Ауыл

Пайдасы қойдың көл-көсір

Кәсіпкер

Осыдан бірнеше жыл бұрын біраз ауылдың тұрғындары туған жерлерін тастап, үлкен қалаларға жаппай  көшкенін білеміз. Бүгінде бұл жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Жұрт қазір ауылдан көшпейді. Ауылда отырып-ақ, бизнес идеяларын қарастырып, ыңғайлысын бастап, тәуір табыс табуды біледі. Солардың бірі —  Ақкемер ауылында тұратын жас отбасы Дәулет пен Орынгүл Қойшығұловтар.

Әрине, ауыл кәсіпкерлері арасында мал шаруашылығы негізгі кәсіп саналады. Бизнес-идея жаңа болмағанымен, табысты екенін түсінген Дәулет пен Орынгүл де жеке шаруашылықпен айналысуды, қой өсіруден бастауды жөн көрді. Қалай, неден бастау керек? Қаражатты қайдан табамыз? Кіріс пен шығысты қалай есептейміз? Осындай сұрақтар жетелеген жұп кәсіпкерлік палатасының аудандағы өкіліне хабарласады. Дәулет вахталық әдіспен жұмыс істейтін болғандықтан, кәсіпкерлік негіздері курсында Орынгүл оқиды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің «әліппесін» оқыған ол кәсіпкерлер палатасы мамандарының көмегімен бизнес-жоспар құрады. Жобасын сәтті қорғаған Орынгүл 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алады. Бұл қаражатқа еділбай тұқымды 19 қой сатып алады. Орынгүлдің айтуынша, мал шаруашылығы — берекелі кәсіп, малдан алынатын өнімдердің бәріне де сұраныс бар, әрі бұл бағыт мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ие.

— Қой бағу — атакәсібіміз. Әрі «мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп айтады ғой. Қойлар күй талғамайды, әсіресе, қандай ауа райы болса да төзімді келеді. Экономикалық жағынан да бізге ыңғайлысы қой бағу болды, — дейді Орынгүл.

Алайда жас отбасы тек қой өсірумен ғана шектелмеді. Былтыр күзде жүк тиеуге арналған «Газель» көлігін сатып алып, жүк тасумен де айналысып жүр. Бұл — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры берген мүмкіндік. Жүк тасымалдау қызметіне енді кіріскен уақытта тұрақты тапсырыс берушілер болмағанын, қазір бұл шаруаның интернет арқылы шешілгенін де айтып берді.

— Біз жүк тасымалдаушылар сайтына тіркелдік. Бүгінде Қазақстан бойынша тапсырыстар қабылдаймыз. Негізінен клиенттер интернеттегі хабарландырулар арқылы хабарласады. Сондықтан да аптасына бірнеше рет сайттарға хабарландыру жариялап отырамыз, — дейді Орынгүл.

Танымалдылық пен табысқа бірден қол жетпейтінін білетін Дәулет пен Орынгүл ізденуден жалықпайды. Қалай болғанда да табанды жандардың түбінде сәттілікке жолығатынына сенеді.

Әсел ӘДІЛБЕК,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button