Мәдениет

«Хас өнер ғарыштан келедi»

Мүсінші Бақытжан Әбішевпен сұхбат

2017 жылы осындай аяз бен боран жағаласқан қыстың кезінде, 18 қаңтарда қазақтың белгілі өнер иесі Бақытжан Әбішев дүниеден өткен еді. Ақтөбе қаласында 1947 жылы дүниеге келген ол әуелі Алматы көркемсурет училищесін, одан соң Мәскеудегі В.И.Суриков атындағы көркемсурет институтын бітірді. Мүсіншілік қадамға осындай дайындықпен келген оның қолтаңбасын қазір Қазақстанның байтақ өңірі анық таниды, өйткені Бақытжан Әлімбайұлы сомдаған мүсіндер, қос астанамызды былай қойғанда, бірқатар облыс орталықтарында да ұлттық рухтың қайнар көрінісі ретінде көзге ерекше шалынады. Ал көрмелердегі қола, ағаш, саз, мәрмәрдан жасалған еңбектері және көңілді оятпаған кезі жоқ.

Бақытжан Әбішевтің өнер өрнегі Ақтөбеде де сәтті тізбек құрды. Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Ә.Молдағұлова мүсіні, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы Ә.Молдағұлова мемориалдық ескерткіштері, Шығанақ Берсиев бейнесі — мүсіншінің туған өңіріне деген ықыласының бөлшектері.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты атанған ол тәлімді ұстаз да болды, профессор, ҚР Суретшілер академиясының академигі еді.

Мүсіншінің соңында толымды еңбектерімен бірге жақсы сөз де қалды. Бүгін оқырман назарына қазақтың белгілі сыншысы Әлия Бөпежанованың 2008 жылы жарияланған Бақытжан Әбішевпен жасаған сұхбатын қайталап ұсынып отырмыз.

Мүсінші Бақытжан Әбішев туралы алғаш рет Асекеңнен, Асқар Сүлейменовтен, естігенмін. «Шеберханасына алып барамын сізді» дейтін. «Қазақта мұндай мүсінші жоқ» дейтін. «Құлагер» туралы айтатын. Ақыры бірге бара алмадық…

Асекеңсіз өткен он алты ішінде мүсінші шеберханасында сан рет болдым. Асекең қатты құлаған «Құлагер» барған сайын көзіме оттай басылады. Жаныма жақын осы бір шеберханаға соңғы рет суретші өзінің кезекті жеке көрмесін өткізер қарсаңда барғанмын. Мүсінші көрменің жазықтық-кеңістіктік концепциясын ойластыруда екен. Бір қарамаққа, тап осыған осынша «бас қатыратындай» реті жоқ сияқты. Өйткені алғашқы көрмесі сонау студенттік шағында, 1971 жылы Мәскеудің Суриков атындағы мемлекеттік Көркемсурет Академиясында оқып жүргенінде болған, содан бері республикалық, одақтық сан көрмелерге қатысқан, бірнеше рет жеке көрмелері де өткен.

Республикада қойылған бірнеше көркем ескерткіш пен ескерткіш кешендердің (Алматыдағы Т.Бокин, Жамбыл, Ақтөбе мен Санкт-Петербургтегі Әлия Молдағұлова, Атыраудағы Исатай-Махамбет, т.б.), бюсттердің, сондай-ақ Мемлекеттік  және Президенттік сыйлықтар белгілерінің авторы.

Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, кезіндегі Қазақстан  Жастар одағы сыйлығының лауреаты. Демек, халыққа танымал үлкен шебердің әлгі айтқан «бас қатыруы» — қай шаруаға да, ықыласы түссе, үлкен бір ыждағатпен кірісетін мүсінші табиғатын танытуы мүмкін бір деталь ғана.

Мүсінші табиғаты дегенде, ең алдымен, оның неде болсын іргелілігін, негізділігін;

ал іргелілік, негізділік дегенде суреткерлік табиғатын — біртұтастығын, адам тек жанымен ғана сезе алатын кесектігін, ірілігін;

осы кесектік пен ірілік — тамырын сонау ғасырлар тереңінен тартатын түркілік болмыс, нағыз халықтық болмыстың бүгінгі жалғасындай қабылданарын;

бәлкім, содан туындар ерекше бір сабырын, кейде кемерінен асар ішкі жігер-қажыр, қуатты қажет кезде  ауыздықтар салқын сананы;

сондай-ақ ерекше бір жан зиялылығын, үйлесімін айтуға болар.

Терең дүниетаным, рухани қуат, салқын сабыр мен айқын сана туындысы —  мүсіндері. Алайда оның мүсіндері көзі ғана барларға сыр ашпайды. Ол мүсіндермен дүниетанымдық тұрғыдан ғана қауыша аласың. Өз сыры өзіне жақсы мәлім мүсінші, бәлкім, сондықтан да  көрмесіне туындыларын үш топқа бөліп қоймақ екен. Әрине, топтастыру принципін білгіміз келген. Мүсінші былай деп әңгіме бастады.

— Қандай да топтастыру, әрине, шартты. Бірақ та мүсіндерімді көрмеге өзара туыстығы, рухтастығымен қатар пластикалық шешім тұрғысынан өзгеруім, мүмкін, өсуім орайында орналастыруды жөн көрдім. Алғашқы топта — Ана тақырыбы. Көне, библиялық ұғымдарға негізделген «Нәпсі» (1990 ж.), «Тәубаға келе бастаған Магдалина» (1993) сияқты туындылар болса, келесі топта «Магдалинаның» жалғасындай, яғни пластикалық шешімі үндес «Олимпиадашы» (1994) және оған рухтас мүсіндерім қойылады.

— «Магдалина» және басы адам, төменгі жағы жылқы кентавр сияқты «Олимпиадашы» мүсіндеріңіз алғашында көзге біртүрлі көрінеді де тұрады.

Әбден мүмкін. Өйткені бұлар пластикалық шешімі жағынан көпшіліктің көзі әбден үйренген, қабылдаған классикалық нормаларды бұзған туындылар. Түпнегізінде балбалдармен үндестік, яғни түркі пластикасымен жақындық бар. Менде мұндай сарындар 90-жылдары басталды. Әдеттегі, классикалық, еуропалық нормадан көңіл қошымды таба алмай, әлденені іздей бастаған шағымда өз-өзімнен, күтпеген жерден жаңалық аштым да — пластикалық сарыныма балбалдарды интерпретациялап енгізе бастадым. Қазір ойлаймын, мүмкін, бұл — заңдылық. Өйткені мен әлімсақтан түркімін, сонсоң қазақпын — шығармашылығымда да осы айқындала түскендей. Менің «мендігім», мүмкін, осыдан, өзіміздің — түркілік пластиканы ашудан да көрінетін шығар.

Шығармашылығымның тағы бір күретамырын айқындар туындым, Асқар ағаға қатты ұнаған «Құлагер» де осы екінші топта болады.

— Осыдан он бір жыл бұрын, сіздің 1991 жылғы ақпанда өткен көрмеңізде сөз сөйлеген Асекең «Құлагер» туралы былай депті: «Әбішев — өз алдына дара тұлға. Бұған оның творчествосының күре-тін, кіндігі — сұлап түсіп, мерт болған тұлпар бейнесі, «Өліара» деп қате аталған мүсін дәлел. Жанарына жарты әлемді сыйдырған тұлпардың қарашығына зер салыңыз. Жарты әлемнің емес, күллі ғаламның қасіреті осы қарашықта тұнып тұр. Бұл, келіспеске амалдарыңыз кем, классика, ал классика деуге тіпті қимасаңыздар, классикаға жетеқабыл туынды». Осы туындыңыздың дүниеге келу тарихын әңгімелесеңіз.

— Бұл тақырыптың қалай келгенін білмеймін. Со-на-ау бала кезімде жылқыны сойғанын көргенім бар. Жануардың пышаққа қарсыласып, соншалықты ышқынғанына қарап тұруға дәтім шыдамай, көмек беруге дәрменсіз болғандықтан жаным боздап, әлгі жерден безіп қашқанмын. Өмірі түзеуге келмес әлдебір әділетсіздік көргендей, көпке дейін жаным тынши алмаған. Уақыт өте келе ұмыт болды, бірақ ышқынған аттың бейнесі анда-санда санамды бір сілкіп өтетін. Сәл есейгенде әлгі көріністі бір парақ қағазға түсіріп қойғанмын. Кейіннен өзім үшін, мүмкін, бәріміз үшін де қиын бір кездері сол бір көрініссезімім формаға түсіп, туындыға айналды. Бір қызығы — мүсінді жасап болған соң біздің эрамызға дейінгі түркілер аппликацияларын қарап отырсам, сонда бейнеленген жануарлар өз конфигурациясымен ептеп «Құлагерге» ұқсайтын сияқты. Бұл, мүмкін, қан-қазыналық кодтар шығар. Мүмкін, араға ғасырлар салып барып берілген ақпарат. Жалпы алғанда  бұл бір өте қызық тақырып қой. Мысалы, Ақанның Құлагері. Бірақ менің мүсінім нақты бір бейне, айталық, бәрімізге белгілі сол Құлагер емес, символдық, жиынтық бейне. Ал оның дәл осындай композицияда, сұлап түскен кезінің бейнеленуіне орай небір аналогияға баруға болады — ұрпақ жалғастығына деген қиянат, мәңгүрттік, кесілген тіл, тұншықтырылған ой, тағысын тағылар.

Мүсін 1986 жылы жасалыпты.

— Иә. Бірақ Желтоқсан оқиғасынан бұрын дүниеге келген. Қалай дегенде де туындыда кезеңнің қоғамдық-рухани тыныс ахуалынан туындаған суреткерлік өмірсезім бар екені анық.

Қамбар ата түлігі «Құлагерден» басқа туындыларыңызда да әртүрлі мазмұн-мағына, композицияда  бейнеленеді. Мысалы, «Күту» (1973) атты мүсініңізде қалыңдықпен бірге әлдекімді, әлденені күтіп мазасызданғандай; «Ұранда» (1986) жер тарпыған, «Томиристе» (1994) төрт аяғын тең баса бұлғаңдаған, «Бүркітшіде» (1997) шауып келе жатқан тұлпарларды көреміз; қозғалысты, ішкі бір экспрессияны сеземіз. Ал аға әріптесіңіз, белгілі суретші Әбдірашид Сыдыханов былай дейді: «Бақытжан Әбішев мүсіндері жылқы малының қасиетін, рухын, дала рухын керемет сезіндіреді. Пластикалық деңгейі өте жоғары. Оның ат-тұлпарларындай туындылар ешкімде жоқ. Өйткені ол — кейіпкерлерінің тұрпатын емес, жан дүниесін бейнелейтін мүсінші. Тұлпар дегеніміз — жел. Демек, ол желді тұлпарлар бейнесінде бере біледі».

— Мұндай пластикаға бірден келген жоқпын. Ізденістер, лабораториялық дүниелерім көп болды. Осы бағыттағы алғашқы жұмыстарымды Алматыдағы Көркемсурет училищесінде оқып жүргенімде жасағанмын. Ол кезде біздер томаға-тұйық мемлекетте күн кештік, әлемдік көркемдік ізденістерден қалыстау қалдық.  Әйткенмен де мүсін дегеніміз, ең алдымен, формамен жұмыс екенін сол кезде-ақ түйсінгендеймін. Ал Мәскеуде оқып жүргенімде эскиздерімді сол кездің үлкен шеберлері, Көркемсурет академиясының оқытушыларына  көрсеткенмін. Эскиздерімнің біреуі ғана, онда да өз ұстазым, Академияның мүше-корреспонденті, профессор Бабуринге ғана ұнады. Ол — социалистік реализм әдісінің қаны жерге тамбай тұрған кез еді. Классикалық, яғни академиялық  мүсін өнерінде де жан, ішкі қуат кем түсіп жататын жағдайлар өз алдына, кеңестік өнерде ішінде майы жоқ, кемік сүйек сияқты туындылар басым еді. Ұстазым  тереңіне үңіліп жатпады, бәлкім, дүниетаным өзгешелігі себеп болды, әйтеуір, эскизді қимыл-қозғалыстан, экспрессиядан «айырды». Бірақ эскиздік кезеңім, эскиздік сол нұсқалар санама мықтап бекігенге ұқсайды. Кейіннен, күні туғанда, өз-өзінен оралды. Ал форма жасауда эскиздік өнердің қоспасыз таза өнер, ғарыш арқылы келетін өнер екенін кейін зерделедім. Идея туады, оған түр-пішін, форма беретін қол. Демек, қол дегеніміз орындаушы ғана.

Көрмеге қойылар енді бір топ туындыңыз алғашқы екі топтағыдан несімен  ерекшеленеді?

— Үшінші топқа ыңғайластырылған «Салт атты» (1987), әсіресе, «Көш» (1999), «Құрылтай» (2000) сияқты мүсіндерім соңғы жылдардағы пластикаммен ерекшеленеді. Оларға «Дала әуендері» деп ортақ атау бермекпін. Соңғы жылдардағы пластикам иман-сеніміммен тығыз байланысты. Біздер еуропалық дәстүрмен, яғни  адамды, жан-жануарды немесе жансыз заттарды нақты салу арқылы ойды нақты жеткізуге тәрбиеленгенбіз. Ал Қасиетті Құранда адамның, жан-жануардың бейнесін салу күнә делінеді. Немесе шығыстық дәстүрді алалық.

Бұл дәстүрде ой-пәлсапа тікелей айтылмайды, ауыспалы мағынада беріледі ғой. Мысалы, адам қайтыс болғанда тіке айтылмайды — дүние салды, дүниеден көшті, пәнимен қоштасты, бақилық  болды, дегендей бейнелі жеткізеді. Бұл тіркестердің бәрінде де әлдебір поэтикалық мағына бар.

Құрғақ ақпарат емес, тұтас бір дүниетаным бар дейсіз ғой.

— Иә. Сондықтан да осындай ұғым-мағына, дүниетанымды пластика тіліне түсіргім келді. Мұның да алғашқы ұшқындары студенттік кездерімде болған сияқты. Бұл бағыттағы ізденістерімді жалғастыра бермекпін. Пластикам әлі де трансформацияланады деп ойлаймын. Соңы қайдан шығары өзіме де беймәлім. Өйткені бұл бір ғана ұрпақпен түгесілетін шаруа емес. Жоғарыда аталған және сол сипаттас жұмыстарымды көрген біраз әріптестерім «бұл — пластикадағы жаңа сөз» дегенді айтады. Әзірге өзім де толық зерделеп болған жоқпын. Бір білерім — ол жұмыстарды қолдарым өз-өздігінен жасап шыққандай, басқаша айтсам, ой-сезімім қолыма жетеді, «құйылады» да, қолдарым өз-өзінен әлдебір формаларды жасай бастайды. Мұны түсіндіру қиын. Түсіндіре бастадың-ақ — бітті, әлдене үзіледі. Бұл дегеніңіз — Күн, Ай, ауа, жел, жаңбыр, қысқасы, табиғат стихиясы сияқты.  Түсіндіру өте қиын…

Бұл пластикаға бейнелеу саласындағы өнертанушылар, бүгінгі терминге салсақ, арт-сыншылар не дейді?

— Олар менің шығармашылығымды онша білмейтін сияқты. Ал өзіме  әріптестерімнің  пікірі өте қымбат.

Арт-сыншылар Contemporary art, яғни Қазіргі заман өнері аталатын бағытты көбірек зерделеуге бейім сияқты. Осының және осы бағыттың соңғы онжылдықта ерекше дамуының себебі, сіздіңше, неліктен?

— Нендей өнерді ұнатады және жазады әр маманның өз еркі. Дегенмен де өнертанушылардың  бұл бағыт туралы көбірек жазатыны материалдық жағдайға, Соростың Алматыдағы Қазіргі Өнер орталығы өткізетін, шамалы болса да материалдық ынталандыруы бар көптеген шараларға да байланысты сияқты. Ал Contemporary art — өркениетті әлем әлдеқашан өткен бағыт. Мүмкін, бұл республика  өнері үшін бір  кезең ретінде керек шығар.

Кез келген өнердің зердеден өтуі — оның институциялану деңгейіне байланысты. Мысалы, республикадағы өнер түрлері туралы салиқалы зерделеу жасап отыратын құрылымдар жеткіліксіз, анығы олардың  потенциалы жеткіліксіз қазіргі жағдайда Мәдениет министрлігі мен шығармашылық одақтардың қай-қайсысының да тарапынан ұйымдастырылар шаралар аз емес. Айталық, сіздің шығармашылығыңызды уақтылы зерделей алудың өзі де біздер көп көтеріп жүрген мәдениеттің ғылыми менеджменті деген мәселеге келіп саяды. Бұл орайы келген соң айтылып отырған пікір. Ал өзіңізге тағы бір сауал — әлемдік мүсін өнеріндегі ізденістер, мүмкін, соңғы бір жаңалықтар туралы  не айтасыз?

— Әлемдік  өнердегі соңғы жаңалықтар туралы сөз қозғау қиын. Өйткені  пластикалық жаңалықтардың негізін өткен ғасырдың басында Осип Цадкин, Владимир Татлин, Александр Архипенколар салған. Жаңа сөзді сондай-ақ кезінде   Марино Марини, Генри Мур, Джакометти, Джакомо Мацу, Пэвзнер, сондай-ақ ұлты венгр Бранкусилер айтқан, яғни бұлар пластиканың мүмкіндіктерін мейлінше ашып берген суреткерлер. Ал одан кейінгі, сондай-ақ қазіргі замандағы жаңалық делініп жүргеннің бәрі, мүмкін, солар ашқан негізгі жаңалықтардың интерпретацияланған түрлері болуы.

Сенім, суреткерлік-адами сенім туралы…

— Сенім дегеніңіз — Өмірдің тірегі. Адам баласы әу бастан-ақ санадан тыс әлдебір күштерге сенген. Көпқұдайлылық, шаманизм… одан бергі дәуірлерді алыңыз. Әртүрлі ырымдар бізге сол көне дәуірлерден жалғасқан наным-сенімдермен жеткен ғой. Өкінішке қарай, біздер атеистік мемлекетте дүниеге келдік, ержеттік. Өмір-әлем, дүние-ғаламның бүкіл жұмбағының барлығы материалдық тұрғыдан түсіндірілген қоғамда дін қудалауға ұшырады. Бірақ бұл қудалау қоғамның, демек, адамның мәселесін шешкен жоқ.

Ойымша, бүгінгі таңда адамдардың барлығында да Жаратқанға деген іштей бір сенім бар. Мен де солардың бірімін. Ал сенім мәселесі суреткер үшін философиялық мәселе. Шығармаңды жазғанда, туындыңды жасауда өзіңмен-өзің және Жаратқанмен ғана бетпе-бет қаласың. Ол дүниең қандай болып туады — сол процесс кезіндегі рухани қуатыңа, имани мазмұныңа тікелей байланысты. Шығармашылық дегеніңіз — рухилық. Осыдан да келіп шығармашылықпен таза жүрекпен айналысатын адамдарды рухани адамдар деп тануға болады.

Шығармашылықтағы екіұдай бастау туралы, хас өнер мен кәсіпқойлық және көпшілік мәдениеті туралы ойларыңызды айқындай түссеңіз.

— Баршаға аян: таза жүректен, сезімнен шыққан өнер нағыз өнер. Ондай өнер ұзағырақ жасайды. Мәңгілік деуге аузым бармайды, себебі мәңгілік — Жаратқан ғана.

Хас өнер дегеніңіз — шексіз махаббат, керек десеңіз, құрбандыққа дейін барар сәттер. Мұндай сәттер адам баласын Көкке көтереді. Бұған Бруно, Махамбеттердің тұлға-ғұмыры дәлел. Жалпы алғанда хас өнер — Жаратқаннан. Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік», «Анна Каренина», Әуезовтің «Қаралы сұлу», «Көксерек» туындылары, мысалы, адам жанына нұр құймай ма. Ал адамның пенделік сезімдеріне әсер ету мақсатымен, есеппен жазылған дүниелерде  шайтанның ізі бар деуге болады. Ондай дүниелермен — небір қиянат, зорлық-зомбылық, жауыздықты жас ұрпақтың күні бойы, түні бойы көгілдір және бейнеэкрандардан, соңғы бірер жылда Алматының кинотеатрларынан «тамашалауға», кітап дүкендерін былай қойғанда қазір әрбір қиылыстарда сатылатын, мұқабасы жып-жылтыр, қызылды-жасылды детектив, басқа да түрлі кітап-журналдар оқып, — «өміртанудың» қысқаша курсын өтіп жатқан жас ұрпаққа жан ашиды.  Екіұдай бастау дегенде, мен шығармашылық адамының өз туындыларын жазу, жасауда жақсылық пен жамандық танымынан ұстараның жүзіндегідей өтерін айтамын. Ал бір күндік қызықтарды қызықтауға бастайтын қазіргі көптеген дүниелер авторларының өзгенің емес, ең алдымен, өзінің жеке басының ертеңін ойламайтыны таңдандырады. Жалпы, бұл — тым терең және ұзақ әңгіме.

Көрме, әдеттегі тіркеске салсақ, «табысты өтті» деуге болады. Республикалық БАҚ көрсетті, бірен-саран басылымдарда ақпарат берілді. Бір аптаға созылған көрмеге келушілер аз да, көп те болған жоқ. Біздің қазақ көрмеге қалай барушы еді, солай. Ал көрме авторының мүсін тілімен жеткізілген ойын, көлемі жағынан шағын, мазмұны ішіне түскен мүсіндерінің табиғатын танығандар баршылық екен. Оған «Пікір. Тілек. Ұсыныс» кітабындағы жазбалар дәлел.

Көрнекті мүсінші, монументалист Бақытжан Әбішев үшін, әрине, ең бастысы көрме емес — процесс, жаңа идеялары, ізденістері. Ал мен болсам, осы көрме орайында суреткер шығармашылығын тани түскеніме, өзім үшін жаңа қырларын ашқаныма  қуандым.

 Әңгімелескен Әлия БӨПЕЖАНОВА.

(Шілде, 2008).

Басқа жаңалықтар

Back to top button