Ауыл

«Ақтөбе» газеті — Шалқар ауданында

«Ел іші — алтын бесік» деседі. Қым-қуыт тірліктің қарбаласымен жүріп, кейде айналамыздағы адамдардың қалай өмір сүріп жүргеніне мән бере бермейміз.

Шалқар ауданында шамамен елу мыңнан астам халық тұрады. Әрқайсысының жасап жүрген қарапайым  тірлігі бар. Ауданға барған сапарымызда шалқарлықтармен сөйлесіп, еңбекқорлығымен, өзінің ерекше адами қасиеттерімен елдің аузында жүрген бірнеше адаммен сұхбаттас болдық.  Әрқайсысы өзінше бір қызық тағдыр, өзінше бір тұлға…

Қараңыз…

Эльбрусқа шыққан қазақ

Аудандық өлкетану мұражайына  кіріп шыққан адам Меркебай Тағыбергенов ақсақал туралы мол мағлұмат берілген тұсты айналып өте алмас. Екі тоннадай жүкті көтере алатын арқанды, мұз оятын құралды, әрқайсысы екі келіден  артық тартатын шынжырлы етікті көріп тұрып, соны пайдаланған адамның әңгімесін кім тыңдағысы келмейді дейсің. Оның иесі Меркебай ақсақал кезінде Еуропаның ең биік нүктесі саналатын Эльбрус шыңына шығыпты!

Негізі, Эльбрусқа шыққан қазақ санаулы. Соның бірі — Шалқардың осы қара шалы.

— Менің ата-бабам осы Шалқар өңірінде туған. Кезінде елдің басына күн туғанда Қарақалпақстанның Қоңырат деген жеріне көшіп кетіп, кейін Жамбыл облысына қоныс аударған. Мен 1936 жылы Меркіде дүниеге келгенмін. Атымды соған байланысты қойған. Бала кезде не көрмедік, аштықты да, соғысты да көрдік. Бізге тек тұт ағашының ғана жапырағымен қоректенетін жібекқұртты бақтыратын еді бала кезде. Құртқа тұт ағашының жапырағын турап береміз. Ол қырық күнде өсіп, әуелі қара, содан аппақ болады, сонан соң қошқыл тартады да, жапырақ жеуін қойып, толғақ қысады. Сонан соң сілекейі шұбырып, жіп болып, өзін орай береді, орай береді, бұл жіпті піллә дейді. Егер оны бағып, қарап жүрмесе, ішіндегі құрт көбелекке айналып, ұшып шығады да, жіп пайдаға аспай қалады. Пілләні көбелек шықпай тұрып алу керек. Көбелек шықпай тұрып алып, қатты қыздырған қазанның ішіне салады да, құртты өлтіреді, сонан соң жіпті фабрикаға алып барып, тарқатады.

Осылай жүріп, жетіншіні үшке әрең бітірдім. Дене шынықтыру, әскерге дайындық сабақтарын жақсы оқыдым. Бір топ достарымызбен Жамбылдағы статтехникумға түстік, — дейді Меркебай ақсақал.

Содан  Меркебай аға ілдалдалап стипендияға ілігеді. 1954 жылдың бір күнінде оқуда жүргенінде Алматыдан бір топ альпинистер келіп, студенттерді сол жердегі Бурный стансасы маңындағы Талас Алатауына шығарып, арнайы дайындықтан өткізіп, соңында «Альпинист СССР» деген төсбелгі беретінін айтады. Қыздардың сондай төсбелгісі бар жігіттерге басқаша көзбен қарап жүргенін көрген Меркебай альпинистердің қатарына ілігуге тырысады. Осылайша ол сол жылдан бастап альпинизммен айналысып, бірнеше рет Алматыда, Кавказда, т.б. жерлерде альпинистер курсынан өтіп, «Кіші нұсқаушы» атағын алып, үшінші, екінші, соңында бірінші  разрядты альпинист атанады.

—  Альпинистердің бірнеше түрі болады. Оқыту, спорттық, өндірістік, әскери және соңғы кездері көбірек сұранысқа ие бірнеше қабатты үйлерге шыға алатын құтқару жұмыстарымен айналысатын альпинистер. Мен альпинизмнің осы түрлерінің барлығын дерлік меңгердім. Американдықтар Қар адамын зерттеу үшін Гималайға шыққанда, олардың соны сылтауратып бері өтіп кетпеуін қадағалаушы шекарашыларды альпинизм ілімдеріне үйреттік.

Қазақ ССР-інің альпинистер командасының құрамында болдым. 1955 жылдың жаз айларында Кавказдағы «Джан-туган» альпинист нұсқаушыларын дайындайтын лагерьде жаттығудан өтіп, осы жылдың  9 шілдесінде теңіз деңгейінен 5600 метр биіктегі Эльбрус шыңына шығып, Кавказ жотасының іргесіндегі Джантуган, Цаннер, Семей, Башыл, Дәлкни-Ауш атты асулардан астық, — дейді.

Меркебай ақсақал, әсіресе, елуінші жылдардың аяғында Тянь-Шань тауының биік шыңдарының бірі «Пик Победы» деген шыңына шыққанын ерекше ықыласпен айтады.

— Қырғызстан, Қазақстан мен Қытайдың ортасында тұрған шыңға шығуға бірнеше ел мүдделі болыпты. Кеңес үкіметі бұл шың жеңістің тілекшісі болсын деп «Пик Победы» деп атап, соған шығуға бірнеше рет тырысқан. Тіпті Қазақ КСР-інің альпинистер командасының он бір адамы осы шыңға шығу сапарында ауа райы бұзылып, салқыннан үсіп, шыңнан ұшып өлген. 1957 жылы Қазақ физкультура комитеті альпинистер командасын жаңадан жасақтап, осы құрамға қазақ ұлтынан жалғыз мен кірдім. Мені орыстар киргиз-кайсак дейтін. «Мен — қазақпын!» деймін. Ақыры, сол шыңға шығып, мерейіміз үстем болды, — дейді ақсақал.

Бұдан кейін ол бір топ альпинистермен бірге Орталық Тянь-Шаньдағы  адам аяғы баспаған «Максим Горький» шыңына, биіктігі  6400 метрлік «Мраморная Стена», Инилчек мұздағының биіктігі 6000 метрлік Чапаев шыңдарына өрлеп, барлығы алпыстан аса тауға шығып, асулардан асқан.

Меркебай ақсақал 1959 жылы Шалқарға көшіп келеді. Мектепке жұмысқа орналасады. Бірақ сол уақытта қазақтан шыққан санаулы кәсіби альпинистердің бірі Меркебай ақсақалға тыным болмайды. Жас альпинистерге нұсқаушы ретінде дәріс беру үшін және әскери мақсатта нұсқаушылық жұмыстармен айналысу үшін бірнеше рет шақырту алады. Осының барлығын асқар тауды бағындыра алған қазақ абыроймен атқарады.

Кезінде мәңгілік мұз құрсауында жататын ақ бас тауларды бағындырған Меркебай Тағыбергеновтің өзі қазір асқар таудай ақ бас шал болған… Өткен күннің естеліктері болып суреттер мен сол кездері қыздар қызыққан төсбелгілер ғана қалыпты…

Төлегеннің қарындасы

Шалқарда ақын Төлеген Айбергеновтің қарындасы тұрады.  Нәбира Нағымбаеваның айтуынша, Төлеген оның аталас туысы боп келеді. «Мен — оның немере қарындасымын», — дейді.

Нәбира Төлегенді ең алғаш көргенде жасы 9-10-дағы бала. Ол кезде  Нәбираның ата-анасы Жамбыл облысының Үшбұлақ ауылында тұрған.

— Бір күні үйге жасы он тоғыз-жиырмалардағы шашы толқынды бұйра, сылыңғыр қара жігіт келді. Оның маған жақын бауыр болып келетінін түсінгеніммен,  аса мән бере қойғаным жоқ. Өйткені қолында бізге беретін кәмпит-пешенейі жоқ екен. Ал үйдің үлкендері,тума-туыстар қазан көтеріп, мәре-сәре болды да қалды. Ол кезде ағайым Ташкентте Низами атындағы педагогикалық институтта оқып жатыр екен. Бір-екі күн қонақ болған ағайыма үлкендер 200 сомдай қаржы жинап беріп, шығарып салды. Сөйтсек, ол ертеңіне екі қапшық кітап көтеріп, үйге қайтып келіп тұр. «Қажетіңе жарат, киім-кешек ал», — деп берген ақшаны кітапқа жұмсапты. Соны көрген әкей «осы кітаптан не қызық көрем дейсің?» деп кейіп, қайтадан жолына он бес сом ақша жинап беріп, ертеңіне Новосібір-Ташкент пойызына отырғызып жіберді. Төлегендердің Қарақалпақстанда Қоңырат жағында тұратынын естігенімізбен, қоян-қолтық араласқанымыз жоқ.

Тоғызыншы класта оқып жүргенде «Жұлдыз» журналынан өлеңдер оқыдым,  соңында «Төлеген Айбергенов, Сарыағаш ауданы» деп жазылған. Содан оны әкеме көрсеттім. Әкем маған жолыма он бес сом беріп, Төлегенге ауылдың дәмін салып, Сарыағашқа жіберді. Сұрастыра жүріп, Төлегеннің үйін таптым. Сол жылдары ол жұмысшылардың кешкі мектебінің директоры-ау деймін. Бірақ ағайым Алматыға, жеңгеміз төркініне қыдырып кетіп қалыпты. Көршілерінен үйінің кілтін алып, хатымды жазып, әкемнің берген сәлемдемесін қалдырып, ауылға қайттым. Сол уақыттарда Төлегеннің  кітабы шықты. Кейін ағайым сол уақытта Алматыға осы кітаптың шаруасымен кеткен шығар деп ойладым.

Тоғызыншыны бітірген жылы Төлеген мені әрі қарай өзім қолыма алып, оқытамын деп алып кетті. Сол жылдары Жұмабай Тәшеновтің шақыртуымен алдымен Қаскелеңге, сонан соң Алматыға көшіп бардық. Мектепті Төлегеннің қолында тұрып бітірдім. Енді ағайым мені Қазақ ұлттық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіремін деп, құжаттарымды жинастыра бастады. Бірақ демалыста ауылға, әке-шешеме барып қайтайын деп кетіп қалдым да, содан қайтып Төлегеннің үйіне барғаным жоқ, — дейді Нәбира.

Өйткені Нәбира Жамбылға өз үйіне келгенінде Шалқарда тұратын нағашы атасы Ниязғұл молда қыдырып келіп,  қатты науқастанып, еліне жеткізетін адамның реті болмағандықтан, Шалқарға жол жүріп кетіпті…

Шалқар Нәбираны сол келгеннен жібермей қалады. Қыстың қаттылығынан жолдың барлығы жабылып қалып, Шалқардың Шолақжидесінен  екі ай уақыт бойы шыға алмай, жергілікті Есмұхан деген жігітпен танысып, бас қосады.

— Ағайым өте кішіпейіл, досқа адал, өзім дегенге өзегін жұлып беруге даяр адам еді. Сырбай Мәуленов, Әбділдә Тәжібаев, Әсет Бейсеуов, Тоқаш Бердияров пен Өзбекстанда тұратын Өмірзақ Қожамұратовтармен, әсіресе, журналист Зәкір Асабаев пен Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановтармен етене араласты.

Ағайым өлең жазып отырғанында айналасын көк түтін қылып темекі тартып отыратын.  Сосын шамалыдан кейін арқырап өлеңінің бірінші шумағын дауыстап оқиды да, тынышталып қалады. Ондайда біз тыныш отыруымыз керек. Үрниса жеңгем мені «төрем» деуші еді, «Төрем-ау, дүкен аралап келейік» деп, сыртқа шығып кететінбіз. Сөйткен Үрнисаның да дүниеден өткеніне үш-төрт жыл болды…

Ағайымның менде бірде-бір кітабы жоқ. Суреттерін де сақтағаным жоқ. Осында біржола қалып қойғаннан кейін ағайымның менде бар суреттерінің барлығын өзіне салып жібердім. Көрсем, ішіме бір өксік тығылатын еді… Жақында Алматыдағы туыстарымыздың тойы болады. Соған барсам, ең болмаса, бір суретін алып келмесем… — деп көзіне жас алды апай.

Күләш

«Тепсе, темір үзеді» деген тіркес тура осы әйел туралы айтылған сияқты. Оны күйеуі де, ауылдастары да әзілдеп «Тең төраға» (төрайым емес) деп атайды. Расында, заты әйел демесеңіз, жасап жүргені ер-азаматтың тірлігі. Отбасы болып құрған «Тұрар» шаруа қожалығы, осы қайратты әйелдің «ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында» екен.

Күләш Сейітжапарова мен оның жолдасы Байғали Сейітжапаров Шалқар ауданындағы Жаңақоныс ауылының сорпаның бетіне шығар мықтыларының бірі. Екеуі үлкен ұлының атына қойылған «Тұрар» қожалығының тең төрағалары. Байқағанымыздай, қожалықтағы шаруалардың сыртқы «саясатын» жүргізетін Күләш екен де, ішкі жұмыстарын, Күләштің өзі айтпақшы, қой аузынан шөп алмас момын болса да, алтын мінезді жігіт, темірден түйін түйетін  Байғали мен ұлдары Ернар,Тұрар жасайды екен.

— Темір-терсектің тілін бір кісідей білемін. Техниканың арқасында шаруамыз оңға басып жатыр. Тракторымыз, шөп шабатын машинамыз, бір көлігіміз бар. Алдағы уақытта КамАЗ аламыз ба деп қоямыз. Шалым мен балаларымның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Мен оларды дипломсыз инженерлерім» деймін.  Қайрат Мұңайтпасов деген кісіден бір кітап сұрап алып, соған қарап төрт цилиндрлі аппаратуралық стенд жасап қойды. Алдағы уақытта осы стенд тұратын арнайы бір сарай салып бергім келеді. Бұл аппаратурамен трактордың моторындағы форсункаларының қалай жұмыс жасайтынын тексеруге болады. Бұрын осы форсункалар үшін Ақтөбеге барып, 9-10 мың теңгемізді босқа шығындайтын едік. Қазір жақсы болды, клиенттеріміз де көбейді. Сарыбұлақ, Айшуақ ауылдарынан, тіпті Шалқар қаласының өзінен, Бозойдан келіп, тракторын қаратып жатқандар көп.

Істің басында өзім жүрем. Шаруашылыққа қажетті көліктің «зәпчәстілерінің» бәрін білемін. Оларды Ақтөбеден өзім алып келем, Ақтөбеде жоқтарына Қытайға тапсырыс беріп алдыртамын. Биыл жазда тракторымызға «блок» табылмады, іздестіріп жүріп әрең таптым, — деп зуылдата жөнелгенде тура бір көлік жөндейтін шебермен сөйлесіп тұрғандай боласың.

Шынында, «дипломсыз инженерлердің» қолынан келмейтіні жоқ. Анау аппаратуралық стендісін аудандағы алыс-жақын ауылдардан арнайы іздеп келеді. Бензинмен жүретін көлікті дизельмен жүргізіп ала беретіні тағы бар. Ауылда телефон байланысы жоқ кезде ескіден қалған рацияны іске жаратып, аудан орталығымен, құмның ортасында жатқан малшылармен, шөпшілермен байланыс жасап отыратын. Рация қазір де іске жарап тұр. Күләш бізге қалбалақтап рациясын да, стендісін де, тракторын да көрсетіп үлгерді.

— Баяғыда жастау кезімізде тракторды да өзім айдап жүрдім. Қонақтан қайтқанда тракторды мен жүргізіп қайтатын жағдайлар болып қалатын, — дейді Күләш.

Осы жазда шаруа қожалығы 538 тонна шөп жинап алыпты. Жемшөпті ауылдағы мұқтаж адамдарға арзанға сатқан. Жалпы Күләш пен Байғали бастаған шаруашылық ауылдың, тіпті ауданның өмірінде болатын қоғамдық шараларға белсене араласады екен. Жақында баласы Тұрар өзінің баптаған жүйрігімен ауданда өткен ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне барып, жүлде алып келіпті.

Шаруашылықтың мың жарым гектар жері, қора толы малы бар. Күләш қолы қалт етсе, көрпе құрайды. Немерелерін бағады. Әйтеуір қарап отырмайды. Алтын асықтай екі ұлы мен көзінің ағы мен қарасындай екі қызының үшеуі аяқтанды. Кенжесі Ернар әке-шешесінің қолғанаты.

Күләштің қайраттылығын қазақтың кейбір бос белбеу еркектерінен емге таппайсың. Әйтпесе, шүйкедей әйел жеті баласы бірінен соң бірі шетінегенде жынданып кетпес пе еді…

Жыландар да ұшады екен…

Бұл — жасы жетпістің бесеуін алқымдаған Болат Халиков деген «жаман шалдың» пікірі. Өзі солай дейді. «Өзіңіз туралы айтыңызшы» десек, «Өзім туралы не айтамын, мен Шалқардың жаман шалымын» деп әзілдейді.

Болат атай расында жыланның ұшқанын өз көзімен көріпті. Ол аз болса, Ертісті жүзіп өтіпті. Оны аз десеңіз, Тянь-Шань тауының шыңдарына шығыпты. Оны да аз десеңіз, құдайдың қырық градус суығында қарды жалаң аяғымен басып, үстіне шелектеп салқын су құяды. Бүгінде сақалы алқымын жапқан мұндай кісіні шынында көпті көрген деуге болады.

Әлқисса…

Ол Шалқарда бір үйде бес қыздың ортасында еркелеп өсіпті. Мектеп бітірген соң Семейге барып білім алып, топограф мамандығын алып шығады. Өзбекстанның Бұқарасынан 93 шақырым жердегі Газли деген жерде жұмыс жасап, Қызылқұмның топографиялық картасын жасауға қатысады.

— 1959 жылы геологтарға Қызылқұмның ірі масштабтағы топографиялық картасы қажет болып, сонда бардық. Ол кезде жиырманың ар жақ, бер жағындағы жас жігіттерміз. Қу медиен дала, елу-алпыс градус ыстық. Күніне екі-үш сағат қана жұмыс жасауға мүмкіндік болады. Біздің алдымызда бірнеше команда жұмыс жасап, жиырма шақты күннен кейін шыдай алмай, кетіп қала берген. Біз де бір айға жетпейтін уақыт жұмыс жасап, шыдамай, кетіп қалдық.

Күн өте ыстық болатын. Күндіз құрт-құмырсқа түгелдей пана болар кішкентай көлеңке іздеп кетеді, жылан байғұстар бауыры күйіп жорғалай алмайтын болған соң, ытқып атылып секіріп жүреді, бір қараған адамға жыландар ұшып жүрген секілді болады. Күндіз аз уақыт жұмыс жасап келеміз де, кешке қарай екі-үш шелек шай ішіп алып, ұйықтайтын қапты қағып-қағып демаламыз. Қапты қаққанда ішінен шықпайтын нәрсе жоқ, құрт-құмырсқа, жылан, қарақұрт, құдай сақтасын, бәрі жыбырлап түсіп жатады. Олар күндіз көлеңке таппаған соң осында келіп тығылады екен ғой. Ал түнде тісіміз тісімізге тимей, сақылдап тоңып жатамыз. Климаты сондай күрт континенталды еді. Сондай жерде жүріп шынықтық, — дейді.

Ал Семейде оқып жүргенінде мамыр айының қақ ортасында өзеннің бетінде шұға мұздар жүзіп жүргенде қыздарға мықтылығын көрсетейін деп, Ертісті жүзіп өтіпті. Кейін Алматыдағы №6 Қазақ аэрогеодезиялық кәсіпорнының алпысыншы топографиялық құрамымен бірге осы Ертісті резеңке етігімен кешіп жүріп топографиялық карта жасау жұмыстарына қатысқан. Топографиялық топтың құрамындағы жиырма бес адамның он екісі ғана комиссияның іріктеуінен өтіп, денсаулығы жақсы деген он бір адаммен бірге Тянь-Шань тауының биіктігі бес мың метрге дейін жететін шыңдарында да жұмыс жасайды.

—  Мен осындай жерлерде болып, әбден шыныққан адаммын. Кейін Шалқарға келіп, бұл жұмыстарды жалғастырғанда ауылдық, далалық жерлерге көп шығамыз ғой. Сонда алыстағы малшылар ауылдарына шыққанымызда күннің ыстығына шыдай алмай, шелектеп үстімізге мұздай су құйып алатынбыз. Қасымдағылар мені «Ой, Бәке, ой, Бәке, бәрекелді!» деп аяғымды жерге тигізбей мақтайды, мен одан сайын есіріп, үстіме су құя түсемін. Содан Мұғалжар тауына барамыз, мен бұлақ суына жуынамын. Жігіттер «Бәкеңнің денсаулығы күшті», —  деп мені одан сайын мақтайды, мен одан сайын есіре түсемін. Қысқасы, қазір қыстың қырық градус аязында сыртқа жалаң аяқ шығып, үстіме мұздай су құйып, жуына беремін. Бұдан денең шынығып, ауруға берілмейтін боласың. Мен өмірімде дәрігердің алдына бір рет бардым. Онда да соқырішек болғанда ғана, — дейді «морж» ақсақал.

Болат ақсақал мүлде жылы суға жуынбайды екен. Қыста есік алдына жалаң аяқ шыға береді, көшеде жеңіл киініп жүреді. Тек кемпірінің «ұят боладысынан» кейін амалсыз жылы киініп алады екен. Кемпірі екеуі тоғыз бала өмірге әкелген. Қазір жетеуі аман, жан-жақта тұрып жатыр. Үлкен қызы Халида қырық төрт жаста, ол да әкесі сияқты «морж», қыста салқын суға жуына береді.

—  Ең бастысы бұған денені бірте-бірте үйрету керек. Бірден кірісем деуге болмайды. Мұздың үстіне тұрмауға тырысу керек, мен қарға тұрамын. Сосын суды басқа емес, иықтан бастап құяды, —  дейді Болат ата.

Шалқардың алатаудай шалдары

Шалқардың шалдары мықты. Басқалардай емес,  аудан, қала әкімдеріне ауыл-елдің проблемаларын айтып, «тыным бермейді» екен. Біз барғанымызда қала әкімі Ербол Данағұловқа «жиналыс жасауымыз керек, бір мәселе бар» деп есігінің алдын күзетіп тұрды.

Ербол оларды «біздің агенттерміз» дейді әзілдеп. Расында да, солай. Тентек Шалқардың текті шалдары ауылдастарын тәртіпке, тазалыққа шақырып жүреді. Қаладағы болып жатқан жағдайларды кейде басшылық білмей, байқамай қалуы мүмкін, сондайда көмекке осы ақсақалдар келеді.

Қала әкімдігінің жанынан құрылған ақсақалдар алқасында бірнеше адам бар, олардың әрқайсысының атқаратын міндеті, жауап беретін саласы бар. Мысалы, Бақытжан Иманқұлов кеңестің төрағасы, Ермек Нығметов сауда орындарындағы азық-түліктің, қызметтердің бағасын қарап отырады, Әбжан Смағұлов пен Болат Халиковтер дін мәселесін қадағалайды, Бердімжай Еңсепов балалар тәртібі жөніндегі мәселелерге араласса, Сегізбай Жолдасов «Шалқар шаһары» деген газеттің редакторы. Басқа қарттар да қарап жүрмейді, олардың бәрі де жер бетінде болып жатқан жаңалықтан хабардар, қай жерде не болып жатыр, мәселелер қалай шешіліп жатыр, барлығын бақылап отырады. Және екі айда бір рет қала әкімімен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселелерге сай, сол салаларға жауап беретін мекемелердің басшыларын шақырып, жиналыс жасайды.

—  Жақында нан мен моншаның бағасы қымбаттап кетті. Бұған жауап беретін адамдармен сөйлесіп, бір келісімге келіп, бағасын түсірген де осы ақсақалдарымыз, —  дейді қала әкімі.

Ақсақалдар алқасынан бөлек осы үлкендердің біразы кіретін тазалық комиссиясы бар. Қаланың әрбір ауданында тұратын олар көшені ластайтындарды тура «қылмыс үстінде» ұстап алады. Соның нәтижесінде қала тазарды. Тіпті былтыр Шалқар облыс бойынша шағын қалалардың ішіндегі ең таза қала атанды.

—  Жергілікті әкімдік қолынан келгенше бізге көмектеседі. Бірақ әкімшілікке бағынбайтын монополист-мекемелермен келісімге келу қиын. Мысалы, көптен бері бізді газдың техникалық қызмет көрсету дейтіні мазалайды. Қазақта «арық атқа қамшы ауыр» деген сөз бар. Газға техникалық қызмет көрсетуге екі-үш мыңнан ақша алғанша соны неге тарифке қосып жібермейді? Бұл — бір. Екінші бір мәселе, біз газдың есептегіш құралын тексерту үшін міндетті түрде Ақтөбеге баруымыз керек. Халық екі ортада сабылып жүреді. Неге ауданға сол құралды тексеріп беретін бір сауатты адам келмейді? Осы мәселе шешілсе екен, —  дейді ақсақалдар. Суға, жолға қатысты да мәселелер айтылды.

Қызығы, қарттар өздерінің ұйымдастыруымен «Шалқар шаһары» деген газет шығарады. Газет ақсақалдар алқасының құрылтайшылығымен айына бір рет төрт беттен тоқсан тоғыз данамен басылады. Ішінде аудан мәселелерімен бірге би-шешендердің сөздері, т.б. жарияланады. Бұл ақсақалдардың ішіндегі ең жасы алпыс үште, үлкендері сексеннен асқан…

«Үлкеннің алдын кескен көрінбей қалады, кішінің алдын кескен көмілмей қалады» деген мақал бар. Облыстағы ең жас әкім, отызға да толмаған Шалқар қаласының әкімі Ербол мен «ең жасы» алпыс үштегі ауылдық кеңестің қарттары бір-бірінің алдын кеспей, тірлік кешіп жатыр. Үлкенді сыйлайтын халыққа аузы дуалы қарттың сөзі өтімді болады. Ендеше, бұл да ел басқарудың жазылмаған бір үлгісі болса керек…

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе-Шалқар-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button