Мәселе

Темекіні қойдырудың жолы — қымбаттату…

Жаңа жылдан бастап, елімізде темекі бағасы 25 пайызға қымбаттайтын болды. Осыған орай Парламент Сенаты Мәжіліс мақұлдаған заң жобасын екі оқылымнан кейін қабылдады. Ондағы мақсат —  темекі нарқын Ресейдің сауда орындарымен теңестіру және, депутаттардың ойынша, қымбаттату арқылы елде шылым шегетін ер-азаматтардың қатарын елеулі түрде  азайту. Бұл шаруа  бірнеше сатымен жүргізіледі. Алдағы 3 жылда темекі құны осылайша өсе бермек.

Бүгінгі күні мемлекетімізге темекі сатудан түсетін  салық 13%  ғана екен. Ал өзге елдерде бұл көрсеткіш үш-төрт есеге көп. Дүниежүзілік  денсаулық сақтау ұйымы темекі өнімдерінен түсетін салықты 70%-ға дейін жеткізуді  ұсынып отыр.
Сондықтан да депутаттар акциздердің бағасын тым болмаса ресейліктермен теңестіруді ұсынады, оларда салық жинағы 54 % құрайтын көрінеді. Шылым саласындағы тағы бір жаңалық — жақын күндері  елімізде сатылатын темекі қораптарының дизайны өзгермек. Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа кіретін елдер (Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан  және Тәжікстан) жаңа айла-тәсіл ойлап табуда. Соған сәйкес, жуықта темекі қораптарында шылым шегуден бас тартуды насихаттайтын суреттер пайда болуы мүмкін. Оларға шылым шегудің тигізетін зияндарын көрсететін суреттер жапсырылмақ. Мысалы, обырмен зақымдалған адам өкпесі.
Сонымен, Қазақстанда темекіге қарсы науқан күш алып келеді.

Республикалық статистикалық агенттік  мамандарының мәліметтеріне сүйенсек,  әлемде жыл сайын 5 миллион адам темекінің кесірінен көз жұматын болса, оның 25 мыңы — қазақстандықтар екен. Қазіргі уақытта республикада орташа есеппен 4,2 миллион адам темекімен әуестенеді.

Әлемдік көрсеткіштерге назар аударар болсақ, темекіні көп тартатын ел — Қытай. Одан кейін — Түркия, үшінші орында — Ресей, содан соң Бангладеш және ТМД елдері, соның ішінде Қазақстан. Сондықтан темекі тарту мен шылым өнімдерінің таралуы жөнінде біз қауіпті аймақтардың қатарына жатамыз. Осы елдердің қатарындағы Түркия темекіге қарсы қатаң шектеулерді бір жыл бұрын қабылдаған. Оған халықтың жекелеген бөлігі қарсы болып, шеруге шыққанымен, үкімет өз ұстанымынан қайтпай, заңды қабылдап, қазір жұмыс істеп жатыр.

Ал біздің елдегі қабылданған кодексте бұрынғы нормалардан өзгеше талаптар қойылды. Ең бастысы, бізде мемлекеттік орындарда шылым шегу шектелді. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, әсіресе, жастар жиі баратын түнгі клуб, барларда темекіге қатаң тыйым салынды. Сонымен қатар театр, кинотеатр, спорт орталықтары, цирк, концерт залдары, мұражай секілді мәдени орындарда да шылым шегуге болмайды. Жалпы қоғамдық орындарда толық шектеу қойылды. Мейрамхана, дәмханалардың тек арнаулы бөлмелерінде ғана темекі шегуге рұқсат. Ал әуежайларда, пойыздың ішінде, жұмыс орындарында темекі тартуға болмайды. Түнгі клубтарда жүз пайыз тыйым салынды. Себебі оған негізінен жастар баратындықтан, депутаттар осы талапқа қатты назар аударып отыр. Бұдан өзге темекі қорабының сыртындағы берілетін түсініктерге байланысты нормалар енгізілді. Ең бастысы, онда «18 жасқа дейінгі балаларға сатуға болмайды» деген жазу болуы қажет. Темекінің сыртындағы «жеңіл, жұмсақ» деген адамға жаңсақ түсінік беретін жазулар ендігі жерде алынып тасталады. Темекіні ашық және балаларға арналған тауармен бірге сатуға тыйым салынады. ДДСҰ талабы бойынша, темекі қорабының 40 пайызына шылымның зияндылығы туралы әртүрлі түсініктер жазылуы қажет. Оны сурет түрінде де қолдануға болады.

Зияны жайындағы «жыр»

Темекінің адам денсаулығына зияны жөнінде көп айтылып жүрсе де, жұртшылық мән бергісі келмейді. Темекінің әр талы адам өмірін 12 минутқа қысқартатыны дәлелденген шындық. Темекі түтінінде 4000-ға жуық химиялық зат бар екендігі анықталып отыр. Барлығы бірдей адам ағзасына залал. Оның ішінде никотин, шайыр, көміртегі тотығы және канцероген секілді заттардың зардабы аса ауыр болып келеді. 100 мг. никотинді бірден қабылдаған адам өледі. Бұл никотин мөлшерін екі қорап темекіден алуға болады. Әрине, екі қорап темекі шеккен адам өле қоймайды. Өйткені ол оның бәрін бір сәтте қабылдап үлгермейді. Адам оны күні бойы шегеді. Уланбайтыны сондықтан.
Тек бір тал темекі тартқан адамның бүйрегіндегі бездерден адреналин және норадреналин деп аталатын гармондардың бұзылуы басталады. Асқазанның қышқыл сұйықтығы (запыран) артады. Адамның тыныс алуы тездейді. Жүрек соғу жиілеп, оның қалыптан артық жұмыс істеуіне алып келеді. Қан қысымы артады. Міне, мұның бәрі бір тал темекідегі никотиннің әсерінен болатын жайттар. Мұның соңы адамды аса қауіпті асқынған ауруға душар етуі әбден мүмкін.
Шылымқорлар шетінен ұмытшақ болады. Олардың күш-қуаты азайып, шаршауы көбейеді. Әлсізденеді. Әрекет етуге құлықсызданады. Тәбеті тартпайды. Ұйқысы қашады.
Темекінің құрамындағы улы заттар  өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл заттарды үш топқа бөледі: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар.

Бұл  заттардың ішіндегі бәріне  белгілісі —  никотин. Ол өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа әртүрлі органдарға жағымсыз әсерін тигізеді. Никотин – у, оны үлкен мөлшерде қолданғанда: тамыр соғуын жиілетеді, басты айналдырады, вестибулярлық аппараттың жұмысын бұзады, салқын тер шығып, адам құсады және  бозарып кетеді.

Никотин темекі өсімдігінен шыбын-шіркейлерден қорғалу үшін синтезделеді, сондықтан оны табиғи инсектицид деп те атауға болады. Егерде құстың (торғайлар немесе көгершіндердің) тұмсығына  никотинмен суланған шыбықты апарсаңыз-ақ болғаны, олар  өліп қалады. Үй қояны ¼ никотин тамшысынан, ал ит ½ никотин тамшысынан өліп кетеді. Адамды өлтіруге никотин мөлшері 50-100 мг болса-ақ жетіп жатыр немесе 2-3 тамшысы да жеткілікті. Бұндай мөлшердегі никотин адамның қанының құрамына 20-25 сигаретті тартқаннан кейін-ақ  жиналады.

Темекі түтінінің қауіпті қоспасы — ысты газ.  Ол — шылым шегушінің жүрек ишемиялық ауруының дамуының ең басты себебі.

Темекіде смола заттарының көп мөлшері болады. Егерде адам күніне бір қорап темекі тартатын болса, оның өкпесіне 700 гр смола түседі, оның құрамында 100-ге жуық әртүрлі канцерогендік заттар бары анықталған. Бұл канцерогендердің (қатерлі ісік тудыратын заттар) ішіндегі ең қауіптісі — бензпирен. Ол осы кезге дейін никотин темекінің нөмір бірінші улы заты деп саналып келген болса, қазіргі күні бірінші орында темекінің радиоизотоптары болатындығы анықталды. Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай,  зиянды әсерлерін жалғастыра береді.

Адамды 200 рет рентгенге түсіргенде денеге өтетін радиациялық мөлшерді адам күніне 20 сигарет тарту арқылы қабылдап жатады.

Деректер

  • Темекінің түтіні автомобильдердің шығаратын зиянды заттарынан 4 есе көп.
  • Бір текше миллиметр темекі түтіні 3 млн. ыстың бөлшектерін құрайды.
  • Әрбір тал шылым денедегі 25 мг С витаминін жояды, бұл дегеніміз бір апельсиннің құрамындағы С витаминіне тең болады.
  • Германия ғалымдарының зерттеуінше, бір сигарет адам өмірін 12 минутқа кемітеді.
  • Адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе артық кір ауамен демалғандай болады.
  • Темекі тартатын адамның өкпесі темекінің түтінінен смолаға ұқсап кетеді. Бір жылда темекі тартқыш адамның өкпесіне 800 г  темекі смоласы жиналады.
  • Егерде адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы 8 жылға қысқарады. 15 жасында темекі тарта бастаған адамдардың өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болуы  25 жасында бастаған адамдарға қарағанда бес есеге көп.
  • 70 жыл бойы адамның 2575 млн. рет жүрегі соғады. Ал темекі шеккеннен кейін жүректің соғуы жиілейді де жұмыс істеуі жылдамдайды. Егерде адам күніне 20 шылым тартса, оның жүрегі 10 сағат бойына жиілеген соғумен жұмыс істейді. Сондықтан, оның жүрегі 70 жылдық 2575 соғуды, әрине, одан қысқа уақытта соғып бітіреді. Сондықтан да темекі тартқан адамның өмірі қысқа болады.

Таиландта шылымның кері әсерін үгіттеу тиімді, тез сезіндіретін әдістермен жолға қойылған. Мәселен, темекі қорабының сыртында оны тартудан болатын түрлі ауруларға ұшыраған адам мүшелерінің суреті бейнеленген. Онда тістері шіріген, миына жара шыққан, беті іріңдеген адамдардың суреті темекіден безіндіріп жіберердей көрінеді. Ал шағын телекөрсетілімдер арқылы темекіден адам ағзасының қалай қартаятыны, қыздардың бетіне неге тез әжім түсетіні — бәрі ұтымды көрсетілген. Өкініштісі, бізде әрбір сегізінші мектеп оқушысы темекі шегеді. Темекі тартқан адамның нашақорлықты да оңай қабылдайтыны туралы дәлелді пікірлер бар.

Жыл сайын дүниежүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Мұны жыл бойына әр күн сайын 25 ұшақ апатқа ұшырап, сол себепті түгел ажал құшқандардың санымен салыстыруға болады. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Бұл – бұл ма, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінетін болсақ, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард тірі адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді. Бұл қолайсыз мәлімдеме үрейлендіріп, үркіту үшін емес, нақты факт негізінде жасалып отыр. Ал Қазақстанға келер болсақ, қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен. Оның басым бөлігі — орта жастағы адамдар.

Әзірлеген Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button