Саясат

«Хельсинки рухы» «Астана рухымен» байитын болады…


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммитінің басталуына бір аптадай уақыт қалды.

Өткен аптада ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Венада өткен алдағы Ұйым Саммитіне арналған ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің мәжілісіне қатысты. Венадан жіберген ақпаратында «Егемен Қазақстанның» тілшісі Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ былай деп жазады:

«Саммиттің маңызын айқындаушы шешуші мәселе ретінде оның қорытынды құжатының мазмұны бойынша консенсусқа қол жеткізілуі аталды. Онда қазақстандық дипломатияның басшысы ЕҚЫҰ қоғамдастығын Ұйымның барлық үш өлшемі бойынша қабылданған нормаларды, қағидалар мен міндеттемелерді орындауда сөзсіз ерік-жігер танытуға шақырды. Сонымен қоса, ЕҚЫҰ жауапкершілігі саласында қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлерді белгілеп, оларды еңсеру бойынша тиімді іс-қимыл жоспарын жасау, еуроатлантикалық және еуразиялық қо­ғамдастықтың біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздігі мен Ұйымның өзін жетілдіру жолдары бойынша стратегиялық мақсаттарды айқындау қажет. Осыған байланысты Қ.Саудабаев қорытынды құжаттың мазмұндық негізін қалыптастыратын кейбір міндетті компоненттері туралы сөз қозғады:
«Біріншіден, қару-жараққа бақылау жасау режимін нығайту, өңірдегі сенім шараларын жандандыру, бұған әсіресе, 1999 жылғы Вена құжатын жаңғырту арқылы қол жеткізу үшін ортақ күш-жігер жұмсау қажет.
Екіншіден, ЕҚЫҰ-ның трансұлттық қыр көрсетулер мен қауіп-қатерлеріне қарсы күрестегі, оның ішінде біздің өңіріміздің сыртын­дағыларын да қоса алғанда, қызметін күшейту керек.
Осыған орай, ЕҚЫҰ өзінің мандаты аясында, өзге де халықаралық факторлармен қатар, Ауғанстанға қажетті ықпал етуді күшейте алар еді.
Үшіншіден, Ұйымның жанжалдарды ерте ескерту мен алдын алудағы және шешудегі, дағдарысты жағдайларды және жанжалдан кейінгі оңалту ісін басқарудағы әлеуетін арттырған жөн.
Төртінші. ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағында жанжалдар тәуекелін төмендету мақсатында басты назар этносаралық және дінаралық толеранттылық мәселелеріне аударылуы тиіс.
Бесінші. Құқық үстемдігінің мызғымастығын қуаттап, адам құқы мен оның негізгі еркіндігінің айнымастығын құрметтеу керек. ЕҚЫҰ-ның осы негіз қалаушы қағидаттары болашақта да қоғамдастық қауіпсіздігінің ажырағысыз бөлігі болады. Біз сондай-ақ елдерімізде жанды, белсенді азаматтық қоғам қалыптастыруды қолдауымыз қажет.
Осыған орай Қазақстан ЕҚЫҰ Саммиті шеңберінде түрлі шараларға халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың кеңінен қатысуын қам­тамасыз етті.
Алтыншы. Қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде экономикалық еркіндік, әлеуметтік әділеттілік пен жауапкершілікте біздің ортақ қауіпсіздігіміздің ажырағысыз бөлшегі болып қалуы тиіс.
Жетінші. Қауіпсіздіктің халықаралық және өңірлік құрылымдары жүйесінде ЕҚЫҰ-ның рөлін қазіргіден де нақтырақ айқындап, 1999 жылғы Кооперативті қауіпсіздік тұғырнамасы негізінде басқа да халықаралық ұйымдармен үйлесімділік деңгейін және ынтымақтастығын жоғарылату қажет. Өздеріңіз білетіндей, төрағалығымыз барысында біз мемлекетаралық құрылымдардың қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылын тиімді етуге ұмтылып қана қоймай, қауіпсіздіктің трансқұрлықтық белдеуін құру үшін прагматика­лық үнқатысу қалыптастырудың іргетасын қалауға үндедік.
Сегізінші. ЕҚЫҰ-ның жедел және институттық әлеуетін күшейтіп, оның қызметін тепе-тең деңгейдегі құқықтық негізбен нығайтқан жөн.
Париж хартиясына Қосымша құжат қабылдануы ЕҚЫҰ үшін тұрақты жұмыс істейтін органдар мен институттар құру үдерісіне негіз қа­лады. Біз бұдан әрі де Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссарды, ДИАҚБ-ны, БАҚ бостандығы жөніндегі өкілді жан-жақты қолдауға дайынбыз. Алайда, Кеңестің толыққанды Ұйымға трансформациялануы әзірше аяқталған жоқ.
Осыған байланысты төрағалық Венадағы жұмыс нәтижесіне үлкен үміт артады.
Бұған дейін бірнеше мәрте мәлімделгеніндей, Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттердің пікірлері барынша есепке алынатын теңдестірілген құжат дайындау міндетін басты мәселе ретінде қояды. Бұл жұмыстың жеңіл емес екенін мойындаған ләзім.
Нәтижесінде алдағы жоғарғы деңгейдегі кездесу ЕҚЫК-ЕҚЫҰ-ның даму тарихында екінші кезеңнің лайықты аяқталуына қол жеткізіп, ынтымақтастықтың сапалық тұрғыдан жаңа – Хельсинки мен Парижден кейінгі үшінші кезеңін ашады деп сенеміз. Өйткені жаңа тарихи жағдайда қайта түлеген «Хельсинки рухы» «Астана рухымен» байитын болады», — деді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы.

«Астана хартиясының» маңызы Париж және Хельсинки хартияларынан кем болмайтындығын халықаралық сарапшылар жарыса айтып жатыр. Хартия демекші, 12 қараша күні Франция астанасында Париж хартиясының жиырма жылдығына арналған жиында Елбасы Н.Назарбаев бұл құжаттың халықаралық қарым-қатынастардың сапасының артуына ықпал етіп,  серіктестік, ынтымақтастық және өзара түсіністік рухын берік қалыптастырғанын тілге тиек етті. Ал Францияның бұрынғы сыртқы істер министрі Ролан Дюманың айтуынша, Париж хартиясының идеялары қазіргі күні де маңыздылығын жойған жоқ. «Сондықтан, — дейді ол, —  Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Париж хартиясы жаңа түрге енеді».

Қазан айының аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Францияға ісапармен барды. Осы сапарда француз публицисі Пьер-Люк Сегийцонның «Қазақстан- Еуразия түпқазығы» атты әдеби кітабының тұсаукесері де болды. Бұл кітапта ел басшысы Н. Назарбаевтың сұхбаты басылған. «Орталық Азияда баршаны қамтитын қауіпсіздік мәселесі Ауғанстан мен Қырғызстандағы ахуалға тікелей байланысты. Бұл екі мемлекетке көмек көрсету талап етіледі. Мұндай қажеттілік бар боп тұрған кезде біз ондай көмекті көрсетуге міндеттіміз. Көмек көрсету –қазіргі бар немесе мүмкін болатын бәлеге қойылатын тосқауыл. Тұтастай алғанда біз Саммит ЕҚЫҰ-ның дамуындағы жаңа кезеңнің басы болатынына сенімдіміз», — дейді сұхбатында Елбасы.

Бұл ұлы жиынды әлем елдері шиеленіскен мәселелердің түйіндері шешілетін жиын деп бағалап, үлкен үміт күтіп отыр. Мысалы, Арменияның қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Артур Багдасарян армян елі бұл саммиттен үш мәселеге қатысты нақты шешім күтетінін айтады, олар: Қарабахтың тәуелсіздігі, Степанкерт пен Ереванның арасындағы аумақтық байланыс және Қарабахта тұратын армяндардың тәуелсіздігі.

Грузия мемлекеті де бұл саммит бұрынғы саммиттерден басқаша болады деген үміттің жетегінде. Ресейдің «Время новостей» газетінде жарияланған «Жалоба на ОБСЕ: Южная Осетия и Грузия готовятся к битве в Астане» деген мақалада: «Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін танығаннан кейін ЕҚЫҰ мен БҰҰ Тбилисидегі кеңсесі арқылы Цхинвал мен Сухумиде өз миссиясын жүргізе   алмаған соң жабылған болатын. Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде Грузия осы ұйымның өкілдіктері қандай да болмасын форматта қайта жұмыс жасауы жөніндегі мәселені көтереді», —  деп жазған.

ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі ауған жағдайы болмақ. Ауғанстан президенті Хамид Карзай Астанаға келетіндігін айтып, Қазақстанға өз мемлекетінің басындағы жағдайға үлкен мән беріп отырғандығы үшін алғыс білдіріп үлгерді. «Кеңейген, Орталықтазиялық аймақты мүшелігіне қабылдаған ЕҚЫҰ Орталық Азияның мәселелеріне баса көңіл аударуға тиіс: есірткі трафигі, ауған героинінің Батыс Еуропаға дейін баратыны үлкен мәселе болып отыр. Бұл жағдайда қандай шешім қабылдау керек, есірткінің  таралуына қалай қарсы тұрамыз — ортаға тасталатын күрделі мәселелердің бірі осы», — деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров.

Қысқасы, сарапшылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің деңгейін алдағы саммит анықтап береді деп отыр. Қазақстанның саяси шешімдер институтының сарапшысы Михаил Казначеевтің айтуынша («Известия Казахстана»), ол үшін алдағы саммит осыдан он бір жыл бұрын Стамбулда өткен саммиттен бір де кем түспеуі керек. Оның пікірінше, солай болады да…

Қанат Саудабаев,

ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы– Сыртқы істер министрі:

Қазақстан  жаңа кезеңге бет алады!..

Бұл саммит халықаралық деңгейдегі тарихи оқиға болып қана қоймай, сөзсіз Қазақстанның одан әрі дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Саммит барысында, 11 жыл үзілістен кейін біздің астанамызда ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшылары арасында жасалған саяси құжаттардың қабылдануы нәтижесінде әлем тарихында Қазақстан Президентінің және Астанамыздың  аты мәңгілік қалатын болады.

Астана саммитінің күн тәртібін жасауды аяқтап қалдық. Қорытынды саяси құжат – Астана декларациясына енетін нақты мәселелерді келісу жұмыстары күн сайын жүргізіліп жатыр деуге болады. Сөзсіз ол — Ауғанстан мәселесі, өкінішке қарай тағы бір мәселе пайда болды, ол — көрші Қырғызстандағы жағдай. Бұлар Ұйымның бірінші — әскери-саяси өлшеміне кіретін тақырыптар. Екінші – экономикалық-экологиялық бағытта әлемнің дағдарыстан кейінгі экономикалық жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралатынын айтқан болатынбыз. Ең маңыздысы үшінші бағыт қамтитын тақырыптар, бұлар — толеранттылық, ұлтаралық, дінаралық келісім және адамның құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету бағытын ұстану. Бұл Ұйымға мүше елдердің және олардың басшыларының ешқандай қарсылық білдірмейтін маңызды мәселелер болып отыр.

Саммит мақсаты — ЕҚЫҰ жұмысына жаңа серпін беру. Мемлекет басшылары осы тарихи кездесу барысында 35 жыл бұрын негізі қаланған Хельсинки Қорытынды Актісінде айтылған біздің ортақ құндылықтарымыз бен принциптеріміздің негізінде алып Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте шынайы қауіпсіз қоғамдастық құруға серпін беруге тиіс.  Бұл өте үлкен мақсат және біз оған қол жеткіземіз деп ойлаймын.

(«Қазақпарат» сайтының 15 қараша күнгі санында

жарияланған журналист М.Мақұлбековтің Қ.Саудабаевпен жасаған сұхбатынан үзінді).

Мари Дуэ,

Қазақстандағы Франция елшілігінің саяси атташесі:

Саммиттен күтеріміз көп…

— Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті тек Ұйымның тарихындағы ғана емес, Қазақстанның тарихындағы да атаулы күн болмақ. Көптеген мемлекеттердің осы саммитке қатысу туралы ниетін білдіруі, осы Ұйымның қызметіне жаңа серпін беретінін көрсетеді. Мүлдем жаңа, барлық салалар үшін де тиімді жаңа құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Тек қауіпсіздік саласында ғана емес, сонымен қатар Ауғанстанға, Қырғызстанға қолдау көрсету бағытында да тиімді болмақ. Бұл — біз үшін аса маңызды мәселе. Бұл ұйымды бұрынғы кеңестік кеңістіктегі тұңғыш ел басқарып отырғандықтан, Франция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын аса жоғары бағалап отыр. Әрине ол үдеріс жүріп жатыр, бірақ біз осы күннің өзінде оның табысты болғанын атап өте аламыз. Оның аясында көптеген іс-шаралар өткізілді. Болашақ саммиттен күтеріміз көп.

(Қазақпарат).

Алексей Власов,

Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпараттық-сараптамалық орталығының жетекшісі:

Келесі аялдама — саммит — Астана

— ЕҚЫҰ-ның ішкі жағдайы тарапынан алып қарағанда Қазақстан төрағалық еткен бір жыл ішінде не өзгерді, Ұйымды қауіпсіздік саласындағы мәселелерді тиімді шешу бағытындағы жұмыс істейтін құрылым ретінде жайғастыру ма? ЕҚЫҰ-ны реформалау тек «ішкі» мәселелерде, мысалға, басқару, ұйымдастырушылық мәселелерінде ғана жүзеге асырылмайтындығы анық.  Жаңа шақырулар мен қауіп-қатерлер «қауіпсіздік» түсінігіне деген әдістемелік қадамдардың  өзгеруін талап етеді.

Саясат, экономика, қауіпсіздік саласындағы міндеттерді шешетін құрылымдармен өзара іс-қимыл орнату өзгерді. ШЫҰ,  ҰҚШҰ, ИКҰ, АӨІСШК ұйымдары ЕҚЫҰ құрылымдарымен белсенді ынтымақтастық орната бастады. Аталып өтілген барлық ұйымдар әртүрлі тетіктер арқылы аймақтық қауіпсіздікті сақтаудың тұрақты әрі мықты үлгілерін қалыптастыруға бағытталғандықтан, осы құрылымдардың міндеттері мен мақсаттары ЕҚЫҰ-ның міндеттері мен мақсаттарына ұқсас.

Менің ойымша, «ашық» стратегияларға бет бұру, ілгерлі өзара іс-қимыл философиясын өзгерту, оларды нығайту мен бекітуді қажет ететін халықаралық арендағы жаңа шынайылықты қалыптастыруда қазақстандық дипломатияның қосқан үлесі маңызды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығы еуропалық және азиялық қауіпсіздіктің күн тәртібін үйлестіруге мүмкіндік беріп үлгерді.

Сонымен, келесі аялдама — саммит — Астана. Алда Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етер 2011 жыл бар.

(Қазақпарат).

Жексенбай Дүйсебаев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымд рының кандидаты:

Соңғы он шақты жылдың көлемінде Ұйымға төрағалық еткен елдердің бір де біреуі Саммитті өткізе алған жоқ

—  Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету миссиясының, ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізудің бір-ақ түйіні бар. Ол —  әлемнің кейбір аймақтарындағы қақтығыстарды тоқтату, халықтардың тату-тәтті өмір сүруіне алып келу, адамзат байлығы болып табылатын мәдениетімізді дамыту, қырып-жоятын қарулардың барлығына тосқауыл қою, сол арқылы жер жүзінде бейбітшілік орнату. Бұған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамалары арқау бола алады. 1990 жылдардың басында-ақ Семей сынағы аймағын жабу, ядролық қарудан бас тарту, алпауыт елдерді қатерлі қарулардан бас тартуға шақыру секілді Елбасымыздың бастамалары үлкен қолдауға ие болды. Осы ұстанымдарды қазір БҰҰ, ЕҚЫҰ сынды халықаралық беделді ұйымдар арқылы дамытуға қол жеткізілуде.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі Қазақстанның енгізген басты жаңалығы — бұл ұйымның оң көзқарасын Азияға бұрып берді. Қазір Азия құрлығындағы елдер туралы Еуропа елдерінің жаңа көзқарасы қалыптасуда. Өйткені бұрын ЕҚЫҰ Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да тек сын көзбен қарайтын еді. Әсіресе, сайлаулардың нәтижесіне көбірек көңіл бөлетін-ді. Қазір енді көрші елдерге де ЕҚЫҰ-ның оң ықпалын тигізіп отырмыз.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жинаған тәжірибеміз, Саммит өткізудегі мәртебеміз біздің болашағымызға да үлкен әсері болмақ, еліміздің саяси-демократиялық дамуына да оң ықпал етеді. Осының барлығы өз тәуелсіздігін алған елімізді басқарып келе жатқан біздің Елбасымыздың сарабдал саясатының іске асқанын білдіреді.

Соңғы он шақты жылдың көлемінде Ұйымға төрағалық еткен елдердің бір де біреуі Саммитті өткізе алған жоқ. Құдайға шүкір, біздің еліміздің ынтымағының, Президентіміздің абыройы мен бастамасының арқасында осындай мәртебеге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстан кейбір мемлекеттермен салыстырғанда әлеуеті соншалықты зор болмаса да иығына ауыр жүкті артып отыр. Оны абыроймен атқаратынына сеніміміз мол. Алпауыт елдердің басын біріктіру оңай іс емес.

(Қазақпарат).

Астана қызу дайындық үстінде…

«Таңғалдырғым келеді…»

Астана қонақтарын түрлі мәдени шараларымен қарсы алатын болады. «Біз ерекше мәдени бағдарлама дайындап жатырмыз», — дейді мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Оның айтуынша, бүгіннен бастап Астананың барлық концерт алаңдарында дәстүрлі қазақ музыкасынан бастап соңғы хит әндер, опералық, балет премьералары көрсетілетін болады.

Саммитке қатысушыларды таңғалдыруды мақсат еткен Мәдениет министрі бағдарламалардың толық сценариін айтпай отыр. «Өйткені ақпарат интернет арқылы лезде тарап кетеді. Ал менің келген қонақтарды қазақ елінің тамаша өнерімен таңғалдырғым келеді», — дейді ол.

Белгілі болғаны Астанадағы концерт залында 252 әншіден тұратын хор өнер көрсететін болады. 252 әнші! «Бұл тамаша болуы керек!» — дейді министр.

5 мыңға жуық адам келеді

ЕҚЫҰ саммиті шеңберінде өтетін шараларға 25 қараша мен 2 желтоқсан арасында Астанаға бес мыңға жуық қонақ келеді. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, шет елден келетін журналистердің санының өзі 500-ге жетеді.

50 елдің басшылары мен үкімет басшылары, бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері Саммитке келуге ат-әбзелдерін әзірлеп жатқан көрінеді.

Аспаздар да әбігер үстінде

Интернет материалдарында «саясаткердің жүрегіне баратын жол асқазан арқылы өтеді» деген әзілдер де айтылып қалады. Қонағын құдайындай сыйлаған қазақтың үйіне адам келсе, қазаны бос болмайтыны белгілі. Астана да қонақтарына дастарқанын әзірлеп жатыр.

Астаналық аспаздар жүздеген ас түрлерін қарап, теңіздің ар жағындағы елдер мен ұлттық ас мәзірінің ең таңдаулыларының тізімін жасап қойды. Бас аспаз Мехмет Йылмаз саммитке арналған ас мәзіріне «халықаралық» деп анықтауыш беріп отыр.

Наубайханаларда сәулет туындыларына ұқсайтын торттар пісіріліп жатыр. Торттардың бетінде ЕҚЫҰ-ның, Ақорданың бейнесі салынғандары да бар. Дастарқанның басында жүрген Роза Жақыпованың айтуынша, торттардың бетінен Қазақстанның Көк Байрағының, Республика Сарайының, т.б. бейнелері бар. «ЕҚЫҰ» деген жазуы бар шоколадтар қазірдің өзінде дүкендерде сатылып жатыр.

Тәжірибелі дегустаторлар дайын астың дәмін көруден қолы тимей жатқан көрінеді…

Арнайы таксилер де шықты…

Саммитке келетін қонақтарға арнайы таксилер қызмет көрсететін болады.

90 – Toyota «Сorolla», 5 – Toyota «Camry» және 5 – Toyota «Hiace» көліктері сол мақсатта арнайы сатып алынған.

Жүргізушілер, техникалық қызметкерлер мен диспетчерлер қатаң іріктеуден өткен.  Такси көліктері тәулік бойы жұмыс істейді. Қызмет үшін төлем — көлікке отырғаныңыз үшін —  100 теңге, одан әрі есептегіш құралы бойынша әр шақырымына 90 теңгеден төлейсіз. Қызметтер үшін «Visa» төлем карточкаларымен де есеп айырысуға болады.

Эстафетаны Литва қабылдайды

Қазақстаннан кейін ЕҚЫҰ төрағалығы Литваға өтеді. ҚР-дағы Литва Елшілігінің кеңесші-министрі Антанас Пятраускастың айтуынша, Литваның ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде көтеретін мәселелерінің бірі кибернетикалық қауіпсіздік проблемасы болады.

Шетелдік дипломаттың айтуынша, атап өтуінше, салыстырмалы түрде алып қарағанда жас саналатын Қазақстанның тәжірибесі Литваға үлкен сабақ болады.  Сондықтан ЕҚЫҰ төрағалығын қабылдайтын Литваға алдағы жауапты миссияны атқаруда көп қиындық туындамауы керек.

«Өйткені осы жыл ішінде біздің мемлекеттеріміз бір-бірін жақсы танып үлгерді әрі келер жылы да бір-бірімен тығыз жұмыс жасайтын болады. Менің ойымша, Қазақстан мен Литва үшін ЕҚЫҰ төрағалығы өте жақсы дипломатиялық академия болды.  Қазақстан ЕҚЫҰ мағынасы мен міндеттерін кеңейте түсті және оны Литвамен бөліседі деп ойлаймыз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға жаңа Орталық Азиялық доминантты енгізді және бұл доминант ұйымның мүмкіндігі мен мағынасын кеңейте түседі», —  деді А. Пятраускас.

Интернет материалдары бойынша дайындаған М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button