Әкімдер есебі

Жамбылда ауызсу жүйесі жақсарады

Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтің кезекті есеп беру жиыны Жамбыл ауылында өтті.

Жиында аудан әкімі Д.Ермағанбетов пен ауыл әкімі  Б.Қарабалаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Былтыр Жамбыл ауылына көгілдір отын келді. Тұрғындар от жағудан құтылды. Қазір ауылда газ бар, ауызсу келіп тұр. Аудан орталығымен арадағы жолдың да сапасы жақсы. Тұрғындардың әрі-берлі қатынауына кедергі жоқ.  Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауылдық округте ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, мал тұқымын асылдандыру мен мал басын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шаруалар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы «Жанат» шаруа қожалығының басшысы  Бердіқұл Жүсіпов 9 миллион теңгеге техника сатып алса, «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша «Тасболат» шаруа қожалығының басшысы  Тәуіпбек Жылқыбаев 6  миллион теңге  несие алды. Ал  жеке кәсіпкер Жанат Толыбекова  мал сатып алу үшін 3,5 миллион теңге несие алып, шаруасын жүргізіп отыр.

Ауылда шағын кәсіппен айналысқысы келетіндер көп. Мәселен, ауыл тұрғынының бірі көпшілікке арналған  монша ашуға талап қылып отыр. Ал «Қарлығаш», «Медет», «Айбек», «Санжар» шаруа қожалықтары мемлекеттік бағдарламаға қатысып, несие алып, мал басын көбейтпек. Жалпы ауыл тұрғындары бос отырмай, кәсіп қылуда.

Аудан әкімі ауыл тұрғындарына ауызсу желісін жақсарту үшін қаржы қарастырылатынын, ұялы байланыс жүйесі жылдамдығын арттыру үшін мұнара орнатылатынын айтты.

Жиын соңында тұрғындар сұрақтар қойды. Аудан әкімі барлығына жауап берді.

К.ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button