Спорт

Палуандықққа баулитын үйірме

Қандыағаш қаласында ақпан айының алғашқы күндері спортқа жанашыр қала жастары «Қыран» спорт клубын құрған болатын. Клуб 60 балаға арналған, санитарлық талаптарға сай бүгінде төрт топқа бөлініп жұмыс жасап жатыр. Бір ерекшелігі, қыз балаларға да арнайы бөлме мен жаттықтырушы бар. Сөйтіп, «қырандықтар» дзюдомен айналысам деген балаларға жаңа мүмкіндік ұсынып отыр.

—  Аяқ алысымыз тәуір. Шүкір, үйірмемізге келем деушілер көп екен. Әрине, алдын ала әлеуметтік желіге жарнама таратуға, ақпараттандыруға барынша жан-жақтан қолдаулар болды. Жалпы, үйірмеге 5 жасқа толған балалардан бастап қабылдаймыз. Біздің үйірме спорт мектептеріне баруға алғашқы дайындық іспетті. Себебі кез келген спорт мектептері 10 жастан бастап бала қабылдайды. Біз соған алдын ала дайындық жұмыстары мен жаттығуларын жүргіземіз. Үйірме ақылы түрде, күндіз өткізіледі. Балаларға жас ерекшеліктеріне қарай арнайы әдістемелерге сүйеніп, сабақ кестесін қойып, жаттығулар бекітеміз. Сабақ ұзақтығы да жас ерекшеліктеріне байланысты қойылады, аптасына 3 рет болады. Жаттықтырушылар арнайы білімі бар, тәжірибе жинақтаған, дзюдо, самбо, қазақша күрестен спорт шеберлері. Қазіргі таңда 3 жаттықтырушы, оның ішінде қыз балалармен бөлек жаттықтырушы жұмыс істейді, — дейді спорт клубының негізін қалаушы Нұрсұлтан Иманғазин.

Палуандыққа баулитын үйірменің қазіргі аяқ алысын көрген біз болашақта Мұғалжар ауданынан дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын татами шеберлері шығады деп үміттенеміз.

А.АЛТЫБАЕВА,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button