Басты жаңалықтарЖастар

Еріктілер ерлігі бағаланды

Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жылды «Еріктілер жылы» деп ресми жариялаған еді. Әлемді шарпыған коронавирус індеті еріктілерге екі есе жауапкершілік жүктеді. Облыстағы ерікті жастар осындай қиын кезеңде денсаулықтарына, өмірге төнген қауіпке қарамастан, жұмыстарын жалғастыра берді. Олар дәрігерлерге, мұқтаж отбасыларға, жұмыссыз қалғандарға қолдау көрсетті, басқа да бағыттағы істерде барынша көмек қолын созды. 

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыс жастарына «Жыл еріктісі — 2020» жастар сыйлығын табыс ету рәсімінде де жастардың пандемия кезіндегі ерліктеріне тоқталды:

— Тек біздің елімізге ғана емес, әлем елдерінде болған пандемия өмірімізге айтарлықтай өзгеріс әкелді. Облыс тұрғындары, әсіресе, дәрігерлеріміз, ұстаздар қауымы, басқа да сала мамандары жауапкершілік жүгінің бұрынғыдан да ауыр екенін түсініп, жұмыла еңбек етті. Бізге сырттан ешкім келіп көмектескен жоқ, барлық жұмысты атқарған өз өңіріміздің адамдары. Елдегі жағдай еріктілер қозғалысының да біздің қоғам үшін ерекше мәні бар екендігін көрсетті. Әрине, билік өңірдегі проблемалық мәселелерді шешіп келеді. Қоғамдағы белсенді азаматтар да көмек қолын созудан тыс қалған емес. Мұқтаж азаматтарға, қолдауға зәру адамдарға қолдау көрсету, яғни еркітілік ісі — адамгершіліктің, сана-сезімнің жоғары екендігінің, мейірімділіктің, жомарттықтың көрінісі. Егер биылғы жағдайдан еліміз, өңіріміз абыройлы шықса, бұл ретте сіздердің қосқан үлестеріңіз де  жоғары. Облыс еріктілері қоғамның қай саласында да белсенділік танытып келеді. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін, — деді өңір басшысы.

Былтыр жыл аяғында облыста 35 еріктілер тобы болған болса, биыл 94-ке жеткен. Волонтерлікпен айналысатын жастар саны 2000-ға жетіп отыр. Волонтерлік бағдарламалар мен жобаларды бақылау және жүйелеу мақсатында құрылған облыстық фронт-кеңсе аясында облыс көлемінде 311 шара өткізіліп, 5300-ге жуық ерікті жас тартылған.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен кешегі шара барысында облыс әкімі О.Оразалин бірқатар еріктілер тобы мен мүшелерін «Жыл волонтері-2020» жастар сыйлығымен марапаттады. Олардың қатарында «Үздік волонтерлік топ», «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін», «Birgemiz» ұлттық жобасының «Qamqor» бағытына қосқан үлесі үшін,  «Үздік волонтерлік ұйым»,  «Birgemiz» ұлттық жобасының «Bilim» бағытына қосқан үлесі үшін, «Коронавирус инфекциямен күреске қатысқаны үшін», «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін», «Үздік әлеуметтік көмекші», «Волонтерлік қызметті насихаттауға белсенді қатысқан медиа саласының үздігі», «Волонтерлік қызметті дамытуға белсенді атсалысқан жастар ресурстық орталығы», «Денсаулықты сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін», «Үздік көшбасшы», басқа да номинациялар бойынша марапатталған 26 еріктілер тобы мен мүшелері бар.

«Ырғыз жастары» волонтерлік тобы — «Үздік волонтерлік топ», «Волонтер-2020» волонтерлік ұйымы — «Үздік волонтерлік ұйым» атанды.

«Жүректен жүрекке» волонтерлік тобының мүшесі Әлішер Садық — «Үздік көшбасшы»,  Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжі оқушысы Аружан Омарова  — «Үздік қоғамдық көмекші», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалы маманы  Мақсат Заитов — «Корпоративтік волонтерлік көшбасшы», Астана ауданы әкімдігі маманы Еркеболат Тағанов «Үздік әлеуметтік көмекші» номинациялары бойынша марапатталды. Сонымен бірге бірқатар мекеме, оқу орындары, аудандық жастар ресурстық орталықтарына да волонтерлік қозғалыстарға қолдау көрсеткені үшін  құрметке ие болды.

Шара барысында ерікті жастар облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, тек биылғы «Еріктілер жылында» ғана емес, үнемі осы салада белсенді жұмыс жасай беретіндіктерін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button