Спорт

Бокстан ел чемпионаты аяқталды

Ақтөбеде Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығы аясында бокстан 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті.

Пандемияға байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталып, көрермендер жарысты Youtub арнасы арқылы тікелей эфирде тамашалады.

Спорттық додада еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 14 салмақ дәрежесінде 284 жас боксшы бақ сынасты.

Тартысқа толы жарыста жалпы командалық есепте қарағандылық боксшылар жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Маңғыстау облысы еншілесе, үшінші орынды Шымкент құрамасы иеленді.

— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Бір өкініштісі, жаһанды жайлаған індетке байланысты спорт сүйер қауым жекпе-жекті экраннан ғана тамашалады. Додаға қатысқан жас боксшылар бір жыл бойы шаршы алаңға шықпаған. Сондықтан болар, чемпионат тартысты, қызықты өтті. Біріншілікте қарағандылық боксшылар өздерінің жақсы дайындалғанын көрсете білді. 1,2 және 3-орын алған спортшылар ұлттық құрамаға шақырылады. Арасында орын ала алмаған, бірақ алғыр боксшылар да бар. Мәселен, түркістандық боксшы Бақтияр Анарбаев «Үздік боксшы» номинациясын жеңіп алды. Ынтасы мен жігері үшін Бексұлтан Боранбек те марапатталды, дейді бас төрешінің орынбасары Қуаныш Қауашев.

Ақтөбе облысы құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 қола медаль бар. 75 келі салмақта рингке шыққан Дәулет Төлемісов үздік шығып, алтын медальға ие болды. 54 келі салмақта Райымбек Амантаев,  57 келі салмақта Ерасыл Мұстафинов және  60 келіде Жалғас Жақсылықовтар чемпионаттың қола жүлделерін иеленді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button