Бас прокуратурасының
құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Батыс көлік аймағы басқармасының
Қандыағаш көлік аймағы бойынша бас маман-статистигі.



