Заң мен тәртіпМәселе

Жасөспірімдер қылмысы: қай тұста қателестік?

Ақтөбеде жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр. Биыл қалада өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 57,1 пайызға артқан. Олардың қылмыс жасауына не себеп? «Баланы жастан» деген аталы сөзге мән бермедік пе, әлде жасөспірімнің жанына үңілмедік пе? Қай тұста қате жібердік? Бүгінгі мақаламызда осы жайды саралап көрмекпіз.

Қылмыс пен жаза

Ақтөбе қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Нұргүл Жолдыбаеваның айтуынша, биыл қала аумағында кәмелетке толмағандар арасында 88 қылмыстық оқиға анықталған.

Жасөспірімдердің қылмысқа баруына әлеуметтік жағдай, араласатын ортасы, әлеуметтік желілер мен тағы да басқа бірнеше фактор әсер етеді. Ойнаймын деп от басқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оқудан шеттетіледі. Бұл олардың болашағына көлеңке түсіреді. Сондықтан ата-аналар балаларымен жеке әңгімелесіп, тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Көп жағдайда қолайсыз отбасында тәрбиеленген балалар қылмысқа жиі барады деп жатады. Алайда қазір толыққанды отбасынан шыққан жасөспірімдердің де қатысуымен түрлі қылмыстық оқиға тіркелуде, — дейді ол.

Аға инспектордың айтуынша, жасөспірімдер арасында тіркелген құқықбұзушылықтардың тең жартысы — жеке басқа қолсұғушылық деректері. Мәселен, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен бұзақылық, мүлікке зиян келтіру, тонау, ұрлық, ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл және орташа зиян келтіру, бопсалау, алаяқтық сияқты қылмыстық оқиғалар тіркелген. Аталған қылмыстарды жасағаны үшін 138 жасөспірім жауапкершілікке тартылған. Оның 49-ы мектеп оқушысы болса, 62-сі — колледжде білім алушылар, біреуі — жоғары оқу орнының студенті, 26-сы еш жерде оқымайды. Қылмыстың дені сағат 16.00-00.00 аралығында білім беру орындарынан тыс жерлерде жасалған.

Қылмыстың алдын алу мақсатында ювеналды полиция бөлімшесі қалалық спартакиадалар және «Жасөспірім», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар», «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!», «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Абайлаңыз, балалар» сияқты жедел алдын алу іс-шараларын жиі өткізіп тұрады. Оған өңірдегі жастар ресурстық орталығының еріктілері өз үлесін қосуда.

— Жуырда жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, көшеде бақылаусыз жүрген балаларды анықтау мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығымен бірлесе «Демалыс» атты жедел алдын алу іс-шарасы аясында рейдтер ұйымдастырдық. Жасөспірімдердің тәртібін қадағалау акциялармен ғана шектелмейді. Бүгінде құқықбұзушылықтың алдын алу  үшін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлар, жедел уәкілдер, басшылық құрамнан да жауапты адамдар бекітілді, — дейді аға инспектор.

Тәртіп және тәрбие

Жасөспірімдердің қылмысқа не себепті баратынын жоғары және арнаулы оқу орындарының мамандарынан сұрап білген едік. С.Бәйішев университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Шыныбек Бұхарбаев жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін түрлі шара атқарылып жатқанын, бұл мәселеге жан-жақты назар аударылуы қажеттігін жеткізді.

Ата-ана бала тәрбиесіне немқұрайды қарамауға тиіс. Тәрбие тал бесіктен басталады. Өзім де бала тәрбиелеп отырған әкемін. Университеттегі әрбір жастың жетістікке жеткенін қалаймын. Жасөспірімдер қоршаған ортасына қарай бейімделеді. Біз он жерден тәртіпті қадағалағанмен, олар сыртта өз білгенін жасайды. Мәселен, жуырда өткізілген ауқымды іс-шарамызға есірткі жеткіземін деп сотты болған ерікті қатысты. Ол орда бұзар шағын тар қапаста өткізгенін өкінішпен еске алды. Осындай шаралар арқылы жастардың бойына титтей де болсын адамгершілік қасиетін сіңіргіміз келеді. Кейбір жасөспірімдердің студенттік өмірдің қызығын көрмей жатып, жауапкершілікке тартылуы көңіл қынжылтады. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында өткізген келелі кездесулеріміз өз нәтижесін береді деген сенімдемін, — дейді ол.

Білім алушылармен көп жыл жұмыс жасаған Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызованың айтуынша, қазіргі жасөспірімдер өте эмоционалды.

Оқушының барлығын қылмыс жасауға бейім дегім келмейді. Тек олар өздеріне көңіл аударылғанын қалайды. Бір үйдің ерке балалары арнаулы оқу орнына оқуға түскенде ортаға тез бейімделіп кете алмайды. Бүгінде өзім басшылық ететін колледжде 2500 оқушы білім алып жатыр. Арасында сотқарлар да кездеседі. Олармен тәртіптік бақылау қызметкерлері және топ жетекшісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар жұмыс істейді. Нәтижелі жұмысымыздың арқасында оқушылар арасында құқықбұзушылық тіркелмеді. Оқушыларымыз әлеуметтік желінің арбауына түспей, бос уақытын пайдалы іске арнаса дейміз. Колледжде білім алушыларға аударма ісі, есеп және аудит, электрик, зертханалық технология бойынша қосымша курстар оқытылады. Бұл олардың өз мамандығымен қоса, тағы да бір саланы меңгеруіне мүмкіндік береді, — дейді ол.

Оның айтуынша, баланы ілімге тәрбиелеу — қылмыстың алдын алу алғышарты.

Қиын балалармен психолог жұмыс істейді. Алайда көп жағдайда бала ата-анасының мейіріміне зәру болып келеді. Бүгінде толыққанды отбасынан шыққан балалардың да қылмыс жасап жатқанын естіп жатамыз. Өз тәжірибемде ата-анасының ажырасып, екінші рет отау құрғанын қаламайтын жасөспірімдерді кездестірдім. Мәселен, 35-37 жас аралығындағы әйел тұрмыс құруға қадам жасаса, оны баласы құптамауы мүмкін. Өгей әкені қабылдай алмаған бала қоршаған ортасынан жылу іздейді. Тіпті отбасындағы кикілжің, тәрбиенің ақсауы қатыгездікке апаруы мүмкін, — дейді ол. 

Мейірім мен жан жылуы

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының оқытушысы, психология магистрі Гүлзипа Сатығалиеваның айтуынша, сотқар балаларды дұрыс жолға түсіру үшін ата-ана мен мұғалім талапшыл болуы керек. Қазіргі жасөспірімдер өзіне тиісті көңіл бөлінгенін қалайды. Тіпті айналасынан жанашыр іздейді.

Балаға отбасында қандай тәрбие берілсе, ол да соған қарай бейімделеді. Белгілі отбасылық терапевт Вирджиния Сатир: «Баланы күніне ата-анасы тек өмір сүруі үшін 4 рет құшақтап жылы сөз айтуы керек,  ал бала өзін одан да жақсы сезініп жетістікке жетуі үшін 8 рет құшақтап жылы сөздерін айтуы керек» деп айтып кеткен-ді. Сондықтан балаға жастайынан сыйластық, кішіпейілділік, ізденімпаздық, білімге құштарлық, эмоционалды интеллект, критикалық ойлау, эмпатия, әділдік және басқа да рухани құндылықтарды сіңіре білуіміз қажет. Жасөспірімге бос уақыт қалдырмай үйірмелерге беріп, белгілі бір нәрсеге уақыт бөлуін ата-ана қадағалап отырса құба-құп, — дейді психолог.

Психолог өз тәжірибесінде ChatGPT-мен ұзақ уақыт қарым-қатынас орнатып, виртуалды әлеммен өмір сүрген оқушыға психологиялық кеңес бергенін айтады. Оның айтуынша, бүгінде бала тұрмақ ересектердің өзі адамдармен  жасалуға тиіс қарым-қатынасты виртуалды әлемнен табады. Мұндай жағдайдың туындауына отбасындағы жылулықтың жетіспеуі, ата-анасының қол көтеруі, баланың назардан тыс қалуы, достармен қарым-қатынастың орнамауы, өзін-өзі бағалаудың төмендігі әсер етеді. Сондықтан барлық психологиялық мәселенің түйіні —  отбасындағы ата-ананың жылулығы, балаға деген махаббаты мен мейірімінің жетіспеуінде.

Мінез-құлқы қиын жасөспірімдермен жұмыс жасағанда психологиялық қарым-қатынас орнату үшін олармен сенімді байланыс орнатамыз. Баланың психоэмоционалдық қысымын түсіру үшін олар алдымен жобалау суреттерін салады. Содан соң ғана ата-ананың рұқсатымен алғашқы сұхбат жүргізіледі. Кейін психологиялық кеңес беріледі. Психологиялық кеңес алу ұзақтығы мәселенің күрделілігіне байланысты созылады. Кемінде 8 рет қабылдау жүргізу балаға оң нәтиже береді, — дейді ол.

Мінез-құлқы құбылмалы, оң мен солын танып үлгермеген балаға ненің ақ, ненің қара екенін нұсқайтын ата-ана, қанаттандырып, қолдап отыратын ұстаз, жан сырын ұғып, әрқашан қасынан табылатын дос керек. Бүгінде тәрбиелік бағыттағы әңгімелер мен басқосулар күн сайын болып жатыр.  Мүмкін, біз тәрбиені тал бесіктен қайта бастауымыз керек шығар?! Бұл мәселені қоғам талқысына қалдырдық. Сіз не дейсіз?..

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button