Жаңалықтар

Бабалар оқыған кітаптар көне зираттан табылды

Тарихты идеологияға айналдырған кешегі кеңестік билік ата-бабаларымызды ғасырлар бойы надандық, қараңғылық құшағында мүлгіп күн кешкендей, ешқашан қолына кітап алып көрмегендей етіп сипаттады. 

Осы өтірікті «алға жылжыту» үшін өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақтың қолындағы ескі кітап атаулы тартып алынды. Ал бірен-саран сақталып қалған кітап аса құпия ұсталды. Олардың бір бөлігінің жерге көмілгені жөнінде бертінге дейін айтылып келді. Міне, осы сөздің бір дерегі Хромтау ауданының Тасөткел ауылы маңындағы Қарамола-Көбентау қорымынан табылып отыр.

Аталған ауылдың тумасы, қазір облыс орталығында тұратын Серік Әбдіжәмидің айтуынша, Тасөткел тұрғындарының бірі өткен жылы қой жайып жүріп, сол маңдағы бейіт жанынан кітаптың бір шеті шығып тұрғанын көреді. Мұны ауылдағыларға айтып, солар арқылы Серік те құлақтанады. Ол көне мұраға жанашырлық танытып, жан-жаққа хабарлай, ақылдаса жүріп, жақында облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, зерттеу және қалпына келтіру орталығының директоры Фархат Досмұратов, аудандық мешіттің бас имамы Ерік Қонақбайұлы, т.б. мамандармен, ауыл ақсақалдарымен бірге барып, көмілген кітаптарды қазып алыпты.

Арабша жазулары қазір де айқын байқалып тұрған кітаптар 1963 жылғы газетке оралған екен, яғни бертінге дейін сақталып келіп, көмілген.

Дүйсенбі күні Серік Әбдіжәми оларды облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме залына әкеліп, табыстады. Мұнда кітаптарды алдымен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан мен оның орынбасары Нұрбол Смағұлов оқып көрді. Кітаптардың ешқайсысының мұқабасы табылмады, дегенмен қағаздың форматы, безендірілуі, шрифтердің өлшемі арқылы мамандар көмілген кітаптың саны 5-еу болса керек деген пікірге келді. Әрине, бұл алда нақтыланады.

— Кеңестік заманда көне кітаптарды мұқабасымен сақтау мүмкін болмаған. Ондай кітап табыла қалса, сақтаған адам қудалауға ұшырар еді. Сондықтан өз мұқабасын алып тастап, сыртын күдік тудырмайтын басқа кітаптың мұқабасымен қаптап, тығып ұстаған. Табылған кітаптар сол өңірде ғұмыр кешкен діни қайраткерлердің біріне тиесілі болса керек. Қайта қалпына келтірілгеннен кейін, бұл кітаптардың бір бөлігін «Руханият» көрме залына қоямыз, — дейді облыстық музейдің қорларды ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ләззат Нүркеева.

Жартылай шіріп, үгітіліп кеткен кітаптар енді пайдалануға жарамайтыны түсінікті. Дегенмен олардың мазмұнына қарап, қандай еңбек екенін, мүмкін болса, қашан, қайдан шыққанын анықтау үшін зерттеулер жүргізілетін болады. Әзірге имамдар оларды Ханафи мәзһабы негізінде жазылған фикһ кітаптары деген тоқтамға келді. Олардың айтуынша, кітаптардың бірінде Ханафи мәзһабының беделді тұлғасы саналатын имам әл-Тахауидің (843/853-935 жж.) еңбегінен келтірілген дәйексөз бар.

Фикһ дегеніміз — адамға, қоғамға қатысты шариғи үкімдерді нақты дәлелдермен, егжей-тегжейлі баяндайтын ғылым. Ол тіршіліктегі барлық амалдарды, қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтиды.

Ал белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтанов 1923 жылы Шалқар ауданының Шетырғыз ауылында дүниеге келген. Оның есімі — ХХ ғасыр басында Ақтөбе өңірінде өмір сүрген дін қайраткерлерінің ғалым әл-Тахауи есімімен таныс болғанына, оны құрмет тұтқанына дәлел.

Осылайша, Тасөткелден табылған жәдігерлер ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын берік ұстанып келгеніне тағы бір дәлел болып отыр.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button