Жастар

«Елбасы медалі»: қоладан медаль таққандар

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Елбасы медалі» жобасының қола медалі иегерлерін марапаттаған болатын. Бірнеше бағыттан сүрінбей өтіп, қоладан медаль таққан үздіктермен сөйлесудің сәті түсті.

М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Бауыржан Жақсылықов —«Елбасы медалі» жобасының қола медалінің иегері. Ол 6 айға созылған жобаның кітаппен достығын нығайтып, салауатты өмір салтын берік ұстануына септігін тигізгенін айтады.

— «Елбасы медалі» жобасын еліміздегі жастарды кешенді дамытуға арналған жалғыз жоба деп айтар едім. Өйткені осы жоба арқылы алдыма мақсат қоюды және оған жүйелі түрде қол жеткізуді үйрендім. Ұстаздарымнан естіген соң, мамыр айында жобаның қола деңгейіне өтінім бердім. Жобаның маған берері көп болды. Жоба менің кітаппен достығымды нығайтты,салауатты өмір салтын ұстануыма септігін тигізді. Домбырада ойнауды үйреніп, қоршаған ортаның тазаруына үлкен үлес қоса алдым. Менің жобадан алған әсерім ерекше болды. Көптеген достар таптым, ұстаздармен таныстым, ең бастысы, өзімді бірнеше бағыт бойынша дамыттым, — деген Бауыржан жобаға қатысуды әрі қарай жалғастырғысы келетінін айтты.

— «Ер кезегі үшке дейін» демекші, жобаны әрі қарай жалғастырып, күміс пен алтын медаль үшін еңбектенетін боламын, — деп қорытты сөзін.

Қола медальдің тағы бір иегері — Хромтау ауданына қарасты Сәтбаев орта мектебінде оқитын Нұрлы Қалматаева. «Елбасы медалінің» өзі секілді жастар үшін маңызы зор екенін айтқан Нұрлы өзінің бұл жетістігі үшін ата-анасы мен ұстаздарына алғыс айтты.

Жобаға қатыса отырып, өзімді дамыттым. Өз жолымды анықтап алдым. Ойымды жүйелеу мен саралауды, нақтылықты үйрендім.  Кез келген білімді шәкірттің артында мықты ұстазы тұрады. Осындай жетістікке жетуіме қолдау көрсеткен алдымен ата-анама, сонымен қатар тәлімгерім Айымгүл Бөлекбайқызына, мектеп ұжымына алғыс айтамын, — дейді Нұрлы Қалматаева.

Айта кетейік, «Елбасы медалі» жобасы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және олардың үйлесімді жетілуіне мүмкіндік береді. Жобаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысады. Қатысушылар 3 деңгейдің біреуін таңдайды. Әбір қатысушы аталған уақыт бойы  өзін-өзі дамыту үшін 7 бағытта спорт және денешынықтыру, дарын мен дағды, еріктілік, туристік саяхаттар, кітап оқу, ұлттық мұра және еңбек тәжірибесі бойынша тапсырмалар орындайды. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 349 үміткер қатысуда.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button