Рухани жаңғыру

Библиосаяхат барысы

Өлкетану бағытындағы әдебиеттермен таныстыру, тарихи сананы қалыптастыру, өлкеден шыққан тарихи тұлғалардың есімін ұлықтау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында Шалқар аудандық орталық кітапханасы «Борсыққұмда ізі қалған ұлы есімдер» жобасы аясында «Ақырып теңдік сұраған» тақырыбында библиосаяхат жасады.

Библиосаяхат барысында  Қауылжыр ауылдық модельді кітапхана қызметкері А.Сегізбаеваның ұйымдастыруымен зейнеткер Қ.Төлегеновпен кездесу кеші өткізіліп, Қайдауыл батыр кесенесіне барып Құран оқылып, зиярат жасалды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығын атап өткен болатын. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі», — деген Елбасы осыған байланысты «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның қолға алынатындығы туралы айтқан еді.

Біздің Шалқар өңірі де киелі, айбынды мекен. Қауылжыр ауылында орналасқан Қайдауыл батыр Едігеұлының кесенесі соның бір дәлелі. Қайдауыл батыр Көтібар, Арыстан, Достан сынды батырлардың замандасы. Қайдауыл мен Көтібар ел қорғандары ретінде бірі сыртта болса, екіншісі іште ел ішінде тосқауыл болған екен. XVIII ғасырдың 80-90 жылдарындағы түрікпен шабысында, башқұрттар мен Жайық бойы атты казактарының шапқыншылықтарында қаһармандық көрсетіп, жеңіске жеткен. Қайдауыл батыр Едігеұлы заманында ел намысын қорғаған батыр, сонымен қатар бірлікті мақсат тұтқан айтулы шешен де болған деседі. Көтібар батыр оны «Қазан жүрек қас батыр» десе, орыс казактары сыртынан «Қара пері» деп ат қойған.

Әрбір азамат рухани бай болу үшін өз халқының әдебиеті мен мәдениетін білуге міндетті. Сонда ғана дені сау, рухы биік ұрпақты тәрбиелейміз. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген бұл шара келешектегі түйткілді мәселелерді жаңғыртып, ел мен өлке тарихына шынайы ықылас аударуға ықпал етеді деген сенімдеміз.

                                       А.СЕРІМБЕТОВА,

               Шалқар аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button