Ауыл

Мемлекеттік қолдау: меже мен мүмкіндік

Мемлекеттік қолдауды, мемлекет ұсынған мол мүмкіндікті Байғанин ауданының тұрғындары тиімді пайдаланып жатыр. Мысалы, «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясындағы қайтарымсыз грант конкурсына қатысқан екі кәсіпкердің бірі 3,4  миллион теңге, енді бірі 5 миллион теңге ұтып алды.

Шалғайдағы аудан кәсіпкерлері кәсіпкерліктің түрлі саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Ізденісі мол, табанды, іскер шаруашылық иелерінің бірі жүн өңдейтін цех ашуды мақсат етіп отыр. Енді бірі  иппотерапия әдісімен оңалту орталығын ашпақ.

Бүгінде Байғанин ауданында 1392 кәсіпкерлік нысаны бар. Оның 222-сі былтыр ашылды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Обаевтың айтуынша, тұрғындарға кәсіпкерлікті қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы жан-жақты түсіндіріледі. Соның арқасында аудан халқы кәсіп ашуға ұмтылып қана қоймай, шаруаны үйлестіруді де меңгеріпті.  Ауданда жұмысы бір ізге түскен ірі шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер де жеткілікті.

Мұның бәрі жүйелі, табанды жұмыстың нәтижесі. Кәсіпкерлердің белсенділігі өте жақсы. Тынымсыз еңбек етеді. Соның арқасында тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жатыр. Бұған мысалды көп келтіруге болады. Мәселен, 20 шаруа қожалығына 49 жыл жалдау құқығымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскескелері табысталды. Бұл шара конкурстық әдіс бойынша өткізілді. Қазір аталған шаруашылықтар мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көріп отыр, — дейді Руслан Обаев.

Жүн өңдеу цехы ашылады

—  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы қайтарымсыз гранттар алу конкурсында біздің ауданнан 4 үміткер бақ сынады. Қорытындысында екеуі жеңімпаз атанды. Мысалы, Жанар Қоштанбекова киім цехын ашу жобасы бойынша жеңімпаз атанды. Оған 3,4 миллион теңге қаражат табыс етілді.  Бүгінде  Жанар Қоштанбекова киім цехын ашу жұмыстарын бастап кетті.  Қазір цехта киім,  көрпе, перде тігілуде. Сондай-ақ қыз жасауы да дайындалады.

Екінші жеңімпаз Медет Бақдәулет жүн өңдеу  цехына құрылғылар алу  мақсатында  5 миллион теңге ұтып алды. Жүн өңдеу — еліміз бойынша өзекті мәселе. Негізгі шаруашылығы  мал шаруашылығы болғандықтан біздің ауданға шикізат өнімдерін қайта өңдейтін өнеркәсіп керек. Медет Бақдәулет осы мақсатта жүн өнімдерін қайта өңдеуді қолға алуда. Қазіргі таңда кәсіпкер құрылғыларды сатып алу мақсатында жұмыс жасап жатыр. Цех жұмысын бастағанда 5 жұмыссыз жұмыспен қамтылатын болады, — дейді Руслан Обаев.

Оның айтуынша, «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында  «Эльбрус», «Қызылшоқы» шаруа қожалықтары электр жабдықтарымен, жоғары кернеулі желімен қамтылыпты.

Естайдың жобалары

2019 жылы Сарытоғай ауылдық округінің орталығы Алтай батыр ауылының маңында «Ая» шаруа қожалығы ашылған  болатын. Мұнда жылқы өсіріледі. Аталған шаруашылыққа мемлекеттік бағдарламаның арқасында электр желісі тартылды. Қазір  шаруашылық басшысы Естай Сисенбаев ауданда баламасы жоқ, облыстың өзінде санаулы ірі жобаны жүзеге асыруды  жоспарлап отыр. Яғни мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісі арқылы емдеу орталығын ашуды қолға алмақ. Бұл үшін кәсіпкер аудандағы жағдайды зерттеп те көрді. Біздің өңірде 500-ге жуық адамның тірек-қимыл жүйесі бұзылған. Бұл дертпен күрестің тиімді тәсілінің бірі — атқа міну.

Кәсіпкер кенже дамыған саланың бірі туризмді де дамытуды мақсат етіп отыр. Байғанин ауданында тылсым сыр бүккен ғажайып жерлер, табиғи тарихи ескерткіштер өте көп. Мысалы, Ақбота-Сәңкібай, Бөрілақ, Зымыстан, Құлшардың шоқысы, Күлдірдің тақыры, Аққұм, Ақтолағай  секілді киелі жерлерге еліміздің ғана емес, шетелдік туристер де қызығушылық білдіруде. Ақтолағай қырқасы туралы қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі сайттарда материалдар жарық көрген. Соның арқасында Америка, Қытай, Венгрия, Польша секілді елдерден жүзден астам шетелдік турист қызығушылық танытып, хабарласуда. Сұранысқа сай қызмет етуді кәсіпкерлеріміз де құп көруде, — дейді бөлім басшысы. Оның айтуынша, «Ая» шаруа қожалығында болашақта қымыз капсула түрінде шығарылып, алыс-жақын шетелдерге экспортталады екен. Шаруашылықтың 3 жылға жоспарлаған жұмысы 2022 жылға дейін толық аяқталмақ.

«Еңбектің» нәтижесі

Руслан Обаевтың айтуынша, ауданда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында да көптеген игі іс тындырылуда. Былтыр аталған бағдарлама бойынша 1926 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, қорытындысында жоспар артық орындалып, жұмысқа тартылғандардың саны 2937 адамға жеткен. Аталған мемлекеттік бағдарламаның арқасында ауданда 63 кәсіпкер жалпы құны 261,7 миллион теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алыпты. Бұл қаражатты кәсіпкерлер ауылшаруашылық саласында мал басын көбейту мақсатына жұмсауда.

Сонымен қатар аталған бағдарлама бойынша 4 кәсіпкер логистика саласында, яғни жүк тасымалдау бағытында автокөлік алыпты.

— Биыл да «Еңбек»  бағдарламасы арқылы 1926 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 25 адамға қысқа мерзімді кәсіптік білім беріледі. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 73 адамға жалпы көлемі 286 миллион теңге көлемінде шағын несие беру жоспарда бар. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы 60 адам  кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Биыл жаңа бизнес- идеяларды іске асыру мақсатында 40 адамға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант берілетін болады, — дейді бөлім басшысы.

Асылтұқымды мал басы артты

Байғанин ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да біраз жұмыс қолға алыныпты.

— Мал басын көбейтуге ниетті кәсіпкерлер үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да игілігі мол. Өңірде 9 шаруа қожалығы асылтұқымды ірі қара сатып алу үшін жалпы құны 344,2 миллион теңге көлемінде төменгі пайызбен несие алды. Мысалы, «Мұхамедияр» шаруа қожалығы 10,1 миллион теңге,  «Таң» шаруа қожалығы 16 миллион теңге, «Рәуаж»  шаруа қожалығы 50 миллион теңге алды. Сондай-ақ «Ернұр»,   «Ди-Нур», «Құлагер», «Асылбек», «Бекбас-би», «Нұрталап» шаруа қожалықтары да төменгі пайызбен берілетін несиеге қол жеткізді. Қазір аталған шаруашылықтардың иелері  мал басын асылдандыру мақсатында жұмыс жасауда, — дейді Руслан Обаев.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша ауданда асыл тұқымды құрамды асылдандыру бағытында 79 шаруа қожалығы жалпы 44,190 млн теңге көлемінде субсидиялау арқылы қаржыландырылған.

Жалпы ауданда 494 шаруа қожалығы, 7 ЖШС, 6 өндірістік кооператив жұмыс істейді. Негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы саналатын өңірде төрт түліктің бәрі  бар. Мүйізді ірі қара саны — 41 648, қой-ешкі — 122 717, жылқы — 20 710, түйе — 3297 бас. Жыл өткен сайын асылтұқымды мал басы артуда. Бұған бұл мақсатта көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың септігі көп.

Ауданда 62 шаруа қожалығы аналық мал басына берілетін субсидия алу үшін құжаттарын дайындап қойыпты.

Қазылған құдық, электр қуаты, жаңа техника үшін субсидия алды

Шаруаның ілгерілеуі шаруашылықтың сумен қамтылуына да тығыз  байланысты. Шаруашылықтарды су көзімен және электрмен қамту бағытында да біраз шаруа тындырылды. Былтыр шаруашылықтарға жалпы 21 скважина (скважинаның негізгі құнының 80 пайызы мемлекет тарапынан қаржыландырылды), 88 күн панелі орнатылды. Сондай-ақ 88 шаруа қожалығына құдық қазғаны және тұтынған электр қуаты үшін субсидия берілді. Жалпы, осы екі бағыт бойынша, яғни су көзі және электр қуатымен қамту бағытындағы жұмыстар үшін аудан кәсіпкерлеріне 256,2 миллион теңге қаржы бөлінді, — дейді Руслан Обаев.

Тұқымдық құрамды жақсарту мақсатында 79 шаруа қожалығына жалпы көлемі 45,7 миллион теңге көлемінде субсидия берілген.

Айта кету керек, ауылшаруашылық шығындарын азайту мақсатында  жаңа алынған әр техниканың негізгі құнының 25 пайызы субсидияланады. Былтыр  сатып алынған 28 техникаға субсидия беріледі. Шаруалар жалпы құны 142,106 миллион теңгеге трактор, шөп шабатын техника, тырма, шөпмаялағыш және тағы басқа техникалар сатып алды, — дейді бөлім басшысы.

P.S.

Биыл ауданда «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ жалпы құны 240 миллион теңгеге бағаланатын 8 инвестициялық жоба іске қосылады екен. Олардың арасында көлік жуу бекеті, жанар-жағармай бекеті, қонақүй құрылысы бар.  

Ауданда халыққа қызмет көрсетудің кейбір түрлері жоқ. Бұл мәселені шешу мақсатында биыл кемпинг салу, жылыжай ашу, ауылдық округтерден шаштараз, наубайхана ашу жоспарланып отыр. 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button