Денсаулық

Тұрғындар тексерілді

Акция

Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күніне орай №2 қалалық емханада «Өзіңді қант диабетіне тексерт» атты акция өтті.  Тұрғындар  қандағы қант мөлшерін тегін тексертіп, аурудың алдын алуға мүмкіндік алды.

Акцияны ұйымдастырушылар — облыстық салауатты  өмір салтын қалыптастыру орталығы мен «Диабет+» қоғамдық бірлестігі. Қант диабеті қауіпті аурулар қатарына жататындықтан әр адам уақытында тексеріліп, дәрігерге көрінулері қажет. Акцияға  келушілерге ақыл-кеңес беріп жүрген эндокринолог Мәдина Басығараева былай дейді:

— Қазір  бұл індетпен күресу үшін жер-жерде қызу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Диабетпен күрес күніне орай ғимараттар мен көшелерде көгілдір шамдар орнатылды. Қант диабеті  екі түрге бөлінеді. Алғашқысы балалар мен жасөспірімдер арасында, екіншісі 40 жастан асқан адамдарда кездеседі. Сырқаттың алғашқы белгілері әлсіздік, жиі шаршау, әлсін-әлсін шөлдеу, шамадан тыс семіру немесе арықтау. Бүгінде қант диабетіне шалдыққандардың саны көбеюде. Бұл сырқатпен ауыратындар үнемі қозғалыста  болулары керек. Қант диабетіне шалдыққандардың оңалуы қиын болады. Ауру  ағзаның тез қартаюына және уақытынан бұрын миокард  инфарктіне, инсультке, бүйрек ауруына, соқырлыққа, аяқтың жансыздануына, тағы басқа көптеген ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан  күтініп жүру керек. Тәтті тағамдардан аулақ болған жөн.

Акцияға жүзге жуық адам келіп, қан құрамындағы қант мөлшерін тексертіп, Р. Сұлтанова, Р. Кабулова, Ж.Сатқұлова, Б. Мұхамбетқалиева, Н.Акимова секілді дәрігерлерден кеңес алды. Мұндай шаралар бұдан өзге №1,3,4 емханалар мен «Мега Шығыс» сауда орталығында да ұйымдастырылды. Оған жалпы саны 517 адам қатысқан. Тексерілгендердің арасында 53-нің қант мөлшері жоғары деңгейде екендігі анықталған.

Жетпісбай ЖАНАХМЕТОВ,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының

баспасөз маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button