Білім

Кәсіби жетілу — маңызды міндет

Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби түрде жетіліп-дамуы мәселесі кадр саясаты мен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі түйінді буындардың бірі болып табылады. Кез келген мемлекеттің маңызды саласы ретінде мемлекеттік кадр саясаты алдыңғы бағытта ұсталынады. Кадрлар әлеуетін қалыптастыру, орналастыру, тиімді пайдалану, сонымен бірге оларды кәсіби жетілдіру бойынша мемлекеттің стратегиясы нақ сол арқылы көрініс табады.

Мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа он жылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы белгіленген стратегиялық басымдықтағы бағыттарды жүзеге асыру барысы туралы «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі» ММ Ақтөбе филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы Перизат Шәкәрімқызы ӘСІМБЕТОВАНЫ әңгімеге шақырғанбыз.

— ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған басты міндеттердің табысты орындалуы ең алдымен біліктілігі жоғары кадрлардың қызметіне негізделеді, — деп санайды Перизат Әсімбетова.

— Кадр мәселесіне қатысты сөз болғанда бұған Сіз қандай анықтама берер едіңіз?

— Кадрлар – бұл кез келген елдің ұлттық байлығы. Тарихи тәжірибе куәландырғандай, материалдық, табиғи, қаржылық – мемлекеттің барлық осы ресурстарынан кадрлар, яғни адам ресурсы ең маңыздысы болып саналады.

Қоғамның кадрлар әлеуеті әлеуметтік-экономикалық дамуының ғана емес, сондай-ақ елдегі мемлекеттік басқарудың тиімділігін анықтайтын да шешуші фактор ретінде қарастырылады. Өйткені тіршілік қызметінің кез келген саласындағы істің табысты болуы маманға, оның кәсібилігіне, біліктілігіне және тәжірибесіне байланысты екені анық.

Ал Сіздердің филиалыңызда қызметкерлердің біліктілігін көтеруге байланысты қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби шеберлігін дамыту, жұмыс сапасын көтеру және тиімді әдістерді енгізуді ынталандыру бағытында ҚР Ұлттық Банкі басқармасы көптеген шараларды жүзеге асыруда. ҚР Ұлттық Банкі жыл сайын филиал қызметкерлері үшін семинарлар өткізіп тұрады, оған жылына орта есеппен 8-10 адам шақырылады. Семинар тақырыптары мен атқаратын қызметтеріне байланысты аталған шараларға басшылық қызметкерлерінен бастап бөлім мамандарына дейін қамтылады. Бұдан басқа филиалдың басшылығы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, бір маман «ҚР Премьер-Министрі Канцеляриясы жанындағы ақпараттық қауіпсіздік саласында мамандар біліктілігін көтеру және даярлау орталығы» ММ-де білім алды, филиалдың қызметкерлері «Тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқармасы» ММ жанындағы «Тілдерді үйрету орталығы» мемлекеттік-коммуналдық қазыналық кәсіпорнында мемлекеттік тілдің толық курсынан өтті. Сондай-ақ филиалдың барлық мемлекеттік қызметкерлері ҚР-да ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасы аясында компьютерлік сауаттылыққа үйретудің толық курсында тәлім алды.

— Осы білімнің барлығы мемлекеттік қызметкердің беделін (имиджін) көтеруге жағдай жасайтын болар, сірә?

— Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің кәсібилігі – еліміздің үдемелі дамуының басты шарттарының бірі, ал филиал қызметкерлері үшін семинарлар кәсіби біліктілікті көтеру, басқару саласында жаңаша заңдылықтар нормаларын үйрену, басқарушылық шешімдердің қабылдануы мен жүзеге асуының теориялық-құқықтық негіздерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Өйткені ҚР-да мемлекеттік қызмет қоғамдық процестерді реттеуге, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз етуге және еліміздің азаматтарының мүдделерін іске асыруға міндеттелінген.

Сондықтан да мемлекеттік қызметкердің беделі туралы айтпай кетуге болмайды. Бедел жай ғана маңызды функционалдық мәнге ие емес, сонымен бірге тұрғындардың сенім дәрежесінің көрсеткіші, өзіндік мәртебеге ие өлшем.

Бедел тұтасынан алғанда қоғам мен нақты әлеуметтік топтардың талаптары мен мүдделеріне мемлекеттік органдардың іс-әрекеті сәйкестігі дәрежесін білдіреді. Соның салдарынан бедел белгілі бір дәрежеде азаматтардың мемлекеттік билік органдарына қатынасы тұрғысынан ахуалды айғақтайды, реформа жасау бағдарламаларын және мемлекеттік қызмет қимылдарын қоғамдық қолдау дәрежесін анықтайды.

— Сіздің пікіріңізше, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби жетілуі бойынша біздің облысымыздың мемлекеттік органдары қандай шараларды жүзеге асыруда?

— Бұл арада біздің облысымыздағы мемлекеттік органдардың мақсатты түрде бағытталған жұмыстарды атқарып жатқанын атап өткім келеді. Соның айқын бір мысалы, биылғы жылы менің әріптестерім және таяуда ғана менің өзім (қазан айында) облыстық «Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін көтеру және қайта даярлау аймақтық орталығында» білім алып шықтық.

Филиалдың мемлекеттік қызметкерлерін оқыту филиалдың әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерінің біліктілігін көтеру семинарларын өткізу бойынша облыстық қайта даярлау аймақтық орталығымен жасалған келісім-шарт негізінде жүргізілді. Сол келісім-шартқа сәйкес филиалдың 13 әкімшілік қызметкері әртүрлі тақырыпта білім алу курсынан өтіп, тиісті сертификаттар алды.

Семинарлардың тақырыптары да әртүрлі және қызғылықты болды: «Мемлекеттік қызметкердің кәсіби қызметінің әлеуметтік-психологиялық негіздері», «Мемлекеттік тіл саясатының негізгі бағыттары», «ҚР-дағы индустриялдық-инновациялық саясат: ахуалы, проблемалары және перспективалары», «Мемлекеттік органдар қызметі және ұйымдастырудың құқықтық негіздері», «ҚР қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету механизмдері», «Қазіргі заманғы кезеңде ҚР-дағы мемлекеттік аймақтық басқару» және «Мемлекеттік қызметтің әлеуметтік-психологиялық негіздері» деп аталды.

— Перизат Шәкірімқызы, Сіз экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығы болып қызмет атқарасыз. Семинардан алған сабақтарыңыз өзіңізге және жұмысыңызға пайдасын тигізді ме?

— Иә, мен кадрлар бөлімінің емес, экономикалық талдау және статистика бөлімінің бастығымын. Бірақ мен басқаратын бөлімді әдетте жетекші бөлім деп атайды, өйткені біздің жұмысымыз облыс кәсіпорындарымен, жергілікті атқарушы органдармен, екінші деңгейдегі банк филиалдарымен тығыз байланыста, кейде жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттерімен жұмыс істеуге тура келеді.

ҚР Ұлттық банкі Орталық аппараты өткізген семинарға қатысу нақты атқаратын функция мен біліктілік талаптарына қатысты мақсатты сипатқа ие болды.

Ал қайта даярлау аймақтық орталығындағы оқудың өзгешелеу сипаты бар, яғни мұнда ҚР-дағы тұрғындардың қаржылық сауаттылығы мен инвестициялық мәдениетін көтерудің мемлекеттік бағдарламасын және стратегиялық жоспарларды, құқықтық саясатты жүзеге асыру неғұрлым нақтырақ қарастырылды, қажетті заңдылық актілеріне тереңдетілген түсініктер берілді.

Іскерлік қарым-қатынас жасау этикасына, технологиясы мен мәдениетіне барынша көңіл бөлінді, кез келген мемлекеттік қызметкер үшін маңызды рөл атқаратын көпшілік ортасында сөйлеу мәнеріне қатысты тәлім берілді. Бұдан басқа, білім алушылардың контингенті әртүрлі мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметкерлерден құралуы да жаңа таныстықтарға, жаңаша қарым-қатынасқа жол ашып, кейбір ортақ мәселелер бойынша тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды.

Қайта даярлау аймақтық орталығында оқу маған және менің әріптестерім үшін бұрынғы білімімізді байыта түсті. Осында алған біліміміздің нәтижесінде біздің қызметкерлеріміз ҚР конституциялық құрылымы негіздерімен, кәсіби міндеттерді шешудің қазіргі заманғы әдістерімен жете таныс бола түсті, олар енді шешімдерді қабылдауға және орындауға жүйелі түрде келу дағдысы мен білігін қалыптастыра алады.

Сондықтан да семинарды ұйымдастырушыларға, семинардың профессорлар-оқытушылар құрамына алғыс айта отырып, біздер алдағы уақытта да осындай білім алуды жалғастыруға, тіпті, қажет болған жағдайда, кейбіреуіміз өз қызметімізге қатысты тақырыптар бойынша лекциялар оқуға да  дайын екенімізді айта аламыз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button