Білім

Қазақ ұлттық университеті: білім жолына сенімді қадаммен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — өзіндік дәстүрі қалыптасқан, білім беру саласында және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол бірден-бір жоғары оқу орны.

Бұл жоғары оқу орны бірінші болып мемлекеттік аттестациядан өткен және барлық мамандықтар мен дәрежелер бойынша Қазақстан Республикасындағы жоғары оқу орындар жүйесінің көшбасшысы болып табылады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — Қазақстан жоғары оқу орындарының басты рейтингі бойынша көшбасшы, мемлекетіміздің тарихында бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының «Қызметтер мен өнім сапасы саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының дипломанты атанды. Біздің университетіміз — Халықаралық университеттер ассоциациясының мүшесі және Еуразиялық университеттер ассоциациясының ұйымдастырушысы. Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан жоғары оқу орындары арасында тұңғыш болып Болон қаласында университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды, ИСО 9000:2000 халықаралық стандарттар талабы негізінде сапа менеджмент жүйесіне сай халықаралық сертификаттаудан жемісті өтті және IQNET халықаралық сертификаттау жүйесі сынды ең ірі әлемдік сертификаттау орталығының куәлігін иеленді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — алуан түрлі мамандықтарды ұсынатын үлкен білім және ғылым ордасы. Университет құрамында 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, технопарк қызмет атқарады: 2000-нан астам профессор, ғылым кандидаттары мен докторлары, 100-ден астам академик, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаты, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаты, 47 мемлекеттік ғылыми стипендия стипендианттары еңбек етеді. Университетте кәсіби білім беру  көпсатылы жүйесі бойынша 25 мыңнан астам білімгер мен магистрант білім алуда.

Университет құрамында химия және химиялық технология факультетінің орны бөлек.  Факультеттің қалыптасуы мен дамуына Қазақ КСР Ғылым академиясының академиктері Ә.Бектұров, Б.Бірімжанов, Д.Сокольский, М.Усанович, М.Козловский сияқты ғалымдар орасан зор үлес қосты. Қазіргі уақытта факультет 3 мамандық бойынша бакалавр, 8 мамандық бойынша магистр мен PhD докторын даярлайды. Оқыту қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Факультеттің жаңа оқу ғимараты университет қалашығында орналасқан. Факультет құрамында 6 ірі кафедра, 2 ғылыми-зерттеу институты, 3 факультеттік зертхана бар, олар жаңа заманауи құрал-жабдықтармен және аспаптармен жабдықталған. Факультетте 150-ден астам оқытушы қызмет етеді, олардың 50-і — ғылым докторы, 90-ы — ғылым кандидаты. Олардың арасында ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, «Ғылым бейбітшілік үшін» атты НАТО халықаралық сыйлығының, Қ.И.Сәтбаев, Д.А.Қонаев, Е.А.Букетов атындағы, «Тарлан», «Жастар» сыйлықтарының, «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегерлері бар.

Химия — бұл тек химия саласының ғана емес, бүкіл ел экономикасының дамуын қамтамасыз ететін ғылым. Заманауи тиімділігі жоғары технологияларды дамыту біздің ғалымдар әзірлеген жаңа материалдарды пайдаланумен байланысты. Факультет студенттері тек ғылыми мекемелерде ғана емес, химия, мұнай химиясы, фармацевтика, металлургия өнеркәсіптері кәсіпорындарында өндірістік практикадан өтеді.

Бүгінде факультет Қазақстанның химия-технологиялық мамандықтарының арасында алдыңғы қатарда және рейтингі ең жоғары. Факультет түлектері ғылыми, өндірістік және басқару салаларында, бизнесте жетекші орынға ие. Факультет студенттерінің элиталы кәсіби білім алуы және олардың университет қабырғасындағы уақыты мағыналы өтуі үшін барлық жағдай жасайды.

Оқу орны туралы толық мәлімет алу үшін білім алушылардың «7М05301-Химия» мамандығы бойынша магистранттардың пікірлерін ұсынып отырмыз.

Мәселен, Шалқар қаласындағы мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, осында 2015 жылы оқуға түскен Ақбота Тоқсанбаева былай дейді: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті — еліміздегі жетекші білім ордаларының бірі. Мұндағы химия факультеті білімді де білікті, өз ісінің мамандарына жетік орда.  Мамандығым — химик-зерттеуші. Ғылыми жетекшім Әлия Оспановамен бірге «Сазды материалдардың негізінде антибактериалды жабындар алу» тақырыбында дипломдық жұмысымды үздік бағаға қорғадым.

Қазіргі таңда аталған мамандықта магистратурада білім алып жатырмын және әлемге танымал брендті «RG Brands» компаниясында «Химик» мамандығы бойынша қызмет  атқарамын. Жұмысқа тұру кезінде университеттен алған білімім мен оқу барысында жинақтаған тәжірибелер көп көмегін тигізді».

Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский қалашығындағы  №43 Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік тәмамдап, 2015 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технологиялар факультетінің   «5В060600 – Химия» мамандығына оқуға түскен Дилафруз Рахматуллаева: «Оқу барысында берілген тапсырмаларды дер кезінде, тиянақты орындап, өз ісіме жауапкершілікпен қарап, ұқыптылығымды танытуға тырыстым. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене қатыстым.

2017 жылдың қыркүйек айынан бастап химия ғылымдарының докторы, профессор Әлия Оспанованың жетекшілігімен ғылым жолында тәжірибелік жұмыстар атқара бастадым.  Оперативтік жұмыс барысында ғылымға деген қызығушылығым арта бастады.  «Медициналық және биологиялық импланттарға антибактериалды жабындарды көп қабатты құрастыру» тақырыбы аясында көптеген ғылыми жұмыстар жүргізілді. Университет қабырғасында ғылыми мақалалар жазып, студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты ғылыми конференциясына бірнеше рет қатыстым, жүлделі орындарға ие болдым. Сонымен қатар 4-ші халықаралық Ресей-Қазақстан ғылыми практикалық конференциясына қатысып, зерттеу жұмысымды баяндадым.

2019 жылдан бері магистратурада оқуымды жалғастырудамын. Зерттеу жұмысымды «Тігіс материалдарының бетіне бактерияға қарсы жабындарды жағу шарттарын зерттеу» тақырыбы бойынша қарастырудамын».

Балнұр Балтабаева: «Магистратураға түсу — кез келген адамның өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Қазіргі таңда мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының бірінде оқып жатырмын.

Біріншіден, университет өз білім алушыларын жаңа технологиялармен қамтамасыз етеді, бұл қолайлы жағдайда зертханалық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Менің мамандығым химиялық зерттеу жұмыстарымен тікелей байланысты болғандықтан, тек осындай қызметті тиісті жағдайда жүргізуім қажет.

Екіншіден, әлемдік індетке байланысты туындаған мәселелер салдарынан біздің бүгінгі жағдайымызды атап өтуге болады. COVID-19 вирусының таралуына  байланысты көптеген мекемелер мен оқу орындары онлайн оқытуға көшті, ал біздің университет барлық сәйкес медициналық сақтау ережелеріне сай жағдайды жасап, магистранттарға қарасты өз жұмысын әдеттегі режимде жалғастыруда, Бұл, өз кезегінде, бізге оқытушылардың аузынан қажетті ақпаратты игеруге мүмкіндік береді. Себебі коммуникация қандай да бір ақпаратты алу үшін ажырамас бөліктердің бірі.

Үшіншіден, университетте жоғары білікті мұғалімдер қызмет етеді. Ұстаздарымыздың оқу барысында қолданылатын әдістері біліммен қатар жауапкершілікті, ұйымшылдықты, нақтылықты қалыптастыруға көмектеседі, бұл болашақта міндетті түрде қажет болады».

Гүлнұр Сәруарова: «2019 жылы университеттің «Химия және химиялық технологиялар» факультеті «Химия-089» мамандығы бойынша магистранты атандық. Химия және химиялық технологиялар факультетінде физикалық химия, мұнай химиясы кафедрасын таңдадық. Болашақ химияның зерттеушісі ретінде химия саласында білімімізді шыңдап, өз үлесімізді қосу үшін кафедра профессорлары мен біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол мұғалімдерден тәлім алып, теориялық білімімізді практикалық тұрғыда жүзеге асыруға ұмтылудамыз. Қазіргі кезде 2-курс магистрантымыз, ғылыми жетекшіміз — доцент міндетін атқарушы Рыскүл Әжіғұлова».

Университет атынан «Қазақстан ғалымдарының конгресі» және «Бөбек» ұлттық қозғалысы қауымдастығы түріндегі заңды тұлғалардың қауымдастығының» 2020 жылдың 22 қазанында Нұр-Сұлтан қаласында  өткізген «Қазіргі әлемдегі ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ: ХХІ ғасырдың сын-қатерлері» VІI халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына шағын мақаламен қатыстық.

Қазақстан Республикасында пайдалы қазбалардың, соның ішінде мұнай, көмір және уранның ауқымды қоры бар екендігі белгілі. Еліміз түсті металдарға да бай: Менделеевтің периодтық кестесіндегі 117 элементтің 99-ы Қазақстанда кездеседі. Осының бәрі көмірсутекті және минералды шикізатты талдау және өңдеумен айналысатын химиктер мен химик-технологтарды даярлауды қажет етеді. Сонымен қатар экономиканың кез келген саласына жаңа технологияларды әзірлеу және енгізуді химия және химиялық технология саласының мамандарынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті даярлайтын мамандар әрқашан еліміздің экономикасында сұранысқа ие.

 Р.ЫСҚАҚОВА,

химия ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы,

С.НАРЕНОВА,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент міндетін атқарушы,

Б.БӘКІРОВА,

 PhD докторы, аға оқытушы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button