Ауыл

Толыбайға су келді

Ауданның шалғайдағы елді мекенінің бірі — Толыбай ауылы үшін биылғы жыл жағымды жаңалықтарымен есте қалмақ. Ауыл тұрғындары интернетке қосылып, ұялы байланыс қызметін пайдалануға жуырда қол жеткізсе, Тəуелсіздік мерекесі күні су құбырлары желілерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша қордан барлығы 344 миллион 169 теңге қаражат бөлінген болатын. Жеңімпаз мердігер «СК-Максимум» ЖШС құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың сәуір айында бастады.

Қазіргі күні жалпы қашықтығы 16 шақырымды құрайтын құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, тұрғындардың пайдалануына берілді.

Толыбай ауылында барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, салтанатты шара өтті.

Тұрғындар мен ауыл қонақтарын облыс əкімінің орынбасары Сəлімгерей Бекбергенов еліміздің басты мерекесімен жəне осынау мерейлі күнмен қатар келген ауызсу желісінің іске қосылу сəтімен құттықтап, барлық игі істің Тəуелсіздік арқасында қол жетіп отырғанына тоқталды.

Шара барысында жақында өрттен бес баланы құтқарып қалған Сұлукөл ауылдық округінің əкімі Нұрдəулет Смағұловқа  қиын сəттегі ерен ерлігі мен батыл əрекеті үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің атынан облыс басшысының орынбасары ведомостволық марапатты табыстады.

Алқызыл лентаны облыс əкімінің орынбасары Сəлімгерей Бекбергенов пен ауыл тұрғындары атынан мəдениет саласының ардагері Райымбек Донешов қиды.

Жаңа нысанның жұмыс барысымен танысқан қонақтар ауыл тұрғыны Нұрбек Хасеновтің шаңырағында болып, ауызсу желісінің іске қосылу сəтіне куә болды.

Ж.КӨПТІЛЕУОВ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button