Мәдениет

Бақыт бағалағанның ғана басында тұрады

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Тәңір жарылқағандықтан,

Өзімнің бақытым бар болғандықтан,

Қаған отырдым.

Қаған болып,

Кедей халықты бай қылдым,

Аз халықты көп қылдым.

Өлімші халықты тірілттім.

Жалаңаш халықты – тонды,

Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым.

Тату елге жақсылық қылдым.

Төрт бұрыштағы халықты

Бейбіт қылдым.

Тату қылдым, – деп жазылған байырғы Түркі қағанаты дәуірінен бізге жеткен аңыртаста. Осыдан он үш ғасыр бұрын бөрілі байрақ көтеріп, күндіз тыным таппай, түнгі ұйқысын төрт бөліп, “Мәңгі ел” орнатамыз деп шарқ ұрған бабалар ерлігі үшінші мыңжылдықтың басында қайта жаңғырғандай. Тәңірі жарылқап, тәуелсіздік алдық. Бас-аяғы 19 жылда басалқалы ел болдық. Егеменді, Елбасылы, Елордалы, Ақордалы мемлекет құрдық. Сан ғасырлар бойғы армандаған бабалар арманын баянды ету жолында Елбасы бастап, елі қоштап тарихта кеткен есемізді қайтарудың қамына кірістік.

Тәуелсіз мемлекет орнатып, оны әлемге мойындатқан, айналдырған 12 жылда Астанасын салып, айдай әлемге әйгілеген Қазақстан үшін биылғы барыс жылы жаһандық саясатта жұлдызы жанған жыл болып тұр. Тәуелсіз ел болғанына 20 жыл да толмаған жас мемлекеттің кәрі құрлықтың тізгінін ұстап, төрт бұрыштағы халықтың бәрін ынтымаққа шақырып, шартарапқа үлгі шашып жатқанына күллі әлем тамсанып та, таңданып та қарап отыр. Тіл, көзден сақтасын.

Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі үлкен құрылым – 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы Саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткелі отыр.

Мұндай жоғары дәрежелі басқосу ЕҚЫҰ құрылғалы бергі 35 жылдың бедерінде 1975 жылы Хельсинкиде, 1990 жылы Парижде, 1992 жылы Хельсинкиде, 1994 жылы Будапештте, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілген екен. Бір ғажабы, сол басқосулардың ешқайсысы да төрағалық еткен елдің астанасында шақырылмапты. Осылайша Қазақстан әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет болып отыр.

Тегінде, ЕҚЫҰ құрылған 1975 жылы әлемнің саяси картасында өз орны да айқындалмаған Қа­зақстан тәрізді мемлекеттің аз ғана жылдан кейін мұндай дәрежелі ұйымды басқаратындығы кімнің қиялына келе қойды дейсіз. Сонымен, араға 11 жыл салып Ыстамбұл саммитінен кейін әлем елдері басшылары Еуразияның жүрегі Астанада бас қосуды ұйғарып отыр. Адам ата-Хауа анадан тарап, Жер-Ананы жайлаған ұрпақ өзекті мәсе­лелерді ортаға салу үшін Астанаға көш түземек.

Еуропа, Азия және Солтүстік Америка құр­лы­ғының 55 мемлекетімен ымырашылдық негізінде келіссөздер, басқосулар өткізіп, саяси шешімдер қабылдайтын сан-салалы құрылым – ЕҚЫҰ-мен Қазақстан 1992 жылдан бері тығыз қарым-қа­ты­наста жұмыс істеп келеді. ЕҚЫҰ басшыларының Қазақстанға ресми сапармен алғаш 1993 жылы келгені есімізде. Делегацияны ұйымның сол кездегі төрағасы, Швеция сыртқы істер министрі Маргарет Аф Углас бастап келген болатын.

Міне, аса беделді халықаралық ұйыммен әріптестік орнатқан небары 18 жылдың ішінде Қазақстан салиқалы саясатының арқасында ЕҚЫҰ-ның төрағасы және осы ұйымның саммитін шақырушы ел ретінде төрткүл дүниенің назарын өзіне аударуда.

Тарихқа шегініс жасасақ, Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген тең­десі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нар тәуе­кел­ге бір басының бақытын елінің бақытымен бай­ланыстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз.

Жас тәуелсіз мемлекеттің басшысы осылайша әлемге адамзаттың жаңа ұрпағы, мүлдем жаңаша ой­лау жүйесі келгенін паш етті. Сөйтіп, Н.Назар­баев дау-жанжалсыз әлем құру, Батыс пен Шығыс арасында жылы қарым-қатынас орнату, келісімге шақыру идеясын ұсынды. Мұндай құнды идеяның әлемдік қауымдастықтан қолдау табуы заңды еді.

Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, алтын басын бәйгеге тігіп жүрген Н. Назарбаевтың қайталанбас ерлігі десе болады.

Бүгінгідей Америкада – 3500, Ресейде – 2800, Ұлыбританияда – 512, Қытайда – 400, Фран­ция­да 384 оқтұмсық ресми тіркеліп, кейбір елдер сол алапатты жасап шығаруға жанталасып жатқан заманда ядролық қаруды таратпау мәселесі әлемдік саясатта күн тәртібінен түспек емес. Назарбаевтың қа­зақ жеріндегі ядролық қарудан бас тарту жө­ніндегі тарихи шешімін адамзат баласы енді түсі­ніп, енді бағалай бастады. Егер Назарбаев 19 жыл бұ­рын мұндай батыл шешім қабылдамаса, Қазақ­стан ядролық әлеуеті жөнінен әлемдегі төртінші мемлекет болып, мұның өзі дүниежүзілік саясатта біраз дүрбелең туғызар еді. Сол кездегі Қазақ­станның Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық арсеналының Ұлыбританияның, Францияның, Қытайдың ядролық қару қорынан әлдеқайда артық болғанын жұрттың бәрі біле бермейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның биылғы жылдың сәуір айында Семей полигонына барып, ажал апанының ауызында тұрып: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіре­мін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Бар­лық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ алаңының қақ жүрегінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақ­станнан үлгі алуға шақырамын”, деп Абай топырағында тебіренуі де сондықтан.

Иә, ерте ме, кеш пе, түптің түбінде адамзат баласының ақылы жетіп, жаппай қырып-жоятын жойқын қарусыз өмір сүретін мамыражай заманға да жетер. Ол заманды біз көрмесек те ұрпақ көрер. Қай кезде де, қай заманда да осы істің басында қазақ халқының перзенті, Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын адамзат әрқашан еске алатын болады.

Кез келген мемлекеттің қауіпсіздігі мен ор­нық­ты дамуының ең маңызды факторы – терри­ториялық тұтастық пен шекарасының беріктігі. Мұның қаншалықты маңызды екендігін өзінің сан ғасырлық тарихында ұзына бойы 12 мың шақырымдық шекарасын тұңғыш рет шегендеп алған қазақ халқы өте жақсы біледі. Осылайша бүкіл Батыс Еуропаның аумағына тең ұлан-байтақ жерді алып жатқан, халқының саны небәрі 16 миллионнан сәл ғана асатын Қазақстан әуел бастан-ақ қауіпсіздік мәселесін әскердің, қарудың күшімен емес, бейбіт жолмен әлем елдерімен өзара сенім, келісім арқылы шешіп келеді.

Қолда бар ядролық жойқын қарудан өз еркі­міз­бен бас тартқанымызды айтпағанның өзінде бү­гінгі Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық та­сымал жолының салынуының өзінен Еуразия­лық интеграция мен жалпы адамзаттық ынты­мақтастыққа Елбасының қосқан қомақты үлесін айқын аңғаруға болады. Кешегі жарты әлемді уысында ұстаған Кеңес Одағының өзі іргедегі Қытаймен барыс-келісті, алыс-берісті дұрыс жолға қоя алмағаны белгілі. Ал, Қазақстанның Пре­зиденті Н.Назарбаевтың Қытай басшысымен үш мәрте болған кездесуінен кейін-ақ, бүкіл Еур­азия­ны көктей өтетін көне Ұлы Жібек жолының жаңа нұсқалары өмірге келді. ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның Төрағалығы тұсында жалпы құны 3,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” жолының құрылысы бас­тал­ды. Міне, осылайша жаңа тұрпаттағы Ұлы Жібек жолы тек Қазақ­станға ғана емес, тұтастай құрлыққа, жалпы адамзатқа қайта қызмет еткелі отыр.

Мен егемендіктің елең-алаң шақтарында Елба­сы­ның жанында болып, елінің зәредей табысына баладай қуанып, қиындығына қа­бырғасы қайысып, жаны күйзелген сәттеріне куә болған адамдардың бірімін. Қазақстан өз егемендігін жариялаған кезде Ұлттық банкімізде бір цент валюта да, бір унция алтын да бол­маған еді. Бүгінде құдайға шүкір, Ұлттық қорымыз құрылып, онда 50 мил­лиардтан астам доллар жинақталды. Қазақта “үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без” деген сөз бар. Елбасы 1997 жылы елдің 2030 жылға дейінгі дамуын ай­қындаған стратегиялық бағдарламаны қабылдады. Аталған бағдарламаның жыл сайын артығымен орындалып келе жатқанын бүгінде көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп отырмыз.

Мен әрдайым Елбасының атасынан арыстан боп туған батырлығына, анасынан данышпан болып туған ақылдылығына қайран қаламын. Мәселен, 1997 жылы Азия дағдарысы желді күнгі өрттей өршіп тұрған сәттің өзінде “Болашақ” бағдарламасын қабылдады. Бүгінде әлемнің озық елдерінде оқып, тәжірибе жинақтаған жастар елге оралып, халқына қызмет етуде.

Кейбіреулер Қазақстанды дағдарыстан алып шыққан “Каспий мұнайы” дегенді айтады. Шынын­да да, әдепкіде Қазақстан экономикасын ны­ғайтып, аяғынан тік тұрғызу жолында мұнай байлығының айтарлықтай әсер еткені де рас. Елбасы келе-келе ел экономикасы өз аяғына тұ­рып, халықтың тұрмысы жақсара бастаған соң мұнай долларларын бюджетке құймай, бірден Ұлттық қорға жинақтауды заңдастырды. Кезінде бұған да өре түрегеле қарсы шығып, оған да әрбір тұрғынға 100 доллардан бөліп берейік дегендер де табылған. Бірақ, терең ойлап, кең пішетін Елбасының Ұлттық қор құрғанының пайдасын 2007 жылдың тамызында басталған бүкіләлемдік қаржы экономикалық дағдарысы кезінде айқын сезіндік. Ол кісі осылай апаттың алдын алды. Елін құтқарды.

Елбасы Н. Назарбаевтың бойындағы ерекше бір қасиеті – жақсыны үйренуден еш жалық­пайтындығы дер едім. Мәселен, бүгінгі еліміздегі зейнетақы қорлары Чили жобасы бойынша құ­рыл­са, мұнай долларынан Ұлттық қор жасақтау нор­вег­тердің тәжірибесінен алынғанын сеземіз. Ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламалармен жұмыс істеуді Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамушы елдеріне қарап енгізсе, экономиканы тек шикізатқа тәуелді қылмай, көптараптандыруда біздің еліміз финдер жобасын басшылыққа алып келеді. Халқымыз “жақсыдан үйрен, жаманнан жирен” дегенді бекер айтпаған. Осы қағиданы бе­рік ұстанған Елбасы адамзат баласының өркениет көшінде өзінің мүлде жаңа сүрлеуін салды. “Қазақстан жолы” – бұрын-соңды әлемнің бірде-бір мемлекеті жүрмеген жол.

Қарыштап даму жолы әлем сарапшыларына “Қазақстан жолы” деген нақты атаумен танымал Қазақстан әлемдік қаржы дағдарысын да бірінші болып еңсерді. “Әуелі – экономика, сосын – саясат” деп стратегиялық негізгі бағыттарға ба­сым­дық беріп, бәрін шебер үйлестіре білген Елба­сы 2007 жылдың өзінде еліміздің қаржы жүйесінде болуы мүмкін қиындықтардың алдын алу үшін Ұлттық қордан 4 миллиард доллар несие бөлгізгені белгілі. Осылайша әлемнің АҚШ, Англия секілді “мен” деген алпауыттарының ғасырдан аса тарихы бар қаржы институттары банкротқа ұшырап жатқанда Қазақстанның бірде-бір қаржы жүйесі жүрісінен жаңылған жоқ. Елбасының көрегендік қасиеті сол жолы да ел экономикасын жартасқа соқтырмай аман алып шықты.

Елбасының екі бастан уәдеге берік, нақты істің адамы екендігін мынадан-ақ аңғаруға болады. Бүкіләлемдік қаржы дағдарысы басталмай тұрып өзінің халыққа Жолдауында 2009-2011 жылдары бюджеттік міндетті төлемдерді екі есеге өсіруді уәде еткен болатын. 2007 жылы кенеттен дағдарыс басталғанда қарапайым ел “Енді не болар екен?” деп біраз абыржыды. Бірақ, Елбасы өз уәдесінде тұрды. Дағдарыстың әсерінен бүкіл дүние жүзінде қысқартулар орын алып, дамыған батыс әлемінің өзінде жаппай наразылықтар орын алып жатқанда, Қазақстанда 2009-2010 жылдары отандастары­мыздың бюджеттік кірістері шамамен 50 пайызға өсіпті. Балтық жағалауы елдері жыл сайын қызметкерлердің жалақысын қысқартып жатса, біздің ел әр жыл сайын еңбекақыны, зейнетақыны еселеп өсірумен келеді.

Бүгінгі күні Бүкіләлемдік банк Қазақстанды инвестиция салуға барынша тартымды 20 елдің тізіміне қосты. Соңғы 10 жылдың ішінде бізде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 10 есе өсіп, 7 мың АҚШ долларынан асты. Алтын-валюта резервтеріміз 52 миллиард долларға жуықтады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанға 70 миллиард дол­ларға жуық шетел инвестициясы тартылды. Сөйтіп, Қазақстанның өзі белсенді инвестор елге айнала бастады. Біз шет елдерге 4,5 миллиард доллардан астам инвестиция салған екенбіз.

Күнделікті жаңалықтарға қарап отырсаң, біраз елде халықтың жаппай көшеге шығып, наразылық жасап жатқанын көресің. Соған қарап, әлемдік қаржы дағдарысының әлі де бәсеңси қоймағанын аң­ғарасың. Ал, бізде ел аман, жұрт тыныш. Тәубе деп, Аллаға күніне мың шүкіршілік жасасақ болады.

Түйенің ауған қомындай, ертоқымы мойнына кеткен, ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешкен, тас шайнап, құм жұтқан кездер де басымыздан өт­кен. Оны да ұмытпаған жөн. Тегінде қазақ жылқы мінезді халық. Сәл қоң бітсе жанына торсық байлатпай, торсаңдап, тасыраңдап кететін де мі­незіміз де жоқ емес. Әлемдік дамудың даңғыл жо­лына түстік. Жолдан жаңылудың да, жаза басудың да соншалықты қиын емес екендігін тарих сан мәрте дәлелдеп берген. Біз ұзақ жылдар ата-баба жолынан адасып қалып, сол жолға әрең дегенде қайта түсіп келе жатқан елміз.

Еларалық ішкі тартыс­тар, қайшылықтар бәсеңсі­мей тұрған кезде, дағдарыс­тан да аман шыққан уақыт­та, еңселі Орда тігіп, аз уа­қытта құлағымыз естімеген, көзіміз көрмеген табыстарға қолымыз жетіп жатқан шақ­та енді бізге не керек деп ойланбайтын кісі жоқ шы­ғар. Сонда бізге не керек?

Қазақтың басы бірігу үшін оның басына бұлт үйіріліп, күн туудың керегі жоқ. Сан ғасырлар бойы бабалар армандаған, атаның қанымен, ананың жасымен келген тәуелсіздікке қолы­мыз жеткен кезде мемлекет­тік мүдде жолында басымыз үнемі бірге болу керек.

Демократияның жөні осы екен деп, әйтеуір билікке қарсы шығу керек екен деп, ауызға келгенді сөйлей берудің жөні жоқ. Қит етсе адам құқы деп жайдақ атқа мініп шабатын жандайшап­тардан жұрт шаршады. “Көрмес түйені де көрмес” дегендей, кейбір газеттер Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістерді көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей болады. Ондайлардың қолынан келетіні – елді шатастыру, ақиқаттан адастыру. Қара аспанды су алғандай, жазатындары ылғи қара түнек. Елдің жақсылығына қуана ал­май­тын, емен-жадырап күле алмайтын жандардың да арамызда бар екеніне қайран қаласың.

“Бар деген оңалады, жоқ деген жоғалады” деген бабалар сөзін де естен шығармаған жөн. Семіздікті қой да көтере алмайды. Бір күн аш, бір күн тоқ болсаң да, туған жердің төрінде алшаң басып, кеудеңді кере дем алып жүргенге ештеңе жетпейді.

Мен 1976 жылы өмірімде бірінші рет шетелге шықтым. Чехияның Карловы Вары санаторийінде демалған едім. Ол уақытта артық қаражат та жоқ. Сонда өмірімде алғаш рет пепси-кола деген сусынды ішіп, босаған ыдысын балаларға көрсетейін деп, Алматыға алып келгенім есімде. Қазіргі күні сол сусынды кез келген бала ішіп, ыдысын көшеде теуіп ойнап жүр. “Елу жылда ел жаңа” дейтін мақал да бүгінгі Қазақстанға жүрмей қалды. Айналасы 20 жылға жетпейтін уақытта белгісіз елден беделді мемлекетке айналдық. Осындай заманға жеткізген Назарбаевтан қазақ мың мәрте айналса да болады.

Арғы-бергі тарихында аласапыранды басынан көп өткерген, тарихта есесі кеткен ел едік. Тәуелсіз ел болғалы кемдігіміз толып, кемелімізден асып жатырмыз. Халқының саны бізден бірнеше есе көп, барар жері, басар тауы жоқ ұлттар да бар жер бетінде. Ондайдан құдай сақтасын дейік. Біздің байтақ та бай жеріміз бар, бітімшіл, пәтуалы еліміз бар. Осынымызды алма деп тілейік Алладан.

Бүгінгідей ию-қию интеграция, жаппай жаһандану заманында 100 пайыз тәуелсіз өмір сүру мүмкін емес. Алла тағала әуел бастан жер бетіндегі тіршілікті бір-біріне тәуелді етіп жаратқан. Сондықтан әлемде ешбір мемлекет томаға тұйық, жеке-дара дами алмайды. “Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың кісіменен несі бар” дегендей, бүгінгі заман аралас-құра­ластықтың, барыс-келістің заманы. “Алмасаң-бермесең жат боласың, бармасаң-келмесең сарт боласың” дегенді қазақ осындайдан айтқан.

“Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп” айтқан данышпан Абайдың сөзін темірқазық етіп ұстанған Қазақстан бүгінде әлемге бейтарап саясат жүргізетін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танылып отыр. Баз біреулер ЕҚЫҰ Қазақстанға тосыннан берілген сый деп ойлайтын сияқты. Ал, шын­дығында 55 мемлекеттің басшылары Қазақстан­ның тышқан мұрнын қанатпаған бейбітшіл көп тарапты саяси ұстанымын әлем халықтарының игілігіне айналдыруға ден қоюда. Осылайша Назарбаев үлгісімен Қазақстан жолы әлемге тарихтың жаңа бетін ашқалы отыр.

Елбасы Н.Назарбаев 2010 жылғы 29 қаңта­рындағы халыққа Жолдауында: “Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз бүкіл әлем халықтарының қауіпсіздігін дамыту мен өркендетуге бағытталатын болады”, деген еді. ЕҚЫҰ Төрағасы ретінде Қазақстан бүгінде бір мың ауған азаматын еліміздің оқу орындарында оқыту үшін 50 млн. АҚШ долларын бөліп отыр. Ауғанстан тақырыбы ширек ғасырдан астам бері жұмыр жердің жазылмаған жарасына, адамзаттың бас ауруына айналғаны ақиқат.

Тарихқа жүгінсек, ауған жеріне әскер кіргізген белді мемлекеттердің ешқайсысы ондағы шие­ле­ністі шеше алған жоқ. Әскери күш қолдану ар­қылы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандырудың мүмкін еместігін уақыт өзі дәлелдеп берді.

Қазақ елінің Сарыарқа төсіндегі елордасы – Астана осындай қордалы мәселелерді талқылайтын ынтамақтастықтың алаңына, бітімгершіліктің ордасына айналғалы тұр. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға Төрағалық ететіні белгілі болған кезде де, кейбір топтардың ауызынан: “ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанның не теңі. Өз абыройынан өзі айырыл­ғалы отыр. Мұндай жауапты міндетті Қазақ­стан атқара алмайды. Ұйымға төрағалық етуге өресі жетпейді” деген сыңаржақ пікірлерді де естігенбіз. Әрине, ешкімнің ауызына қақпақ қоя алмайсың. Ондайлардың үні бүгінде естіле бермейді. Себебі, шындықтың басқа екендігін уақыттың өзі де дәлелдеп берді. ЕҚЫҰ-ға жүргізілген сәтті төрағалық еліміздің сыртқы саяси табысы ретінде ғана емес, сонымен бірге жалпы ұлттық ауқымдағы құндылық ретінде де зор маңызға ие болып отыр.

Шындығына көшсек, жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметі үнін шығармай келген еліміздің басқа мемлекеттер мен әлемдік қауымдастыққа кеңінен танылуы өздігінен бола қойған жоқ. Бүгінде Қазақстан әлемге жағымды жағынан танылды, біздің мемлекетіміздің демократиялық, келешегі зор мемлекет ретіндегі имиджі берік қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз. Мұнда елін сүйген, елі сүйген Елбасы Н.Назарбаевтың туған жеріне, өскен халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, жанқиярлық еңбегі жатыр.

Әлемдік тарихта Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың орны Ресейді өркениетке жетелеген І Петр, Ұлыбританияны аяғынан тұрғызған Уинстон Черчилль, Американың негізін қалаған Джордж Вашингтон, Түркияны іргелі ел еткен Ататүрік секілді тұлғалармен қатар тұрады деп жұрт жаза бастады. Бүгінде Назарбаев заманына сай олардың да істей алмағанын істеп отыр десе де болады.

Адам баласы жаралғалы бері дінбасылары, әлемдегі дәстүрлі дін өкілдері бір дастарқан басын­да бас қосқан емес. Н.Назарбаевтың көрегендігінің арқасында, табанды қайраткерлігінің нәтижесінде бұл тарихи іс те Еуразияның жүрегі атанған Аста­нада жүзеге асты. Адам ата-Хауа анадан тараған әлем халқының өзара түсіністік жағдайында тату-тәтті өмір сүруіне батыл қадамдардың бірі осылайша Астанадан басталды.

Әлемдік деңгейдегі дуалы ауыз саясаткерлердің дені Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап жүрген Қазақстан халқы Ассам­блеясы да өз жемісін беріп келеді. Әлемде баламасы жоқ бұл тәжірибені дүниежүзінің барлық мемлекеттері пайдалану керек деген тұжырымды Батыс пен Шығыстың көптеген саясаткерлері жарыса айтуда. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында бір мемлекеттің халқы түгілі, бір әулетті ынтымақта ұстап отыру оңай емес. Тілі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір сан халықтың өкілдерін негізгі мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастырып, ұйыған сүттей ынтымақта ұстап отырғанын Елбасы Н.Назарбаевтың шын мәніндегі кең жүректі кемеңгерлігі деп әлем мойындап отыр.

Төрткүл дүниеде бір ұлттан тұратын мемлекетті табу мүмкін емес. Барлық мемлекет көпқұрамды. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып беріп, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, Еуропадағы ең демократиялық мемлекет саналатын Францияда ол елге басқа бір ұлттың азаматы көшіп барып, сол елдің азаматтығын алса, сол күні француз болып шыға келеді. Төлқұ­жатыңда солай жазылады. Яғни, сенің ұлтыңа, дініңе, тіліңе мән беріп жатпайды. Ал бізде ше? “Сыңғырап өңкей келісім” деп данышпан Абай жырлағандай, Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халқының татулығымен әлемге үлгі көрсетіп отыр.

Құдайға шүкір, бүгінде еліміздегі мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны 64 пайыз болды. Көшеге шықсаң көжеге тойған келіндер көбейіп келеді. Ішіңнен тәубе дейсің. Халықаралық келісім бойынша егер мемлекетті құраушы ұлт сол халықтың үштен екісін құраса, ол моноұлттық, яғни бір ұлттан тұратын мемлекет болып саналады. Демек, біздің де солай жасауға толық құқығымыз бар. Алайда сабырға салып, Қа­зақстанда тұратын әрбір ұлт өкілінің жағдайымен, салт-дәстүрімен санасып, сыйластықта ғұмыр кешіп келеміз. Қазақстанның басты құндылығы осында деп ойлаймын.

Бүгінгі таңда барша адамзат баласына бірдей бейтарап саясат ұстануымыздың арқасында еліміздің стратегиялық сенімді әріптестері като­лик­тік Батыс елдері, православтық Ресей, будда­лық, коммунистік Қытай мемлекеті, қандас бауыр­ларымыз түріктер мен діндестеріміз араб елдері болып отыр. Мұндай алуан түрлілік кең пейілді, дархан жүректі Қазақ елінде ғана жасампаздықпен өмір кешуде.

Жаңадан тәуелсіз мемлекет орнатып, оны әлемге таныту жолында Елбасы күндіз-түні ат үстінен түспей, түн қатып, түс қашырып жүріп, жер шарын жетпіс мәрте айналып шыққан шығар. Елім деп, жерім деп жарты өмірі аспанда өтіп келеді.

Қазақстан төрағалығы ЕҚЫҰ-ның өзіне жаңа мазмұн дарытты, жаңа бағыт әкелді. Осылайша бір қайтып, бір көтерілетін мұхиттың толқындары секілді ЕҚЫҰ-ның қызметі бүгінде жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Осының бәрі халқымыздың ежелден келе жатқан бітімшілдігінің, бейбітшіл ел екендігінің айқын дәлелі. Қазақ ұғымында “араағайындық” деген тамаша сөз бар. Қазіргі таңда Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде қордаланған әлемдік мәселелерді шешу жолында араағайындық тұрғысында да үлкен рөл атқаруда. Бүгінде жер бетіндегі адамзатты толғандырған мәселелерді Назарбаевсыз талқылау, Назарбаевсыз шешу мүмкін емес жағдайға жетті.

Ұлттық шеңберден шығып, адамзаттық кеңістікке көтерілген әлемдік деңгейдегі қайраткер Н.Назарбаевтың: “Қазір адамзаттың жауы ортақ – ол лаңкестік пен экстремистік, трансұлттық есірт­кі тасымалы, халықаралық коррупциялық жүйе” деген сөзі алдағы Астана саммиті қонақ­тарының негізгі талқылайтын мәселесіне айналғалы тұр.

Соңғы кездері халықаралық саясатта Назарбаев-ЕҚЫҰ-Қазақстан-Назарбаев деген сөздер ажырағысыз ұғымға айналып кеткендей. Мұны Францияның бұрынғы Президенті Валери Жискар д‘Эстеннің: “Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналды. Бұл ЕҚЫҰ-на басшылық жасап отырған бірінші посткеңестік мемлекет. Қазақстанның ашықтық пен бейбіт дипломатияға ұмтылысы жаңа жемістер әкелуде. Ұлтаралық толеранттылықты нығайтудағы және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін күшейтудегі Н. Назарбаевтың рөлі ең жоғары бағалауға лайық. Мен ЕҚЫҰ Саммиті идеясын толық қолдаймын”, деген жүрекжарды лебізінен айқын аңғаруға болады.

Расында да, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы арқылы бүгінде әлемдік саясатқа өз ықпалын жүргізіп отыр. Бір жағынан Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ретіндегі әлем елдерімен қарым-қатынасы Сыртқы істер министрлігін де едәуір ширатты. Дипломатия саласындағы қызметкер­лердің де үлкен бір мектептен өтіп, деңгейлерінің өскені байқалады.

Талай сыннан сүрінбей өткен қайраткер, Түркияда, Ресейде, Америкада елші қызметтерін абыроймен атқарған Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев та  Елбасына қолғабыс тигізіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.

Тегінде, ЕҚЫҰ төрағалығы Қазақстанға не береді дегенде, тарихшы ғалым, француз академигі Элен Каррер д Анкостың: “ЕҚЫҰ төрағалығы арқылы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еліне жалпыұлттық танымалдылық әкелді және оның сабақтастылығы мен тұрақтылығына кепілдік берді”, дегенінен асырып не айтуға болады. Иә, расында да, Қазақстанның төрағалығы әлемге ең алдымен – ұлтаралық, дінаралық, тіларалық келісімнің үлгісін паш етті.

Жаңа мыңжылдықтың басталуы адамзат баласының алдына мүлде жаңа міндеттерді қойып отыр. Елбасы Н.Назарбаев: “Астана Саммитінде талқыланатын көп мәселенің ішіндегі ең маңыздысы лаңкестік те емес, биологиялық қару да емес, жаһандық жылыну да емес, ең маңыздысы – өзара сенім. Өзара сенім болса шешілмейтін мәселелер болмайды”, деп адам баласының бір-біріне сенімінсіз еш нәтиже болмайтынын ашық айтып отыр. Бұл жайында жақында Францияның “Интернешнл Геральд Трибьюн” басылымына берген “Адамзаттың болашағы тіл табысу шешімдеріне байланысты болады” деген сұхбатында Елбасы жан-жақты ашып көрсетіп берді. Біле білген кісіге бұл тарихи пікірде жалпы адамзат баласын асырап, әлдилеп отырған Жер-Анаға деген құрмет жатыр.

“ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға не береді” дейтіндер де жоқ емес. Біріншіден, бұл төрағалық Қазақ еліне әлемге шындап танылудың мол мүмкіндігін берді. Екіншіден, ЕҚЫҰ-на төрағалық Елбасы Н. Назарбаев Ұлттың идеясы ретінде ұсынған әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылуды тездетеді. Үшіншіден, басшылықта жүретін үш жыл, төрағалық ететін бір жыл отандық дипломатияны бұрын-соңды болмаған мықты іскерлік мектебінен өткізеді деп ойлаймын.

Ұйымға төрағалық Қазақстан халқының бірлігін нығайтып, патриотизмін арттыра түсті, ең бастысы жалпы ұлттық басымдылыққа айналды. Бүгінде Қазақстан халықаралық саясаттың жәй қатысушысы ғана емес, белсенді ықпал жасайтын елдердің қатарына қосылды. Бұрын әлем Қазақстанды көп мемлекеттердің бірі ретінде ғана білсе, ендігі жерде 56 мемлекеттің төрағасы ретінде танып отыр. “Тең атаның ұлы едің, Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті”, деп Шалкиіз жырау жырлағандай, өзге мемлекеттермен тең дәрежеде сөйлесетін, тіпті төрелік айтатын дәрежеге жеттік. Осылайша Қазақстан әлемдік саясатқа өз әсерін тигізіп отырған ықпалды державаға айналды.

Қазіргі таңда әлемнің белді саясаткерлері “Мұндай төрағалық Ұйым тарихында бұрын-соңды болған емес” деген де пікір айтуда. Рас сөз. Осының бәрі отандастарымыз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш деп ойлаймын.

ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо мырза: “Қазақстан басқа мемлекеттерге үлгі көрсете алады. Атап айтқанда, Қазақстан көшбасшысының ұлтаралық және конфессияара­лық келісімді қалыптастыру жөніндегі тәжірибесі әлем елдері үшін аса пайдалы болады”, деді.

Бүгінде бүкіл әлем Қазақстанға қарап, бет түзеп отырған кезде кең пейілді халқымыз бен оның ат үстінде жүрген азаматтары кісілік танытады, қонақжайлығын дәлелдейді, не болса соны күңкілдеп, елдің мазасын алмайды деп сенемін. Бір ғасырда бір болатын саммитті абыроймен өткізу бейбітшіл Қазақстан халқына, оның ішінде ең алдымен мемлекет құраушы қазақ ұлтына тарихи сын болғалы тұр. Өкпеге қиғанмен, бір-бірімізді өлімге қимайтын, бауырмал елдің ұрпағымыз. Сөзге тоқтайтын, сөздің төркініне мән берген жұртпыз.

Қыл аяғы, торқалы той, топырақты өлімде той-жиынға беделді кісілердің қатысқанын жөн көретін, күміскөмей әнші мен дәулескер күйшінің ауылға ат шалдырып, түстеніп кеткенін ай бойы аңызға бергісіз әңгіме қылған елдің ұрпағымыз. Ал енді алты құрлықтың тағдырын шешіп отырған алпауыт елдердің басшыларының Астанамызға келіп, алқалы кеңес құруы қай заманда болып еді? Мұның да салмағын көтере алғанымыз жөн.

“Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің” деп Мұқағали айтқандай, қазақтың тарихқа кеткен есесінің қайтқан жылы бұл. Алла қаласа, келесі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық еткелі отыр.

Арғы-бергі заманда қазақтың басына мұндай бақ қонған жоқ. Құдайшылығын айту керек, қазақ халқы ешқашан қазіргідей мамыражай өмірді басынан кешкен жоқ. Әр халықтың, әр мемлекеттің даму жолында алтын дәуір деген болады. Қазақ қазір сол алтын дәуірді басынан кешіп отыр. Тек, Ақтамберді жырау айтқандай, осынша берген дәулетті көтеріп тұра алсақ болғаны. Осындайда Елбасы Н.Назарбаевтың: “Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады”, деген сөзі ылғи ойыма оралады. Алтынды аяққа теппей, барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы менен жаманды саралай білгеніміз жөн.

Әр күнді емес, әр сағатты санайтын сәт қазір. Қазақ қазақ болғалы ата тарихымыздың шоқтықты кезеңі, шырқау биігі бұл.

“Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Естимісің, сен мені,

Мен қазақтың баласы!”, – деп қайсар ақын Қасым Аманжолов жырлағандай, небары 19 жылда мың өліп, мың тірілген ұлтымызды жер-жаһанға таныттық. Қай заманда қазақтың баласы кәрі құрлықтың төріне шығып төрелік айтып еді? Өмір көші мұнымен тоқтамас. Алла қаласа, бұл ұйымды алда тағы да басқарармыз, бәлкім бір ғасырдан соң саммит шақырармыз, ұрпақ сол кезде де біледі бұл жиынның бағасын.

2005 жылы Елбасы Ақорданы ашқанда, Әбіш пен Ақселеуді қос қанатыма алып, Елбасына ақ батамды берген едім. Құдайға шүкір, жаман болғанымыз жоқ. Бүгінде адамзаттың түйінді мәселесі Ақордасыз талқыланбайтын, шешілмейтін жағдайға жеттік.

Елбасы Тәуелсіздіктің таң сәрісінен бері мем­ле­кет өміріндегі маңызды даталарды, салтанатты оқиғаларды сәрсенбінің сәтіне орайластырып жүр. Алдағы желтоқсан айының 1-2 күндері өтетін жаһандық жетінші саммит те сәрсенбінің сәтті күні­не тура келеді екен. Бұршақ сал, қазақ, мой­ныңа! Алладан тіле! Еліңе, төріңе әлем саясатын жүргізіп отырған мәртебелі меймандар келе жатыр! Бұл күні жер-жерде ақсарбас шалынып, жеті шел­пек таратылса да артық болмайды деп ойлаймын.

Қазақ ежелден бар жақсысын қонағының ауызына тосқан халық. Көрші ауылдан құдасы келсе де құлын сойып, қонағының ризашылығын алуды мәртебе санайтын ел. Алдағы желтоқсан айының 1-2-сі күндері елімізге 55 елдің басшылары бастаған 6000-нан астам қонақ келе жатыр. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Ендеше, бар жауапкершілікті Елбасының мойнына арта бермей, елдігімізге сын болатын елеулі жиынды бір кісідей жұмылып, абыроймен атқарайық, басқа қонған бақты теппейік, ардақты ағайын!

«Егемен Қазақстан»

16 қараша, 2010 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button