Басты жаңалықтар

Ақтөбе-Қандыағаш тасжолын жөндеу жұмыстары басталады

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ басқарма төрағасы  Ұлан Әліповпен кездесті. Жүздесу барысында  республикалық маңызы бар Ақтөбе-Қандыағаш тасжолын қайта құрылымдау жұмыстарына қатысты мәселелер талқыланды.

2021 жылы Ақтөбе қаласынан Қандыағашқа дейінгі жолдың сапасын жақсарту жұмыстары басталмақ. Бұның құны — 64 миллиард теңге. Осыған орай басқарма төрағасы жолды салу барысында қажет болуы мүмкін мәселелер бойынша Оңдасын Оразалиннен көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімі маңызды шараны бірлесе атқаруда жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізе отырып, жұмысты мобилизациялау жөніндегі ұсынысын білдірді. Яғни желтоқсан айында дайындық шараларын толық аяқтап, келесі жылы нақты іске кірісу қажет.

Аймақ басшысы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашовқа ұлттық компанияға әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.

Ақтөбе-Қандыағаш жолын алдағы үш жылда толық аяқтау жоспарланып отыр. Жолдың 64,039 километрін қайта құрылымдаудан өткізу, 32,014 километрге жаңадан жол құрылысын жүргізу, екі жаңа көпірдің құрылысы және 9 көпірді қайта жөндеуден өткізу жұмыстары жасалатын болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button