Жастар

Тегін такси тұрғындарды тасыды

Акция

Ойылдық жастар тегін такси қызметін ұйымдастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» шарасы басталып кетті.

Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйытқы болған шараға барлық округтің еріктілері және  «Jas Otan» жастар қанатының жастары қатысты. Төрт  такси бір күн бойы тұрғындарды діттеген жеріне жеткізіп салды. Көшеге шыққан олар алдымен үлкен кісілерді көлігіне отырғызып үйіне апарса, қолында жүгі бар жүргіншілерге көмектесіп, алғысын алды. Бұл іске жастар құлшына кірісіпті.  Сондай белсенді жастардың бірі Нұрсұлтан Жумин осы шараға қатысу үшін танысының көлігін сұрап алыпты. Оның айтуынша, өз ауылына еткен кішкентай ғана көмек үлкен қызметтердің бастауы болмақ. Осыған ауданның барлық  жастарын шақырады.

Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұратын болады. Акция тек аудан орталығында емес, барлық ауылдарда жалғасады. Бұл жолы Қарой ауылдық округінің жастарына  эстафета арқылы жолданады. Қайырымдылық істерді де өткіземіз. Алдағы уақытта жастар болып бұлақтардың көзін ашпақпыз, — дейді орталықтың директоры Мейрамбек Музамелұлы.

Тегін такси қызметі алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Акция көлігі барлардың жаяу жүргіншілерге көмектесуін, көше тұрғындарының сыйластығын, ауызбіршілігін одан әрі нығайтуды көздейді.

Ойылда қоғамдық маршрут көліктері жоқ. Жеке таксилердің ақылы қызметі — 100 теңге. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Инватакси» үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Самат ЕСЕНҚҰЛ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button