Білім

Патриоттық тәрбие — басты бағыт

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі — білім саласындағы маңызды басымдықтардың бірі. Қазір облыста  387 әскери-патриоттық клуб бар. Білім беру ұйымдарының әскери материалдық базасын жетілдіру  үшін  облыстық бюджеттен 65 миллион теңге бөлінген.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру  міндеті облыстағы барлық білім беру ұйымдарында  жүзеге асырылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әскери-патриоттық клубтар, тәрбиелік іс-шаралар, алғашқы әскери дайындық пәні арқылы іске асырылуда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн» деп тапсырған болатын. Соған байланысты өткен оқу жылында білім беру ұйымдарында 194 әскери-патриоттық клуб құрылды. Мақсат — жасөспірімдер арасында Отанға деген құрмет, сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық тәрбие беру, әскер қатарына даярлау, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Нүркен Жақсыбаев.

Әскери-патриоттық жұмысты жандандыру, ұйымдастыру үшін облысымызда «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының филиалы құрылған.

Қазір облыста 387 әскери-патриоттық клуб бар (Онда қамтылған балалардың үлесі — 15 247 оқушы). Оның 356-сы мектептерде, қалған 31-і колледждерде ашылған. 8 жас сарбаз сыныбы жұмыс жасайды.

Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмалар Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. 

Білім беру ұйымдары арасында «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубтарының жұмысын жандандыру, ұйымдастыру, материалдық базамен жабдықтау, әскери спорт түрлерін дамыту үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың арасында меморандумға қол қойылды, — дейді облыстық басқарманың қызметкері.

Әскери-патриоттық клубқа негізінен құқықбұзушылыққа бейім, ішкі істер бөлімінде есепте тұрған, әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар мен студенттер қамтылған. Соңғы екі жылда білім беру ұйымдарындағы әскери-патриоттық клубтар 1000-ға жуық шара өткізіп, оған 70 мыңнан астам оқушы тартылыпты.

Облыс әкімінің қаулысы негізінде жыл сайын дәстүрлі түрде білім беру ұйымдарының оқушы, студенттеріне арналған оқу-далалық жиыны өтеді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандарының қатысуымен ұйымдастырылатын шара барысында жасөспірімдер көп нәрсе үйренеді. Оқушылар әскери тәртіп, Отан алдындағы жауапкершілік, әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығын сезінеді. 

Жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу, патриоттық жұмысты жандандыру және бастапқы әскери дайындық бойынша облыс әкімдігінің №337 қаулысымен 2020-2021 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.  Жоспар аясында білім беру  ұйымдарында әскери спорттық ойындар, Ашық есік күндерін өткізу, білім беру ұйымдарының алғашқы әскери дайындық пәнінің жүргізілуін зерделеу жұмыстары енгізілген, — дейді Нүркен Жақсыбаев.  Оның айтуынша, жас патриот келбетін қалыптастыруда жыл сайын өткізілетін «Мерген Ару», әскери-патриоттық клубтар арасында ұйымдастырылатын спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша жарыстар, «Сардар» кешенді олимпиадасы, «Айбын» әскери спорттық сайысының рөлі зор. Республикалық деңгейде өткізілетін байқауларда облыс оқушылары жыл сайын жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Мысалы, қыз балалар арасында Ақтөбе қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ерлігін еске алуға арналған республикалық «Мерген Ару» сайысынан біздің облыстың командасы І орын иеленді. Алматы қаласында өткен әскерге дейінгі жастар арасындағы әскери-қолданбалы спорт түрінен облыс оқушылары ІІ орын алды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық «Жас Ұлан» үрлемелі аспаптар байқауынан біздің облыс жастары І орынға ие болды.

Барлық білім беру ұйымдарында дәстүрлі түрде әскери-патриоттық акциялар, байқаулар, викториналар, әскери-далалық ойындар, «Ашық есік күндері», «Шақырылушы күні», «Батыр», «Жас ұлан» және тағы басқа шаралар жиі өткізіледі.

Әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы іс-шаралар, алғашқы әскери дайындық пәнінің өтуі  басқарма тарапынан тұрақты түрде бақыланып отырады. Қорытындысында білім беру ұйымдарының әскери материалдық базасын жетілдіру  үшін  облыстық бюджеттен 65 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға 292 мектепке 464 автомат және 371 пневматикалық мылтық  сатып алынды, — дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Нүркен Жақсыбаев.

Жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудің тағы бір тәсілі — алғашқы әскери дайындық пәні. Облыс бойынша жалпы 332 алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі бар. Оларға әдістемелік көмек беру мақсатында семинар, әдістемелік кеңес отырысы, тәжірибелік жұмыстар ұйымдастырылады. Педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы  Н.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыстық филиалында семинар, курстар өткізіледі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button