Басты жаңалықтарМәселе

Интернет-алаяқтар азаймай тұр…

Уақыттың талабына сай түрлі әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да көп. Қазір алаяқтық қылмыстардың көпшілігі интернет арқылы жасалады екен.

Биылдың өзінде Ақтөбе облысында 522 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Полиция өкілдері интернет-алаяқтыққа қарсы қандай іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Тұрғындар неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жәнібек Шагиров жауап берді.

Алаяқтың әдісі көп

Цифрлық технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтар да түрлі айла-тәсілдерге көшіп, халықты алдау жолдарын көбейтуде. Жәнібек Шагиров облыста  қазір ең көп таралған интернет-алаяқтықтың түрлеріне тоқталды.

Биыл облыста интернет-алаяқтық бойынша 522 арыз түсті. Оның ішінде 77 іс аяқталып, сотқа жолданды. Тіркелген қылмыстың 19,7 пайызы ашылды.

Алаяқтықтың ең кең таралған түрі — өзін банк қызметкері ретінде таныстыру. Бұл жағдайда алаяқтар азаматтарға телефон арқылы хабарласып, өзін банк өкілі ретінде таныстырады. Әңгіме барысында олар түрлі қауіп-қатер туралы айтып, жәбірленушіні қорқытып, сеніміне кіреді. Нәтижесінде азаматтың атына несие рәсімдеп немесе оның жинақ шотындағы қаражатын өз есепшотына аударып алады. Кей жағдайда полиция қызметкері немесе ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі ретінде де хабарласады. Алдымен 1414 нөмірі арқылы sms-хабарлама жіберіп, ондағы кодты айтуын өтінеді. Сондай-ақ «Қазпошта», «Қазақтелеком» мекемелерінен, ұялы байланыс операторларының атын жамылып телефон соғатындар да бар. Екінші рет хабарласқанда: «Сіз жаңа ғана алаяққа sms-кодты айтып қойдыңыз, енді сіздің атыңызға несие рәсімдегелі жатыр. Ақшаңызды қауіпсіз шотқа жіберуіңіз қажет» деп қорқытып, арам ойын жүзеге асырады, — дейді Ж.Шагиров.

Оның айтуынша, алаяқтар полиция өкілі болып, видеоқоңырау арқылы да хабарласады. Арнайы полицейдің киімін киіп, түрін жасанды интеллект бағдарламасы арқылы өзгертеді. Қолындағы жалған қызметтік куәлігін көрсетіп өзін таныстырады. Тіпті өзі отырған қызметтік кеңсесінен еліміздің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын да байқауға болады. Мұның барлығы — азаматтарды сендіру үшін ұйымдастырылған амалдар. Әдетте олар банк шоттарындағы күмәнді операциялар жайлы хабарлайды және алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүріп жатқанын айтады. Сондай-ақ олар тексеріске көмектеспегеніңіз үшін жауапкершілікке тартылатыныңызды айтып қорқытуы да мүмкін.

Нені білуіміз қажет?

Сондай-ақ алаяқтықтың ең көп таралған тағы бір түрі — WhatsApp арқылы танысыңыздың ақша сұрауы. Алаяқ мессенджердегі аккаунтты бұзып, оның иесінің туыстарына «емдеуге» немесе «айыппұл төлеуге», «несиені өтеуге», т.б. жағдайларға орай шұғыл ақша аударуды сұрайды. Сондықтан ақша аудармас бұрын туысыңызға, жақыныңызға қайта қоңырау шалып, сөйлесіп алған дұрыс.

WhatsApp желісін бұзып кірген алаяқ алдымен жақсылап анализ жасайды. Себебі олар — мықты психолог әрі IT мамандары. Кіммен жақын сөйлесетінін жіті зерттейді. Содан кейін барып түрлі жолмен ақша сұраудың амалын қарастырады. Қазір WhatsApp топтарға «суретіме лүпіл бас, сілтемеге кіріп, дауыс бер» деген мәтінмен келетін хабарламаларға да сенуге болмайды. Бұл хабарламаға өткен адамның WhatsApp мессенджері автоматты түрде бұзылып, алаяқтар олардың жеке шотынан ақша алу амалдарын жасайды. Сондай-ақ адамның суретін пайдаланып, басқа нөмір арқылы ақша сұрайтындар да көп. Алаяқтықтың мұндай түрі бойынша әсіресе, мектеп директорлары мен мұғалімдері жиі шағымданып жатады, — дейді ол.

Сонымен қатар қазір адамдарды жалған инвестициялық жобаларға қатыстыру кең таралған. Алаяқтар жәбірленушіге аз уақыт ішінде үлкен пайда табуға болатынын айтып, сеніміне кіреді. Әуелі шағын сома салып көріп, табыс тапқандай әсер қалдырып, кейін үлкен қаражат салуға үгіттейді. Осылайша азаматтар мол табысқа қол жеткіземін деп сан соғып қалады.

Сондықтан жауаптылар алаяқтардың арбауына түспеу үшін қарапайым ережелерді есте сақтауды қатаң ескертуде.

Егер сізге немесе жақындарыңызға өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адам хабарласса, әңгімені бірден тоқтату керек. Естеріңізде болсын, банк қызметкерлері тұтынушыларға телефон арқылы хабарласып, қандай да бір операция жүргізіліп жатқанын айтпайды. Сондай-ақ телефон арқылы келген құпия кодтар мен жеке деректерді ешкімге айтуға болмайды. Қажет болған жағдайда банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді.  

— Қазір жасөспірімдер компьютермен түрлі ойындар ойнайтыны белгілі. Осы тұста жақында Шымкент қаласындағы 13 жастағы баланы алаяқтар арбауына түсірген. Жәбірленуші ойын ойнау барысында экранның бір бөлігінен шығып тұратын диалог хабарлама арқылы белгісіз адаммен сөйлескен. Алаяқ онлайн ойынға қатысты аккаунт беретінін айтып, сеніміне кірген. Анасының ұйықтап жатқан сәтін пайдаланған ол баласынан банк картасының екі жағын суретке түсіріп жіберуді сұраған. Жасөспірім еш ойланбастан анасының картасын жіберіп, телефонына келген sms-кодты да айта салған. Алаяқ осы сәтте банк карточкасынан 2 миллион теңге аударып алған, — дейді ол.  

Қылмысқа қарсы күрес күшейді

Жәнібек Шагировтың айтуынша, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы мониторинг аясында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 3741 күмәнді сайт анықталып, бұғатталған. Бүгінде «Локомотив», «Кинопарк» кинотеатрларында және «SULPAK» дүкендерінде күн сайын интернет алаяқтыққа қарсы бейнероликтер көрсетіледі.

— WhatsApp желісінде «STOP-алаяқтық» арнасы ашылып, онда алаяқтық түрлері туралы мәліметтер мен бейнежазбалар күн сайын жариялануда. Аталған арнаның материалдары қала және аудан бөлімшелеріне жіберіледі. Жергілікті полиция қызметкерлері whatsApp-тағы чаттар арқылы бұл материалдарды халық арасында кеңінен таратады. Қазіргі таңда арнада 63 мыңнан астам жазылушы тіркелген. Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа қатысты азаматтардың сұрақтарына жауап беретін telegram-бот әзірленіп жатыр.

Өткізілген іс-шаралар туралы мәліметтер мен бейнематериалдар Polisia.kz ақпараттық порталында кеңінен жарияланып отырады. Мұндай ақпараттық қолдаулар азаматтардың назарын цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне аударуға кеңінен мүмкіндік береді деген сенімдеміз, — дейді ол.

P.S. Интернет-алаяқтықтың көбеюіне жоғарыда аталған бірқатар факторлар себеп болып отыр. Дегенмен ең басты себеп — ол адамдардың аңқаулығы. Өйткені интернет-алаяқтықтың дені әлеуметтік желілері арқылы жасалады. Ал жәбірленушілер интернетпен байланысты қандай да бір әрекет жасау кезінде кіммен сөйлесіп отырғанын және қандай тауар сатып алып жатқанын нақтыламай, ақшаларын өз қолдарымен алаяқтарға ұстатып жібереді. Мамандар әр адам цифрлық сауаттылығын арттырмайынша, интернет- алаяқтықтың азаймайтынын айтады. Сондықтан тұрғындарға алаяқтардың арбауынан барынша сақтануды ескертеді. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button