Мәдениет

ОҚЫТУШЫЛАР СТУДЕНТТЕРГЕ ӨНЕР КӨРСЕТТІ

Жақында Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының Студенттер сарайында халықаралық студенттер күніне арналған әдемі де,  әсерлі кеш өтті.

Кештің ерекшелігі — студенттерді мерекелерімен құттықтаушылар да, шараны ұйымдастырушылар да, кеште өнер көрсеткендер де оқытушылар екендігінде. Педагогика және психология факультетінің профессорлық–оқытушылық құрамы дайындаған мерекелік шара институт ректоры Ғалымжан Нұрышевтың құттықтау сөзімен басталды. Институт басшысы үздік оқу үлгерімімен, үлгілі тәртібімен, белсенді  қоғамдық  жұмысымен көзге түскен студенттерді марапаттады.

— Мұғалімдік мамандықты таңдағандықтан, қоғам болашағы тікелей сіздерге байланысты болады. Мұғалімнің алдынан өтпейтін ұрпақ жоқ. Мен  сіздердің жақсы маман болып, егемен еліміздің болашағын қалыптастыруда лайықты  еңбек ететіндеріңізге сенемін, — деді Ғ.Нұрышев.

Содан соң оқытушылардың студент қауымына арнаған мерекелік сый-құрметі басталды. Факультет ағасы ретінде алдымен сахнаға көтерілген профессор Ниетжан Берікұлы арнау өлеңін оқыды.  Өзінің студенттік кезі мен бүгінгі күнін қамтып және болашақпен байланыстырған автордың бұл өлеңі студенттерге берілген бата, тілектей болды. Мерекелік кеште ұстаздар жоғары оқу орнында оқыған жылдарына байланысты әр онжылдыққа бөлініп, өнер көрсетті.

1970 жылдардың студенті, қазір ҚР білім беру ісінің үздігі Қалима  Алдамжардың орындауындағы «Іздедім сені», 1980 жылдардың студенті Ақтолған Сисенбердиеваның орындауындағы «Кешікпей келем деп ең»,  квартет болып 1970, 1980, 1990, 2000 жылдар студенттері орындаған «Армандастар», сахнада шырқалған басқа да көптеген әндерге студенттер қауымы ризашылықпен қол соқты. Студенттік шақтары еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезеңмен тұспа-тұс келген студенттердің «Қазақ елі» секілді әнді орындауы да сәтті шықты. Залдағы студенттер мен басқа тыңдарман қауымның рухын бір көтеріп тастағандай әсер етті.

Әр онжылдық студенттері сахнаға шыққан сәтте экранда олардың студент кезіндегі фотосуреттерінің берілуі де көрерменді жылы бір сезімге бөледі. Жүргізушілердің кезектесіп сол онжылдықта ел өмірінде болған елеулі оқиғаларды оқып, сол кезең сипаттамасын беріп тұруы кештің жан-жақты ойластырылып, дайындалғанын аңғартты.

— Қазан айында, мұғалімдер күні қарсаңында ұстаздарына арнап факультет студенттері де осындай мерекелік кеш ұйымдастырған болатын. Енді, міне, бүгін ұстаздар қауымы студенттер мерекелеріне арнап осындай кеш сыйлап отыр. Жалпы, біздің институтта оқу процесімен қатар тәрбие жұмысы да жақсы жолға қойылған, осындай іс-шаралардың студенттер мен оқытушылар қарым-қатынасына тигізер оң ықпалы өте зор деп ойлаймын, — дейді факультет деканы Сабыржан  Мұхтаров.

Кеш ұстаздар мен студенттердің қосылып орындаған «Студенттердің қоштасу әнімен» аяқталды.

Бұл шара  институт қабырғасында ел болашағы үшін жақсы маман дайындалып жатқанына тағы да көзімізді жеткізгендей болды.

Гүлдана ӘДІЛХАНОВА,

оқытушы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button