Мәдениет

«Шатлык» — достықтың шыңы

Мерей

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл толды. Осыған орай  облыстық  «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Уақытпен сыналған достық» атты салтанатты шара ұйымдастырды.

Мерейтойға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов, Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілінің көмекшісі Аяна Ақынжанов, «Шатлык» этномәдени бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Равиль Құрбанғалиев, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ақтөбе облысының татарлары мен башқұрттары: Тарих. Мәдениет. Тіл» тақырыбында конференция өтті. «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің 25 жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы айтылды.

Мерекелік шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөзінен соң ұлттар достығының сақталып, татулығы мен бірлігіне үлес қосып жүрген азаматтарға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің  Алғыс хатын табыстады. Сонымен қатар «Шатлык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллина «Дүниежүзілік татарлар конгресі» медалімен, татар тілі пәнінің оқытушысы Санья Насибуллина «Білім берудегі еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Татарстан Республикасы Дүниежүзілік татарлар конгресі атқарушы органының басшысы  Данис Шакиров  шараға онлайн қатысып, бейнебаян арқылы құттықтау сөзін арнады.

Салтанатты шара «Язги Моңнар», «Сайра, гармун» және «Сайлян» ансамбльдері қатысқан концерттік бағдарламалармен жалғасты.

Қазіргі таңда  Ақтөбе облысында 9095 татар мен 809 башқұрт тұрады.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button