Экономика

Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді

«Атамекен» өңірлік кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов бастаған топ Ырғыз, Хромтау аудандарында болып, жергілікті кәсіпкерлердің мәселесін тыңдады.

Айдананы алаңдататын мәселе

Бұған дейін Алға ауданында өткен мұндай көшпелі жиын бұл жолы Ырғызда ұйымдастырылды. Басты мақсат — өңірлік кеңес мүшелері кәсіпкерлер палатасы мамандарымен бірлесіп, ауыл бизнесінің мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеу.

Ырғыздық Айдана Сағынғали екі жылдан бері ауылда сұлулық салоны ғимаратының құрылысына кірісе алмай отыр. Әкімдік бұл мақсатқа жер телімін өткен жылы жалға берген.

Құрылыс салу үшін қаражатты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы алдым. Содан бері бірнеше рет құжаттарымды нақтылау үшін жергілікті әкімдікке жүгіндім. Өйткені ондағылар маған стационарлық нысанды іргетасынан бастап салуға құқығым жоқ екенін айтады. Болжам бойынша, учаске жолдың жүру бөлігіне жақын орналасқан және кез келген уақытта бұзылуы мүмкін. Алайда дәл осы көшеде жол бойында жұмыс жасап тұрған бизнестің тұрақты ғимараттары бар және ондағылар өз қызметін еш қиындықсыз, сәтті жүргізіп отыр. Сонда әділдік қайда? — деп, А.Сағынғали мамандардан бұл проблеманы оңтайлы шешіп беруді сұрады.

Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Сариннің айтуынша, болашақта бұл көше кеңейтілуі мүмкін.

Біз кәсіпкерге кедергі келтіргіміз келмейді. Бірақ көшені қайта құру және кеңейту жағдайында нысандарды бұзуға тура келетінін түсінуі керек. Ал жеңіл тасымалды конструкция залалсыз басқа учаскеге ауыстырылуы мүмкін, — деді ауылдық округ әкімі.

Көшпелі жиын барысында Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин бұл мәселені тағы бір рет зерделеуді, оған барынша байыпты қарауды және нысанның орналасатын жерін өзгертуге кеңес берді.

Өңірлік кеңес мүшелері бұл мәселені өз бақылауына алатын болды. Егер мәселе жергілікті деңгейде шешімін таппаса, онда  кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында көтеру ықтималдығы жоғары екені сөз болды.

15 жоба және  мемлекеттік грант

Палатаның Ырғыз аудандық филиалының директоры Гүлнар Шамиеваның ақпараты бойынша, ауданда биыл 9 айда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны — 787.  Оның 51-і — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 223-і —  шаруа қожалығы, 513-і —  жеке кәсіпкер.

Ағымдағы жылы Самара-Шымкент тасжолының 1153 шақырымында құны 100 млн теңге болатын «Қ.Әбдірахманов» жеке кәсіпкерлігінің май құю стансасы іске қосылыпты. Жаңа бизнес нысанында  12 жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ «Дастан» кемпингінің заманауи ғимаратының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Ырғыз ауылының орталығында «Кәусар» азық-түлік дүкені мен  «АqGul» сұлулық салоны ашылып, іске қосылған.

Биыл «Бастау» жобасы бойынша ауданда 41 адам оқытылды. Оның 11 жеңілдетілген несие алса, 15 жоба бойынша өз ісін ашуға және дамытуға мемлекеттік гранттар мақұлданды. Кәсіпкерлік саласының басым бөлігін ауыл шаруашылығы құрайды, — деді Г.Шамиева.

Биыл 1 қазандағы мәлімет бойынша, Ырғыз ауданында ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 258-ге жеткен. Оның 16-сы — жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10-ы —  өндірістік кооператив, 223-і —  шаруа қожалығы, 9-ы —  ауыл шаруашылығы кооперативі.

Инвестсубсидия көлемі арта ма?

Көшпелі жиын барысында Гүлнар Шамиеваның айтуынша, аудан бойынша төтенше жағдай кезінде жұмысына тыйым салынған және шектеу шаралары қабылданған 116 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны кіріс көзінен айырылған.  Осыған байланысты 225 адам төтенше жағдай кезеңінде 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алған. Екі мемлекеттік мекемемен — жалға берушілермен шарт тоқтатылған. Екі жеке кәсіпкер жалға алушылар үшін жалдау ақысын 50 пайызға төмендетсе, 7 жеке кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалы арқылы алған несие бойынша төлеу мерзімін кейінге қалдырыпты.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие беру аясында «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы мал сатып алуға 4 жобаны қаржыландырды. Олар — «Наурыз-СИМ» серіктестігі мен «Нұрасыл», «Есбол», «Әбілқасым» шаруа қожалықтарының жобасы. Бүгінгі күні «Ханзада» шаруа қожалығынан жылқы сатып алуға қатысты бір жоба қарау сатысында. Бүгінде аудан фермерлері инвестициялық субсидиялар нормативін 25-тен 40-50 пайызға дейін арттыруды сұрайды. Өйткені кәдеге жарату алымын енгізуге байланысты техниканың құны артты. Тағы бір мәселе — мал шаруашылығымен айналысатын «Бастау» түлектері үшін әкімдікте конкурстан тыс 300 гектарға дейін жер телімдерін қарастыруды сұраймыз. Бұл бизнес бастаушылардың аяққа тұруына және мал санын арттыруға мүмкіндік береді, —  деді Гүлнар Шамиева.

Жиында аудан фермерлері жемшөпті субсидиялау мәселесін те көтерді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері малдың түріне байланысты жемшөпті алу өлшемдері мен нормативтері бойынша түсініктеме берді.

Ақтөбе-Ырғыз: тасымал қымбатқа түседі…

Жеке кеңес беру барысында кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова кәсіпкер Ақкенже Отаралинаға мемлекеттік грант алу конкурсына қатысу шарттарын түсіндірді.

Ол ешкі өсірумен айналысады. Болашақта Ырғыз ауданының Құтикөл ауылында құм блоктарын шығару цехын іске қосуға ниетті.

Құм блоктары өнімін шығарумен әзірге ауданда ешкім айналыса қойған жоқ. Сондықтан бұл істе тауарлар мен қызметтер нарығында маған бәсекелестер жоқ деуге болады. Алайда өнім сұранысқа ие. Егер мен мемлекеттің қолдауына ие болып, цехты іске қоссам, онда жаңа жұмыс орындары ашылып, халық үшін қолжетімді құрылыс материалын шығарар едім. Себебі ауданның облыс орталығынан логистикалық алыстығына байланысты тасымал қымбатқа түседі, — деді Ақкенже.

P.S. Өңірлік кеңес мүшелерінің айтуынша, осындай кездесулер облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылатын болады.

Хромтау ауданына да арнайы жұмыс сапарымен барған кеңес мүшелері ауданның кәсіпкерлік саласының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар бизнес  нысандардың жұмысын көріп, кәсіпкерлердің проблемасын тыңдаған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button