Әлеумет

Әлеумет атсалысса…

Әлеуметтік жоба

«Ақтөбе облысының мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігі С.Жиенбаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Қолжетімді Қазақстан» әлеуметтік жобасына қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Үстел басына облыстық басқармалардың қызметкерлері, қалалық бөлімдердің басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және мүгедек балалардың ата-аналары жиналды.  

Әуелі Ақтөбе қаласы бойынша аймақтық жоба директоры, қалалық мәслихат депутаты, «Пандус Оk» ЖШС басшысы Шахан Жолдасбаев аталған әлеуметтік жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

— Мысалы, мен екі баланың әкесі ретінде балабақшаға, сондай-ақ шаштаразға да еркін кіріп-шыққым келеді. Пандемиядан тыс уақытта да қаламыздағы нысандарда пандустың жоқтығы, пандусы болса, жақтауларының болмауы, болса, талапқа сай еместігі кедергі келтіре береді. Бұрын салынған үйлерде қарастырылмаған болар. Ал қазір ше? Соңғы үлгіде салынып жатқан үйлердің өзінде де бұрынғы кемшіліктерді қайталай беретініміз өкінішті-ақ. Ал мына жоба сондай олқылықтарды болдырмау үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінде қаламызда мүмкіндігі шектеулі 17 мыңнан астам азамат бар. Бұл цифрға қарт кісілер мен бала арбасымен жүрген аналарды қосыңыз. Қанша адамның көптеген нысанға еркін кіріп-шығуы мұң екенін түсінуге болады. Сол үшін де осындай мәселелерге бейжай қарамайтын кез келген азамат онлайн карта жобасына атсалысуларына болады,  — дейді Шахан Жолдасбаев.

«Ақтөбе облысының мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмирам Сражова қала нысандары мен қызметтерінің қолжетімділігі туралы мәліметтер жинақталған «Қолжетімді Қазақстан» онлайн карта жобасы, яғни doskaz.kz сайты туралы кеңінен әңгімеледі.

— Картаға енгізілген ақпараттар қозғалысы шектеулі адамдарға қалада еркін жүріп-тұруға мүмкіндік береді. Бүгінде картада Ақтөбе қаласы бойынша мың нысан туралы ғана мәлімет бар. Картада көрсетілмеген жерде жүрген адам ыңғайлы интерфейс арқылы нысанның қолжетімділігі туралы ақпаратты бәрімен бөлісе алады. Екі қызметкеріміз келіп түскен ақпараттарды қарап, саралап отырады. Нысандар туралы онлайн картаны жасақтауға әлеумет атсалысса дейміз, — дейді жоба үйлестірушісі Гүлмирам Сражова.

Айтпақшы, Еуропалық Одақ бұл жобаға 1 миллион 200 мың теңге бөліп, ол жаңағы екі қызметкерге демеушілік көмек ретінде берілген.

Шара барысында Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Сейітмағамбет Шілманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Эльмира Сүйіншалина, тағы да басқа қалалық бөлім басшылары өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге ұйымдастырушылар жергілікті билік өкілдерін 25-26 ақпанда онлайн режимде өтетін «Қолжетімді Қазақстан» жобасының жалпы республикалық конференциясына қатысуға шақырды.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button