Мәселе

Ерте жүктілік және жасөспірімдер тәрбиесі

Өңірде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өткізілген халықтың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталықтың екінші күні «Жоспарлы жүктілік — ана мен бала саулығы» тақырыбына арналды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің А.Досжанова атындағы конференц-залында өткен іс-шараға шамамен 350 студент қатысты. Жиында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Маржан Қорғанбаева мен өңірдің жетекші медицина мамандары түйткілді мәселелерді қозғады.

Мамандар жастарға ерте жүктіліктің зияны туралы түсіндіріп, психологиялық кеңес берді. Облыстың штаттан тыс бас генетигі Гүлсара Айтқалиеваның айтуынша, жүктілікке дайындық кезінде тексерістен уақтылы өту — дені сау ұрпақтың өмірге келуіне әсер етеді.

Өкінішке қарай, облыста жұптардың 70–75 пайызы жүктілікке алдын ала дайындалмайды. Жүктілікті жоспарлаған уақытта алдын ала генетиктің тексерісінен өткен дұрыс. Олардың өз көрсеткіштері бар. Отбасында хромосомалық ақаумен туған бала болса, міндетті түрде көріну қажет. Генетикалық аурулар ана мен әкеден тең дәрежеде беріледі. Сондықтан әйелдер терапевт пен гинекологтің кеңесіне жүгініп, қан тапсырып, гормоналды жағдайы мен қалқанша безін тексеруге тиіс. Ер адамдарға уролог пен басқа да бейінді мамандардың кеңесі ұсынылады. Кешенді тексеру қауіпті диагнозды уақтылы анықтап, алдын алу шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Жүктілікке дайындық кезінде фолий қышқылының маңызына да ерекше назар аударылады. Фолий қышқылының жетіспеушілігі — жүйке жүйесінің ауыр туа біткен ақауларының басты себептерінің бірі. Сондықтан оны тиісті мөлшерде қабылдау — жай ғана ұсыныс емес, міндетті алдын алу шарасы, — дейді облыстың штаттан тыс бас генетигі Гүлсара Айтқалиева.

Іс-шара барысында ана мен бала денсаулығы, соның ішінде бала туатын жастағы әйел адамдардың жүктілікті жасанды тоқтатуы, оны болдырмаудың жолдары, түсіктің әйел денсаулығына әсері, жыныстық сақтану, бедеулік мәселелері сынды күрделі жайттар талқыланды. Облыстың штаттан тыс балалар гинекологі Салтанат Тобылбаева ерте жүктіліктің қаупі мен жасөспірімдермен жыныстық тәрбие туралы уақтылы әңгіме жүргізудің маңызы туралы баяндады.

Көпшілігі бұл іспен тек дәрігерлер мен мұғалімдер айналысуға тиіс деп ойлайды. Алайда басты жауапкершілік ата-аналарға жүктеледі. Көбіне жыныстық тәрбие тақырыбы жабулы күйінде қалады. Жасөспірімдер бұл тақырып туралы әңгімелесуден ұялады. Баланың қарым-қатынас, қауіпсіздік туралы алғашқы білімді отбасында алуы маңызды. 14-16 жастағы жасөспірімдердің жүктілігі өте қауіпті. Ағза әлі жүктілікке де, босануға да дайын емес. Соған қарамастан, биыл жүкті болған кәмелетке толмағандардың 80 пайыздан астамы жүктілікті сақтап қалу туралы шешім қабылдаған. Сәбидің өмірге сау келуі ата-анасына тікелей байланысты. Сәби сүю үшін оны 3-4 ай бұрын жоспарлау керек. Ол үшін салауатты өмір салтын ұстанып, гинеколог- дәрігерге уақтылы қаралу керек, — деп қорытындылады С.Тобылбаева.

Сондай-ақ іс-шараның модераторы апталықтың маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды өз денсаулығына немқұрайды қарамауға шақырды.

Дәрігерлер үшін бұл іс-шараның маңызы зор. Қазіргі таңда мемлекеттік емханаларда жастар орталықтары ашылып жатыр. Мәселен №2,6,7 қалалық емхана мен «Отбасы» медициналық орталығында «Жас дәурен» денсаулық орталықтары жастарға медициналық қызмет көрсетеді. Жастар кез келген уақытта осы орталыққа барып, тексерістен өте алады. Осындай кездесулер облысымыздағы орта және арнаулы оқу орындарында өтіп жатыр, — деді ол.

Апталыққа қатысқан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің резиденті Дана Есенғазина мұндай іс-шаралар жастарға репродуктивті және психологиялық көмек көрсетеді деген пікірде.

Болашақ лор-дәрігер ретінде осындай түсіндірме жұмыстарының жиі өткізілгенін құптаймын. Қазір жасөспірім қыздардың көпшілігі аурушаң. Жұқпалы, созылмалы, қабыну аурулары көп. Мәселен, созылмалы тонзилит, баспа, отит ауруы гинекологиялық ауруларды тудырады. Мектеп жасындағы қыздарда несеп жолдарының инфекциялық аурулары жиі кездеседі. Етеккір бұзылулары, гормоналды өзгерістердің әсерінен туындайтын гинекологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі мен эндокринді жүйенің бұзылуы секілді сырқат түрлері де жиі белең алып отыр. Осындай апталықтар арқылы білікті дәрігерлердің кеңесін тыңдап, өзіме өмірлік сабақ аламын, — дейді ол.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button