Басты жаңалықтарМәселе

Алаяқтар айласын асырмасын!

Интернет-алаяқтық — қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналып отыр. Себебі жыл өткен сайын интернеттегі алаяқтардың саны артып барады. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қылмыстың осы түріне қатысты 626 дерек тіркелген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 25 пайызға өсіп отыр. 

Полиция өкілдері интернет алаяқты ғана қарсы қандай іс-шараларды қолға алуда? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Жұртшылық неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді? Біз осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрдік…

Тәсілі түрленген алаяқтар

Күнделікті өмірде ұялы телефо­нымызға әртүрлі хабарламалар келіп, белгісіз нөмірлерден қоңырау түсіп жатады. Қарапайым халықтың кейбір бөлігі бұл әдістердің алаяқтардың іс-әрекеті екенін бірден аңғарса, кейбірі тұзаққа оңай түсіп, шығынға батуда. Соңғы уақытта адамдардың санасын жалған ақпаратпен жаулап, жарға жығып кету жағдайлары жиілеп кетті. Алдаудың тәсілдері сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты — аңғал адамдардан көбірек ақша жымқыру.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров интернет-алаяқтықтың көбеюіне бірнеше фактор әсер ететінін атап өтті.

— Ең алғашқысы —  қазіргі таңда ақпараттық құрылғылардың адамның күнделікті өмірінде жиі қолданылуы. Мысалы, онлайн тауар сатып алу, жалға алу, ақша жіберу, интернет-банкинг және т.б. интернет арқылы жасалатын қызметтер. Күннен-күнге интернеттің мүмкіндігі артқан сайын алаяқтардың жаңа әдіс-тәсілдері өзгеріп жатыр. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін түрлі әлеуметтік желілерді кеңінен пайдалануда. Оның ішінде ең көп таралған түрі — көпшілігіміз қолданатын WhatsApp, Instagram, Telegram әлеуметтік желілері және OLX.kz, kolesa жарнама сервистері. Тағы бір себеп — кей азаматтардың қарапайым киберқауіпсіздік ережелерін сақтамауы, — дейді ол.

Оның айтуынша, ең жиі кездесетін алаяқтық түрлерінің бірі — онлайн сауда. Қазір OLX.kz, Instagram арқылы тауар сатып, кейін байланысты үзіп, ізін суытатын алаяқтар көбейген. Сондай-ақ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, карта деректерін сұрау да кең таралған интернет-алаяқтықтың бір түрі. Әңгіме барысында олар түрлі қауіп-қатер туралы айтып, жәбірленушіні қорқытып, сеніміне кіреді. Нәтижесінде азаматтың атына несие рәсімдеп немесе оның жинақ шотындағы қаражатын өз есепшотына аударып алады. Жалған инвестициялық жобалар мен криптовалютаға ақша салуға итермелейді. Сондай-ақ жұмысқа орналастыру немесе «ұтысқа іліктіңіз» деген алдау тәсілдері бар.

1414 нөмірінен келген хабарлама…

Алаяқтар кей жағдайда полиция қызметкері немесе ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі ретінде де хабарласады. Алдымен 1414 нөмірі арқылы SMS хабарлама жіберіп, ондағы кодты айтуын өтінеді. Сондай-ақ «Қазпошта», «Қазақтелеком» мекемелерінен, ұялы байланыс операторларының атын жамылып телефон соғатындар да бар.

Осы орайда жақында облыста интернет-алаяқтық бойынша қылмыстық іс тіркелген. Атап айтсақ, 35 жастағы бір жігіт алаяқтарға алданып, 8 миллион теңге несие алған. Әлгі жігітке әккі алаяқтардың біреуі хабарласып, өзін «Қазпошта» қызметкері ретінде таныстырған. Тапсырыс берген затының поштаға келіп тұрғанын хабарлап, ол үшін 1414 нөмірінен келген SMS кодты айтуын сұраған.

Алайда бұл код іс жүзінде жәбірленушінің банктік шотына қол жеткізу үшін қаржылық операцияларды растауға арналған. Аңғал жігіт басқа да жеке деректерін айта салған. Қазіргі таңда алаяқ әлі ұсталмапты. Жалпы өңірде мұндай мысалдар өте көп. Біреулер пәтері мен көлігінен, ал кейбіреулері есепшотындағы ақшасынан айырылып жатыр. Бір қарағанда қарапайым болса да, осындай алаяқтарға көп адам алданып қалып жатыр.

Сондай-ақ алаяқтықтың тағы бір түрі — WhatsApp арқылы танысыңыздың ақша сұрауы. Алаяқ мессенджердегі аккаунтты бұзып, оның иесінің туыстарынан шұғыл ақша аударуды сұрайды. Сондықтан ақша аудармас бұрын жақыныңызға қайта қоңырау шалып, сөйлесіп алған дұрыс.

Жәнібек Шағыровтың айтуынша, қазір алаяқтар полиция өкілі болып, видеоқоңырау арқылы да хабарласудың да амалын тапқан. Арнайы полицейдің киімін киіп, түрін жасанды интеллект арқылы өзгертеді. Қолындағы жалған қызметтік куәлігін көрсетіп өзін таныстырады. Тіпті өзі отырған қызметтік кеңсесінен еліміздің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын да байқауға болады. Әдетте олар банк шоттарындағы күмәнді операциялар жайлы хабарлайды және алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүріп жатқанын айтады. Мұның барлығы азаматтарды сендіру үшін ұйымдастырылған амалдар.

— Соңғы уақытта жасанды интеллект бағдарламасы арқылы алдайтындар көбеюде. Ол үшін DeepFake технологиясы мен нейрожелілерді пайдаланады. Мәселен, адамның дауысын көшіріп, туысы сияқты хабарласып, ақша сұраған жағдайлар болды.

Егер алаяқтар VPN, шетелдік телефон нөмірі, криптовалюта немесе анонимді сервистерді қолданса, оларды анықтау мен ұстау күрделене түседі. Бұл — уақыт пен арнайы техникалық сараптаманы талап ететін күрделі жұмыс, — дейді ол.

Сондай-ақ көп жағдайда тұрғындар Instagram, Telegram, OLX.kz, TikTok желілеріндегі жалған аккаунттардан, күмәнді сілтемелерден жапа шегіп жатады. Мысалы OLX.kz платформасында көлік сатып алмақ болған азамат алдын ала төлем жасап, кейін сатушы мүлде байланысқа шықпай қойған.

Сақтықта қорлық жоқ

Полиция өкілдері ешқашан бейтаныс адамдарға жеке немесе банктік мәліметтерді бермеуді және де әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сенбеуді ескертеді. Сондай-ақ расталмаған сілтемелерге де өтуге болмайды. Құпиясөздерді жиі жаңартып отырған дұрыс.

— Көпшілігі алаяқтардың психологиялық қысымына оңай көнеді. Себебі уақыт тапшылығы, сенгіштік пен оңай ақшаға деген үміт — алаяқтардың негізгі қаруы.

Интернеттегі алаяқтарға тап болған адам, ең алдымен, бірден 102 нөміріне хабарласып, ақша аударған банкке шұғыл түрде шотты бұғаттауға өтініш беруі қажет. Осы іске қатысты барлық скриншоттар мен деректерді сақтап, полиция өкілдеріне ұсыну керек. Себебі кез келген дерек  күдіктіні ұстауға көмектесуі мүмкін, — дейді Жәнібек Шағыров.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!

 Әрбір адам білуі керек бір ереже — банк қызметкері қоңырау шалып, ешқашан сіздің картаңыздың мәліметтерін және шұғыл түрде әрекет етуіңізді сұрамайды. Әсіресе бір жолға келген SMS хабарламаны. Cебебі мұндай мәселелер ешқашан телефон арқылы шешілмейді. Егер белгісіз нөмірден өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, «Ақшаңызды сақтандырылған шотқа ауыстырыңыз», — десе де сенбеңіз. Сөйлесу кезінде күдік туындаған жағдайда, банктің ресми нөміріне қоңырау шалыңыз.

Қандай іс-шаралар қолға алынуда?

Жәнібек Шағыровтың айтуынша, биыл алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы мониторинг аясында «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы 3741 күмәнді сайт анықталып, бұғатталған. Жедел-алдын алу шаралары жалғасуда. БАҚ, әлеуметтік желілер, ЛЭД-экрандар арқылы интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

WhatsApp желісінде «STOP-алаяқтық» арнасы ашылып, онда алаяқтық түрлері туралы мәліметтер мен бейнежазбалар күн сайын жариялануда. Аталған арнаның материалдары қала және аудан бөлімшелеріне жіберіледі. Жергілікті полиция қызметкерлері WhatsApp-тағы чаттар арқылы бұл материалдарды халық арасында кеңінен таратады. Қазіргі таңда арнада 63 мыңнан астам жазылушы тіркелген. Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа қатысты азаматтардың сұрақтарына жауап беретін telegram-бот әзірленіп жатыр.

P.S. Полиция өкілдері интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін қанша рет түсіндірме жұмыстарын жүргізсе де, алаяқтардың айтуына сенетіндер азаймай отыр. Тұрғындар арасында бірнеше банк орталықтарынан несие алып, соны белгісіз шоттарға салып жатқандар да бар. Жалпы, мұндай фактілер көп. Ұсталған киберқылмыскерлердің саны да өте аз.

Мамандар әр адам цифрлық сауаттылығын арттырмайынша, интернет- алаяқтықтың азаймайтынын айтады. Сондықтан «Сақтансаң, сақтайды» демекші, қандай жағдайда да сақ жүріп, бейтаныс адамдарға сырыңыз бен жеке деректеріңізді айтудан аулақ болған жөн.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button