Білім

Балдырған

Қанатты әлем

Ән мен сән

Құстарға қызығып қарамау мүмкін емес. Өйткені құстар әуезді сайрағыштығымен, сымбатты да сұлу, алуан түрлі сыртқы бейнесімен орманның, саябақтардың, шалғындардың сәнін келтіреді,

Құс атаулының бәрі пайдалы. Құстардың қайсысын болса да қорғау керек.

Құстардың саябаққа, бау-бақшаға, егістіктер мен бақтарға үйірілуіне мүмкіндік жасап, ұсақ құстарға жем шашу, жазда ұялайтын үйшіктер дайындау арқылы қамқорлық жасау — табиғатты көркейтіп, құстарды аялай білудің негізгі шарты.

Құстардың ұясын бұзып, жұмыртқасын жарудан аулақ болуымыз керек.

Міне, қыс айы келді. Бұл кезде жылы жаққа ұшып кетпей, қар жауып, аяз түссе де туған жерінде қалған қанаттыларға ерекше мейіріммен қарағанымыз дұрыс болар еді.

Құстарды қорғайық! Құстар — біздің досымыз.

Аружан АХМЕТОВА,

5-сынып оқушысы.

Құмсай ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Туған жер

Мен Бозойда тұрамын

Мен Бозой ауылында тұрамын. Біздің ауыл өте керемет.

Бозойда Арал теңізі, Қоянқұлақ тауы, Үлкен Борсық құмы, Көксіл бар. Тұрғындардың көбі мал шаруасымен айналысады. Біздер түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі малдарын асыраймыз. Біз соларды етке сойып, сүтін сауып, жүнін сатамыз. Күз айында шөп келеді. Соны сатып алып, малға азық қыламыз.

Арал теңізі Бозойдан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Біз сол жерге мал өнімдерін апарып сатып, теңізге шомылып, қызық көріп қайтамыз.

Ал Қоянқұлақ Бозойдан қашық емес. Сол тауға саяхатқа барып ойнаймыз және тастарға атымызды жазып кетеміз. Ол жердің шөбі өте хош иісті. Иісі мұрынды жарады!

Үлкен Борсық құмы Бозойдың дәл іргесінде орналасқан. Көп балалар сол жаққа барып ойнайды. Жаздың күні сол құмға екі сағат қыздырынуыңа болады.

Біздің ауылда жыртқыштар жоқ. Сондықтан малды уайымсыз жая береміз.

Ал Көксіл керемет жер. Ол жерде ат бәйгесі болады және қазақтың ұлттық ойындары ойналады. Қазақтың көбі сол жерге жиналады.

Мен осы ауылда тұрғаныма қатты қуанамын. Бозой — өте керемет ауыл! Біздің ауылда «Бойтұмарым — Бозойым» және «Бозой» деген ән-өлеңдер пайда болды.

Біздің жердегі қазақтар — салт-дәстүрін ұмытпаған халық.

Жандос МИРМАНОВ,

8-сынып оқушысы.

Бозой ауылы,

Шалқар ауданы.

Отан

Менің алтын бесігім

Бәрі де отбасынан басталады. Біздің жақсы болып өсуіміз, ата-бабаларымыз аманат етіп қалдырып кеткен салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтау, кішіпейіл болу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуіміз, бәрі-бәрі отбасынан бастау алады.

Ал бар білім нәрін сый ететін ұстаздарымыз — екінші анамыз, қамқор болар панамыз. Ұстаз — біздің ақылшымыз. Қандай сұрақ қойсақ та мүдірмей дұрыс жауап беріп жатады, ақылмен түсіндіреді. Кейде ойымыздан шығып жатқан жауаптарды тыңдай отырып, «Осының бәрін қайдан біледі?» деп қаламыз. Әрине, көп оқыған соң, ақылды болған соң, ұстаз болған соң біледі ғой деп ойлаймыз. Ендеше бізге де көп оқу керек, көп іздену керек. Өйткені біз де көп нәрсені білгіміз келеді, ұстаздарымызға ұқсағымыз келеді.

Мектеп — біздің екінші үйіміз, ортамыз, отбасымыз. Менің сыныбым шағын ортам-отаным деп ойлаймын. Отаным өзіме ұнайды,сондай ыстық. Сыныпта біз сабақты таласа оқимыз. Тәртібіміз де жақсы. Сынып жетекшіміз Роза Сапиева апай тәрбие сағаттарын түрлендіріп өткізеді, өзімізді-өзіміз басқаруға үйретеді. Біз өте татумыз, ұйымшылмыз. Қоғамдық жұмыстарды бірлесіп атқарамыз.

Мен алтын бесігім — ауылымды, мектебімді, ұстаздарымды, сыныбымды мақтан етемін. Осындай ортада өмір сүріп жатқаныма мың да бір шүкіршілік етемін.

Ақзат ҚАЛЖАНОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Білім

Аспанда — Күнім,

Тыныштық — түнім.

Адамға керек

Әрқашан білім.

Орынай МЫРЗАЛИЕВА,

Черновод орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

Біздің сынып

Ыстық-ақ сынып-тұрағым,

Білімнің сырын ұғамын.

Мұңайып кірсем сыныпқа,

Көңілді болып шығамын.

Диляра БАХТИЯРОВА,

Талдысай орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button