Денсаулық

Індеттен сақтанайық!

22 қараша күні облыста коронавирус жұқтырған сегіз адам тіркелді. Оның бесеуі Ақтөбе қаласынан болса, екеуі Мәртөк ауданынан және бір адам Алға ауданынан тіркеліп отыр. Төрт адамда аурудың клиникалық белгілері байқалмаған. Ақтөбеде тіркелген бес адамның барлығы науқас адаммен байланыста болған.

Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,2%. Сондай-ақ облыстық инфекциялық стационарда қайтыс болған тоғыз жастағы баланың өлімі де корнавирустан болуы мүмкін. Бұл туралы әлеуметтік желіде өткен тікелей эфирде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров айтты.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, баланың ата-анасы Хромтау ауданында тұрады. Іші ауырып, құсқан соң Ақтөбеге алып келген. Облыстық балалар ауруханасы тексеріп, инфекциялық стационарға жіберген. Дәрігерлер ішек инфекциясымен бірге пневмонияны да анықтады. Бірақ ПТР сынамасында коронавирус анықталмаған. Ауруханада баланың жағдайы ауырлап, көз жұмған.

Баланың қандай диагноз бойынша көз жұмғанына қатысты нақты қорытынды шыққан жоқ. Қазір комиссия жұмыс жасап жатыр, — деді Бекболат Ізбасаров.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, облыс аумағында инфекцияның таралу көрсеткіші  республикалық көрсеткіштен төмен, яғни эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда вирус жұқтырғандар күн сайын тіркеліп жатыр.

Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы — 7833, «Жайсаң» бекеті арқылы 19205 адам өткен. Оның ішінде 27 адамнан коронавирус анықталды. 12 адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері. Облыс бойынша мобильді-мониторингтік топтар жеке және заңды тұлғалардың объектілерінде, қоғамдық көліктерде қауіпсіздіктің сақталуын қадағалауда. Тұрғындардың бетперде тағуы, дезинфекциялық құралдарды пайдалануы секілді қарапайым сақтық шараларын қалай жасап жатқанын бақылап, рейдтік тексерулер жүргізіп жатыр,  — деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Мобильді топтар жерілікті полиция қызметінен түскен материалдардың негізінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодекісінің 425-бабаның 1-бөлімі бойынша, заң бұзғандарға 136 534 390 теңге көлемінде 1092 айыппұл салған. Оның ішінде той, садақа секілді шараларды өткізгені үшін тамақтану орындарына 10 695 300 теңге көлемінде 54 айыппұл салынған.

Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Егер ол өзін қорғаса, жақындарын да  індеттен сақтайды. Қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға септігін тигізеді. Осыны әрбір адам түсінуі керек. Түрлі мерекелік іс-шараларды, той және басқа да басқосуларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске саламын, деді Нұрсұлу Беркімбаева.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, соңғы тәулікте облыста  пневмонияға шалдыққан төрт адам тікелген. Қазіргі күні емдеу мекемелерінде өкпесі қабынған 44 адам ем алып жатыр. Індет жұқтырған үш адам жансақтау бөлімінде ем қабылдауда.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3448 адам  тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1686) және 51%-ы симптомсыз (1762) жағдай. 3306 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2455 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 95,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 53, Мәртөк — 81, Мұғалжар — 172, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 122, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған. Жалпы тіркелген 3448  науқастың 3,2%-ы сырттан келген.  483 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 987. Қазіргі таңда үй карантиніне 269 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button