Экономика

Жергілікті өндірушілерді қолдаймыз!

Кеше облыс әкімдігі ғимаратында атқарушы билік «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамымен  меморандумға қол қойды. Бұл — қазақстандық қамту үлесін арттыру және жергілікті өндірушілерді қолдау аясында қолға алынған келісім.

Аталған құжаттың шартына сәйкес, жергілікті өндірушілердің өнімдерін конкурстық рәсімдерсіз үш жылға жеткізу ынтымақтастығына мүмкіндік берілген. Сатып алу тізіміне сорғылар, арнайы киім, төсек жабдықтары, қағаз өнімдері, жуу және дезинфекциялау құралдары, т.б. тауарлар кірді.

— Облыс әкімдігі әрдайым жергілікті тауар өндірушілерді демеуге мүдделі. Бүгінгі шара да осыны көздейді. Осы келісім арадағы әріптестікті нығайта түседі деген сенімдеміз, — деді облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов.

Ал «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова отандық өндірушілерді қолдау Үкіметтік деңгейдегі мәселе екенін, жыл өткен сайын нарықта өзіміздің тауарлардың үлес салмағы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, билік тарапынан да бұл істе оң бастамалар бар. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге тиімді шарттармен несие беру, басқа да жеңілдіктер жасау жағынан өзгерістердің барын тілге тиек етті.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өкілдері де ақтөбелік өндірушілермен байланыс орнатуға дайын екенін, жалпы бұған дейін Қазақстанда жасалған заттарға басымдық беретінін келтірді.

Басқосу барысында кәсіпкерлер мұндай меморандумның маңызы зор екенін айтып, лебіздерін білдірді.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мұрындық болуымен өткізілген кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, алдағы уақытта серіктес компаниялардың саны көбеюіне тілектестігін жеткізді.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда облыста индустриялық сертификаты бар 13 өндіруші және СТ-КZ сертификаттары бар 100-ден астам өндіруші тіркелген. Яғни бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін растайды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button